Елбасы: Саяси мемлекеттік қызметші болу - мәртебелі міндет

АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - Саяси мемлекеттік қызметші болу - мәртебелі міндет. Бұл туралы бүгін Ақордада бірқатар саяси мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдау рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

«Сіздер үшін бүгінгі күн өте ерекше деп санаймын. Салтанатты ант беру рәсімі қызметшілерді үлкен жауапкершілікке жүктейді. Президенттен бастап, барлық мемлекеттік қызметшілер осылайша халыққа ант беріп, әділ де жан аямай қызмет істеуге дайын екенін көрсетеді. Тәуелсіз елімізге, туған халқымызға адал қызмет ету баршамыздың міндетіміз болып табылады. Ант берген лауазымды қызметкерлер мемлекетке бар күш-жігерін жұмсауға тиіс. Мемлекеттік саяси қызметші болу - мәртебелі міндет»,-деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы антқа адалдық бабаларымыздан жалғасып келе жатқан айнымас салтымыз екенін қадап айтты. «Сіздердің жемісті жұмыстарыңыз, елеулі еңбектеріңіз қашанда бағаланатын болады. Бүгінгі берген анттарыңызға сай халқымызға адал еңбек етеді деп сенемін»,-деп түйді Н. Назарбаев.

Айта кетейік, бүгін ақордада 17 саяси мемлекеттік қызметкер ант қабылдады.