ЕЛБАСЫ ТАПСЫРМАСЫН ОРЫНДАУ ЖОЛЫНДА: ҚР Үкіметі бюджеттік қаржының игерілмеуі мәселесін шешуге білек сыбана кіріспек

АСТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат - 11 қазанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев министрліктер мен ведомстволардың жұмысындағы кемшін тұстарды атап, маңызды мақсат-міндеттер бойынша бірқатар тапсырмалар берген болатын. Содан бері Үкімет жүктелген тапсырмаларды орындауға қызу кірісіп кетті.

Атап айтқанда, араға екі аптадан астам уақыт салып, яғни бүгін Қаржы министрі Болат Жәмішев Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өзі басшылық етіп отырған министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндап берді. Осы орайда министр мырза мемлекеттік сатып алулар жүйесін жетілдіру, бюджеттік қаржының игерілмеуі проблемасы мен оны шешу жолдары, мемлекеттік меншіктегі нысандар жайында сөз қозғады. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Болат Жәмішев алдағы уақытта мемлекеттік сатып алулардың бірыңғай ұйымдастырушысы құрылатынын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, аталған міндетті министрлік құрамындағы комитеттердің біреуі атқаруы мүмкін. «Негізгі мақсат - мемлекеттік сатып алулар саласындағы тәртіп бұзушылықты болдырмау. Бірыңғай ұйымдастырушы мемлекеттік сатып алуларды арнайы конкурстар мен аукциондар арқылы өткізетін болады», - деді Б. Жәмішев. Министр атап көрсеткендей, конкурстық комиссияларды министрлер басқарса, жергілікті жерде әкімдер жетекшілік етеді. Айта кетейік, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент бюджеттік қаржының игерілмеуі проблемасын баса айтқан еді. Осы орайда алдын ала деректер бойынша қаржыны толық игермеу көлемі 150 млрд. теңгеге жеткен екен. Бұл тұрғыда Қаржы министрлігі тиісті есеп-қисап мәліметтерін келтіріп, мемлекеттік қаржының игерілмеуінің негізгі себептерін атап берді. Белгілі болғандай, ағымдағы жылдың соңында игерілмей қалатын бұл қаржының 72,1 миллиарды, яғни 48 пайызы үнемделген қаржы болып саналады. Оның ішінде мемлекеттік сатып алулар барысында үнемделген ақша, кейбір құнды қағаздар бойынша берілмеген сыйақы және қаржы лизингі саласында келісімшарттардың аздығы бар. Сондай-ақ үй жануарлары арасында аса қауіпті аурулардың таралмауы, фермерлердің мал шаруашылығын дамыту ісіне өтініш бермеуі, жұмыспен қамту шараларына аз адамның қатысуы, зейнетақы мен жәрдемақы төлемдерінің үнемделуі игерілмей қалған қаржының ұлғаюына әсер еткен көрінеді. Министр атап көрсеткендей, тағы 70,8 млрд. теңгенің игерілмей қалуына тиісті себептер бар. Оның аясында іске аспай қалған конкурстар, келісімшарттардың орындалмауы, іс-шаралар жоспарының өзгеруі, нормативтік актілердің дер кезінде қабылданбауы және басқа да себеп-салдар қамтылып отыр. Б. Жәмішев бұл мәселе төңірегінде Қазақстанда осы бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне мемлекеттік жобалардың қаржыларын басқару мүмкіндігін енгізу жоспарланып отырғандығын сөз етті. Қазіргі кезде Парламентте Бюджеттік кодекске тиісті түзету енгізу қарастырылып отыр. Бұл түзетулерде бюджеттік бағдарламаларды ірілендіру мүмкіндігі мен үш жылдық бюджет аясында аталған бағдарламалардың әкімшілеріне қаржыны басқару мүмкіндігін беру қарастырылуда. Себебі бюджеттің орындалмауы негізінен даму бюджеті қаржысын игермеу есебінен орын алады. Қаржы министрінің атап өтуінше, республикалық бюджет есебінен қандай да бір құрылыс жұмысын уақытында өткізбеудің салдары ірі көлемдегі қаржының игерілмеуіне алып келеді. «Өздеріңіз білесіздер, ірі нысандар салынуда және белгіленген кестеден құрылыс жұмыстары кешеуілдеген жағдайда әрқашанда ірі сомада бюджеттің