ОРАЛ. Желтоқсанның 2-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Елбасы тапсырмасына сәйкес Орал қаласында алдағы жылы мектепке дейінгі тәрбиемен балалардың 78,1 пайызын қамту көзделіп отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, қазіргі кезде қалада 40 мектепке дейінгі ұйымда 6705 бала тәрбиеленуде. 2008-2009 жылдары 1475 орындық алты мектепке дейінгі ұйым пайдалануға берілсе, таяуда Зачаган кентінде 280 орындық тағы бір балабақша іске қосылады. Сонда балабақша саны 41-ге жетпек.
Алдағы жылы қалада 740 орындық үш мектепке дейінгі ұйым, 300 балалық 11 шағын орталық, 80 орындық үш жеке балабақша салынбақ. Бұл бүлдіршіндердің 78,1 пайызын қамтуға мүмкіндік береді.
Аудандарда бұл мәселе сәл басқаша шешіледі. Кезінде ауылдарда үлгі жобамен салынған мектептердің оқушылармен толыға қоймағаны да баршылық. Солардың жанында қосымша шағын орталықтар ашу ойластырылуда.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).