* * *
Құрметті қауым!
Қадірлі Әбіш Кекілбайұлы!
Бүгін еліміздің мәдени-рухани өміріндегі жарқын да жарасымды, абзал да ардақты, мерекелі күннің бірі. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, сөз өнерінің сардары, қазақ әдебиетінің саңлағы Әбіш Кекілбайұлы 70 жасқа толып отыр. Мағыналы ғұмырының мазмұнды шақтарын, өнегелі өмірбаянының өміршең беттерін табиғи талантымен өрнектеген, еңбек жолдарын халқының ғұмырнамасымен өзектес өрген айтулы дарын Әбіш Кекілбайұлы осындай тамаша да тағылымды күнді бізбен, бүгінгі замандастарымен, бірге қарсы алып отыр.
Жемісті жылдар мен жеңісті жолдарды жалғаған жайсаң жасыңыз құтты болсын, қадірлі Әбеке!
Кекілбаевтың творчестволық табыстарын, бұл салада шыққан шыңдарын, қыруар еңбектерін зиялы достары айта жатар. Менің айтарым басқа.
Ата-бабамыз армандап өткен ұлы күнге - Азаттық пен Еркіндікке қол жеткізген тарихи кезеңде тізе қосып, Тәуелсіз күндердің жарқын жылнамасын жазуға атсалысқан жандардың ішінен мен Әбіш Кекілбайұлы есімін әркез риза көңіл, риясыз сезіммен айта жүремін.
Бүгін есіме 1991 жылғы желтоқсан айында Алматы қаласындағы Республика сарайында өткен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентін ұлықтау салтанатындағы Әбіш Кекілбайұлының сөзі оралып тұр. Сонда жұртымыздың алдында тебірене сөз саптаған Әбекең: "Ойдағымыз болды. Ортамыз толды. Төбедегі келді. Төрелескенде де ренжитін ретіміз жоқ. Тек ұзағынан сүйіндіргей. Ақ жолдың алдындамыз. Үлкен тілектің үстіндеміз", деп толғаған еді. Қуаныштан көкіректері атой салған салтанатты қауым бұл сөзді "бәрекелді" деп ақ тілек, аппақ батадай қабылдап, қостаған болатын.
Мемлекет құру деген ауыр шаруаларды, күрделі міндеттерді жүзеге асыру кезінде менің жанымда қажет кезінде Әбіш Кекілбайұлы бірге болды. Жаңа тұрпатты, бүгінде 18 жасқа толып отырған тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихи өмірбаянын бірге жазысуға атсалысты. Менімен сапарлас болған серіктерімнің ішінде мен Әбіш Кекілбайұлы есімін ерекше атаймын. Әбекең қай қиырға салсам да, қиядан көрінді, қай тереңге салсам да бойлап та, ойлап та шыға білді. Ойымдағының орайын тапты, қай істе де қайраткерлік пен ерік-жігердің үлгісін көрсетті. Мемлекеттік-қоғамдық қызметтің аласапыран арасында жүріп, қаламын одан әрі ұштай білді. Қазақ әдебиетінің ғана емес, қазақ саяси ойлау жүйесінің жаңа белестерін қамтитын сындарлы толғаулар мен салдарлы мақалалар жазды, ел мен жердің бүгіні мен ертеңі туралы көсілген ой, көсем сөз тудырды. Тіл тағдырын, діл тағдырын, дін тағдырын ұштастырған ұлағатты пікірлері мен ұрымтал ойлары жұртының жүрегіне жетті.
Аргентинаның атақты қаламгері Хорке Луис Борхестің бір сөзі еске түседі: "Әдебиет дегеніміз - басқаруға болатын түс көрушілік". Бізде әдебиет дегенді әсіре қызыл сөз, міншілдік пен күншілдіктің кезектен түспес кіршең қаруы деп түсінетіндер де бар. Ал шын мәнінде әдебиет - жаныңды жақсы әсерге бөлейтін, ойың мен санаңды сергітетін, арманың мен қиялыңа қанат байлататын, үмітің мен байламыңа жол сілтейтін құдіретті күш. Шын әдебиетті шынайы таланттар тудыратыны содан да болса керек. Әлің келсе, әдемі түс көр. Бұл тұрғыдан келгенде, жаратқан Әбіш Кекілбайұлына осындай мүмкіндік пен қабілетті қапысыз берген.
Ақиық ақын Мұқағали: "Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын" деп жазса, Әбіш Кекілбайұлы қазақтың қара сөзін жаһанданудың жауһар бөзіне орап, шындықтың шапанын әдіптейді. Ата сөздің азаттыққа шыққан сәтінде оған әлемдік қауымдастықтың өңін одан әрі кіргізетін қолтаңба салады.
1982 жылы Германияның "Фолк унд велт" (Wolk und welt) баспасы жиырмасыншы ғасырдың үздік 100 қаламгерінің тізімін жасап, портреттерін түзді. Сол тізімдегі Арагон, Антуан де Сент Экзюпери, Тагор, Шолохов, Стейнбек, Пастернак, Сименон, Кальвино, Неруда, Айтматов, Ғамзатов, Маяковский, Блок, т.б. атақтылардың арасында біздің Әбіш Кекілбайұлы да тұр.
Тәуелсіз жылдардың "Елең-алаң" шағында "Үркердей" боп көрінген Егемендік пен Бостандықтың алтын тұғыры "Азаттықтың ақ таңына" ұласты. Бұл әдеби жылнама тәуелсіз мемлекетінің мәртебесін көтеруге барынша атсалысқан азамат-қаламгердің өмірбаяны ғана емес, Отанымыздың да өмірбаяны.
