«Ертең Қазақстан ел болып өзінің Тұңғыш Президентін сайлаған күн. Ол күнді біздің Парламент мереке күні деп тағайындады. Мәселе біреудің аты-жөнінде емес, ол күні мен сайландым. Бірақ, ол қазақ қазақ болғалы, ел болғалы тұңғыш рет тарихында өзінің ойымен, өзінің пікірімен өз Президентін сайлаған ең тұңғыш қуанышты күні болатын. Соның қарсаңында сіздермен кездесіп отырмыз», - деді Елбасы.
ҚР Президент жақындағы бүкіл халыққа арнаған Жолдауында жастарға патриоттық тәрбиелеу мәселесіне айрықша назар аударылғандығын атап өтті.
Елбасы әскери адам үшін, әскери бөлімшелер үшін ту, жалау барлық уақытта батырлықтың, отансүйгіштіктің белгісі болып саналатындығын баса айтты.
«Ол туды жоғары ұстау, ол туды қисайтпау барлығымыздың парызымыз. Біз отанымызды қорғай алмасақ, шекарамыздың шебінде тұра алмасақ еліміз өсіп-өркендемейді. Істеп жатқан шаруаның барлығы жастар үшін, болашақ үшін. Сендердің өмірлерің бізден де жақсы болсын деп, біздің Қазақстанымыз болашақта бұдан да жоғары, бай болсын деп істеп жатқан шаруаларымыз бар», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Еске сала кетейік, Астанада Нұрсұлтан Назарбаев жас сарбаздармен кездесіп жатқаны туралы хабарлаған болатынбыз.