«Ташкент-2» әуежайында Мемлекет басшысын Өзбекстан Президенті Ислам Каримов және Өзбекстанның жоғары лауазымды адамдары, сондай-ақ ҚР-ның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бөрібай Жексембин қарсы алды.
ҚР Президентінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, жұма күні, 14 маусымда күннің алғашқы жартысында Қазақстан мен Өзбекстан басшылары шағын және кеңейтілген құрамдарда келіссөздер жүргізеді. Одан кейін бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою жоспарлануда.
Қазақстан Президентінің «Тәуелсіздік және гуманизм» мемориалына гүл шоқтарын қоюы, сондай-ақ Төле бидің кесенесі орналасқан «Шейхантахур» кешенінде болуы көзделген.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы сапар аясында Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшілігі жаңа ғимаратының, сондай-ақ, Ташкентте қазақтың ұлы ағартушы-ақыны Абай ескерткіші ашылуының салтанатты рәсіміне қатысады.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 23 қарашада орнатылғанын атап өткен жөн. Екіжақты қатынастардағы негізгі құжат Мәңгі достық туралы шарт және Экономикалық ынтымақтастықты тереңдету туралы шарт болып табылады. 2012 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 млрд.75 млн. АҚШ долларына жетіп, 9,6% өсімді көрсетті.