Елбасы өзінің кезекті Жолдауында уақыт талабына бейімделген жоспар ұсынды - С.Айнақұлов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ел ертеңін ойлап, ұлт қамының болашағына алаңдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кезекті Жолдауында уақыт талабына бейімделген жоспарын ұсынды. Бұл пікірді ҚазАқпарат тілшісіне Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті ректоры аппаратының хатшысы Санат Айнақұлов білдірді.

«Ұлт көшбасшысының ертеректе көрегендікпен қозғаған мәселелері бүгінгі жаһандық дағдарыста көрініс табуда. Олай дейтініміз Елбасы өзінің алдыңғы халыққа арнаған Жолдауларының бірінде «кәсіпкерлік атадан балаға мирас болып қалу керек» деген болатын. Яғни отбасылық кәсіпкерлікті жандандыру қажеттігіне баса назар аударды. Сонымен қатар шикізатқа тәуелділіктен құтылу, жекешелендіру саясаты тұсындағы қарама-қайшылықты жою сияқты мәселелерді де көтерген еді», - деді ол.

Оның пайымынша, Президенттің шағын кәсіпкерлікті дамыту туралы құнды идеясына ерекше мән беруге тиіспіз. Себебі, халқының кәсіпкерлік санасы биік деңгейде дамыған мемлекет қана экономикалық өркендеуге тез арада қол жеткізе алады. Қазақстан азаматы кәсіпкерліктің қыр-сырларын терең түсіне бастағанда ғана өзінің әл-ауқатын жақсартып, керемет ойларын іске асыру арқылы табыс таба алатын болады.

«Сонымен қатар, кәсіпкерлік санамен бірге азаматтардың бойында қаржы мәдениетінің қалыптасуы да басты шарт. Өйткені, әсіресе қазіргі жаһандық дағдарыс кезіндегі отбасылық бюджет пен қаржы қызметтерін дұрыс басқарудың ептіліктері мен дағдылары ауадай қажет. Халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін жаңа деңгейге көтеру мемлекетіміздің күн тәртібіндегі басты мәселелерінің біріне айналуы тиіс. Егер де сонау ерте тарихқа көз жүгіртер болсақ, көбінесе елшілердің қызметін саудагерлер яғни кәсіпкерлер атқарғандығын аңғарамыз. Себебі саудамен айналысқан адам ашық, тез тіл табысқыш, жан-жақты өмірге бейім болған. Бүгінгі таңда да еліміздің елшілік қызметтегі лауазымды тұлғаларына тек дипломатиямен айналыспай, инвестиция тарту жұмыстарын қызу жүргізу міндеттелгендігі бекер емес», - деді С.Айнақұлов.

Оның айтуынша, кәсіпкерлік қағидаттарын игерген адамның жалпы өмірдегі көзқарасы да, болмысы да өзгереді. Болып жатқан экономикалық құбылыстар мен өзгерістерге байыпты, сауатты баға бере алады.

Елбасы айтып өткендей, «Көрпеге қарап көсілу» - бұл, әсіресе, жаһандық дағдарыстың ықпалы жағдайында біз үшін тексерілген қағидат және бюджет саясатының дұрыс моделі. Сонымен қатар Мемлекет басшысы - «ірі өңірлік жобалар айналасында шағын және орта бизнесті дамыту керек. Сондықтан, кәсіпкерлікті қолдаудың «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы макроөңірлердің инвестициялық бағдарламаларының бір бөлігі болуы тиіс, кәсіпкерлікті дамыту үшін микронесиелеу кеңеюде», деп пайымдады. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында Елбасының тапсырмасымен шағын және орта кәсіпкерлік үшін әкімшілік кедергілер жойылуда, ал ендігі кезекте салықтық режімдерді оңтайландыру қолға алынбақ. Нәтижесінде - тек үш деңгей ғана қалдырылу арқылы олар - жалпы, жеке кәсіпкерлер үшін патент және шағын және орта бизнес, сондай-ақ, аграрлық сектор үшін арнайы салық режімі болмақ. Мінеки Президентіміздің осындай терең ойлы экономикалық саясатын қолдау арқылы әрбір Қазақстандық кәсіпкерлікті дамыту бағытында тағы да бір оң қадамдар жасауға ұмтылыс жасаулары тиіс деп санаймын», - деп түйіндеді сөзін ол.