Біз ел болып бірлесе, бір жағадан бас, бір жеңнен қол, бір ауыздан сөз шығарып, тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіте алдық. Жаңа мыңжылдықтың жаңа парағын аштық. Халқымыздың ауыз бірлігі мен еңбекқорлығының арқасында осынау 18 жылда ғасырға тең жылдарды артқа тастадық.
Міне, осы жетістіктер мен табыстардың барлығы да еліміздегі есімі белгілі азаматтардың ерен еңбектерінің нәтижесінде жүзеге асты. "Біткен іске сыншы көп, бітірген ердің кемі жоқ" дейді ғой халқымыз. Осындай еліміз үшін аса маңызды тарихи сын күндерде менің жанымда болып, жасампаздықпен еңбек еткен қолдаған, қиын-қилы күндерде адалдығын көрсеткен азаматтар баршылық. Сондай серіктес жандардың маңдай тері мен қосқан үлесін осындай алқалы жиын, абыройлы кештерде айту да бір ғанибет.
Ел бастау қиын болмайды, еретін халқың болса, қол бастау қиын болмайды, халықтық салтың болса, жол бастау қиын болмайды, жаныңды ұғар жолдасың болса. Осындай жақсы дос, пиғылдас әріптес менің жанымда жетерлік. Мен осыған қуанамын. Арқамды арлы халқыма сүйеп, жасқанбай қимылдаймын.
"Басқару дегеніміз - түзеу", деп Конфуций данышпан айтқандай, біз қателесе жүріп, түзедік, түзелдік. Бірімізден біріміз үйрендік. Бірімізге біріміз сабақ бердік. Сөйтіп, тәуелсіздіктің тал бесігін тербетіп, балаң бостандықтың бесік жырын қуатты маршқа айналдырдық. Ол "Менің Қазақстаным" болып асқақтады. Сол халықтық қуатты хордың жеке дауысты орындаушысы болған шағымда Әбекең де қасымда болды. Сенімді дос, серіктес жолдас, сезімтал бауыр бола алды.
Мемлекеттік кеңесшім, ұлттық саясаттың ұраншысы болды. Кәсіби парламенттің тұңғыш төрағасы болды, ел парламентаризмінің қалыптасуына үлес қосты. Мемлекеттік хатшы болды. Қай қызметтің тізгінін ұстаса да жоғары жауапкершілік, өз халқына деген перзенттік парыздан айныған жоқ.
Мен осынау жылдарда талай азаматтарды жаныма тарттым, жақсы қызмет беріп, мәртебелерін өсірдім. Олардың елге танылуына жағдай жасадым. "Бес саусақ бірдей емес" дегендей, өкінішке орай, солардың кейбіреулері тапсырылған қызметті ойдағыдай алып жүре алмай, әлсіздігі байқалған кезде жұмыстан алғанымда, орынсыз өкпе танытып, барлық іске де, өз еліне де қарсы шығып жатады. Бізде қызметтен кеткенде ғана "білгір де іскер" болып көрінетіндер де бар. Әбекең ондай осалдық көрсеткен жоқ. Әрқашан азаматтық биіктен көрінді.
"Аттан түскен ақырет емес, тақтан түскен тақсырет емес. Өз басыңнан бақ ауса да халқыңның басынан бақ аумасын", дейді Әбіш Кекілбайұлы.
Әбекең - әлемдік өркениеттің ортақ қазынасына олжа салған суреткер. Көркем ойдың, көркем әдебиеттің көсемсөзге жол берген тұсында ол ел-жұртына үлгі беретін үрдіске қол артып, уақыт мінберіне көтерілді. Ағынан жарылды, адалынан сөйледі.
Әлі де қоғам мен қауымды толғандырған келелі мәселелерде кең толғар пайым қажет болғанда, қаламына қайраткер сөз ұштап, шынайы пікірі мен шырайлы бәтуасын жайып салады. Жұртының мүддесі үшін жазары таусылмаған жазушы болу да бір бақыт қой. Шіркін-ай, осындай қазақ көбірек болса екен деп тілеймін!
"Өз мемлекетіңнің тәуелсіздігін қастерлеу, өзің тұратын елдің егемендігін құрметтеу - тек патриоттық парыз ғана емес, үлкен гуманистік жауапкершілік... Мың жылдап күткен арманды бір күнде жүзеге асыра салмасымыз белгілі. Олай болса, уақытша қиындықтарға бола мәңгілік мұраттарымызды тәрк ете алмаймыз. Тәуелсіз еліміздің көгеріп-көркеюі жолында күш-жігерді аямаймыз", деп жазады бір мақаласында Әбіш Кекілбайұлы.
Бұл - оның азаматтық адал сыры. Мен бұған қапысыз иланамын. Ендеше, Әбіш Кекілбайұлының халқына бергенінен берері әлі де көп деп сенемін. Сондықтан да бүгінгі той тек Әбіш Кекілбайұлының емес, күллі қазақ мәдениеті мен өнерінің, қазақ руханиятының тойы.
Салтанатыңыз жарассын, саңлақ суреткер!
Тойымыз тойға ұлассын, ардақты ағайын.
* * *
Мен бүгін мынандай Жарлыққа қол қойдым:
Қазақстан Республикасын әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері, белсенді қоғамдық қызметі, мәдениет пен әдебиетті дамытудағы айрықша үлесі үшін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әбіш Кекілбаевқа "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілсін.
Осы жоғары награданы тапсыруға рұқсат етіңіздер.
(«Егемен Қазақстан». Желтоқсанның 8-і).