ОРАЛ. Қарашаның 26-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Елбасы тапсырмасына сәйкес қазіргі таңда бәсекеге қабілетті, жоғары білікті маман даярлаудың маңызы зор. Осы орайда Президенттің Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінде оқыған дәрісін барлық жоғары оқу орындары басшылыққа алуы тиіс.
Бұл туралы М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Әсел Бердіғалиева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, осы бағытта университеттегі экономика институтында барлық жағдай бар. Студент терең білім алуы үшін, әрине, оқытушылар білікті болуы қажет. Бұл ретте институт директоры Галина Нестеренко бастаған ғалымдар жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана білуде. Студенттер бес экономикалық бағыт бойынша, атап айтқанда, менеджмент, экономика, маркетинг, есеп және аудит, қаржы мамандықтарын меңгеріп шығады. Ал 2004 жылдан бері экономика мамандығы бойынша магистратура арқылы ғылыми-педагогикалық кадрлар да даярланады. Студенттер түрлі құралдармен қатар оқу залы, Интернеті тегін компьютерлік сынып мүмкіндіктерін пайдалана алады.
Жоғары білікті кадр даярлауға ірі кәсіпорындар мен мекеме-ұйымдар да мүдделі болуға тиіс. Бұл ретте тығыз байланыс орнаса, жұмыс берушінің сұраныстарын біліп отыруға болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).