орындалмауы туындайды. Себебі бұлар негізінен өте қымбат нысандар», - деді ведомство басшысы. Заңнамадағы түзетулерге сәйкес, үш жылдық бюджет аясында бағдарламалар әкімшілеріне алда келе жатқан жобалар қаржысын ағымдағы жылға, ал қалыс орындалып жатқандардың қаржысын алдағы жылдарға ауыстыру ұсынылуда. Мұнымен қоса, еліміздің бас қаржыгері салынып жатқан мемлекеттік нысандар құрылысының қымбаттауы мәселесі типтік жобаларды әрдайым қайта қарастыру жолымен шешілуі тиіс екенін алға тартуда. Бұдан бөлек, ел ішінде алкоголь ішімдіктерін ауқымды көлемде пайдалану проблемасын шешу мақсатында Үкімет аталған өнімді шығаратын зауыттардың жүктемесіне регламенттеуді енгізуді жоспарлап отыр. Осы бағыттағы тиісті заң жобасы Парламент қарауына биыл ұсынылады. «Президент алкогольдік лобби күші жайында айтқан болатын, ондай жәйттер бар. Үкімет тиісті заң жобасын бастапқы жоспар бойынша 2015 жылы емес, ағымдағы жылы енгізуге ниетті», - деді министр. Оның сөзіне қарағанда, бұл заң жобасы алкогольдік өнімді сату уақыты мен орнын реттеуді қарастырады. Бұдан бұрын хабарланғандай, өткен аптада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаев алкоголь өнімдерінің айналымын реттеу туралы жаңа заң жобасы ағымдағы жылдың соңына дейін қабылдануы мүмкін екенін айтқан болатын. Жаңа құжаттың толық атауы - «ҚР Алкоголь өнімдері мен этил спиртін өндіру және оның айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы. Оған сәйкес, кешкі сағат 21:00-ден бастап күндізгі 12:00-ге дейін дүкендерде алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салу жоспарланған. Ондай тауарлар тек 21 жастан асқан азаматтарға ғана сатылады. Сондай-ақ алкоголь өнімдерінің акциздік салығы көтеріледі. Дегенмен, ол шара ішімдіктің нарықтық бағасына айтарлықтай әсер етпейді. Қазіргі кезде біз аталған заң жобасы бойынша тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Бәрі дұрыс болса, желтоқсан айына дейін оны Парламенттің қарауына енгіземіз. Бәлкім, биыл оны қабылдайды. Онда заң жаңа жылдан бастап күшіне енеді», - деп атап көрсетті Ә.Жұмаділдаев. Атап айтқанда, Қаржы министрі сонымен қатар Қазақстанда мемлекеттік органдар балансындағы шаршы метрлерді жекешелендіру мәселесіне тоқталды. «Президеттің тапсырмасына сәйкес, Қаржы министрлігі бұл жұмысты басшылыққа алып, 18,5 мың мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың аудандарын тексердік. Мен өзім жетекшілік еткен комиссияда 567 мың шаршы метр бойынша шешім шығарылды. Оның ішінде 47 мың шаршы метр бойынша біз ешқандай да ұсыныс бермеуді ұйғардық. Олар балансты ұстаушылардың иелігінде қалдырылды, яғни бұл асхана, ТЖМ қоймалары секілді нысандар. Бұл тұрғыда осы аудандармен (47 мың шаршы метр жайлы) қандай да бір әрекет етудің реті жоқ. Ал қалған 520 мың шаршы метрге тоқталсақ, оның 113 мың шаршы метрін әлеуметтік нысандарға беру туралы комиссиялық шешім шығарылды. Нақтырақ айтқанда, олар балабақшалар, шағын орталықтар, тұрғын үй қоры, оқушылар лагері, мәдениет үйлері, медициналық мекемелер, мектептер, спорттық мекемелер мен кітапханалар ретінде қамтылмақ»,- деді министр. Сондай-ақ 305 мың шаршы метр ауданды жекешелендіруге беру шешімі қабылданған екен. Ведомство басшысының айтуынша, бұл тұрғыда Президент 250 мың шаршы метр туралы атаған еді, комиссия өз кезегінде 418 мың шаршы метр бойынша шешім шығарды. «102 мың шаршы метрді мемлекеттік органдар арасында үлестіру шешілді. Яғни, бізде бірқатар ұйымдар артық аудандарға ие, ал басқалары шаршы метрлерді жеке ұйымдардан жалға алуға мәжбүр. Сондықтан да артық шаршы метрлерді қажеттілікті сезініп отырғандарға бөліп беру жөнінде ұйғарылды», - деді Б. Жәмішев.