16:55, 09 Сәуір 2009
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сәуірдің 15-19 аралығында Қытайға мемлекеттік сапар жасайды
АСТАНА. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қытай Халық Республикасының төрағасы Ху Цзиньтаоның шақыртуымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сәуірдің 15-19 аралығында Қытайға мемлекеттік сапар жасайды.
Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте ҚХР-дың Қазақстандағы елшісі Чен Гопин мәлім етті деп, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Өзінің сапарының барысында Президент Н. Назарбаев ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаомен келіссөздер жүргізеді. Халық өкілдері Бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы У Бангомен және ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Вэнь Цзябаомен кездеседі. Содан кейін Боао форумы аясындағы саммитке қатысып, маңызды баяндама жасайды», деді Қытай Елшісі. Оның айтуынша, сапар кезінде Н. Назарбаев пен Ху Цзиньтао қытай-қазақ стратегиялық серіктестігін алдыға жылжыту, түрлі салалардағы іскерлік іс-қимылдарды тереңдету мәселелерін егжей-тегжейлі талқылайтын болады.Сонымен қатар, ортақ қызығушылық тудыратын маңызды өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасады. «Н. Назарбаевтың Қытайға жасайтын бұл 16-шы сапары, сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастардағы маңызды оқиға болып табылады. Қытай тарапы бұл маңызды оқиғаға зор мән береді және оған тиянақты дайындық жүргізуде», деді Елші. Оның сөзіне қарағанда, сапар барысында Қытай мен Қазақстан арасындағы түрлі салалардағы бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылатын болады. Ол құжаттардың ішінде несие беру және энергетикалық ынтымақтастық мәселелері де бар. Сонымен қатар мемлекет басшылары Бірлескен коммюнике қабылдайды деп күтілуде. Онда екіжақты, өңірлік және халықаралық форматтағы ортақ ұстанымдар көрініс табады. Сонымен қатар, сапар барысында бірқатар ведомствоаралық құжаттарға да қол қойылу жоспарлануда. «Бірқатар құжаттар қазіргі таңда келісіліп жатыр, соған қарамастан сапарға дайындық барысына қарап Н. Назарбаевтың сапары маңызды және жемісті болады деп айтуға, Қытай мен Қазақстан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді деуге толық негіз бар», деді Қытай Елшісі.