Елбасы Үкіметтің 2009-2011 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы шараларының әрбір бағыты бойынша орындалу барысы туралы есепті тыңдады

АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министрдің, Үкіметтің экономикалық және қаржылық блогы, Ұлттық банк, Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі, «Самұрық-Қазына» қоры басшыларының қатысуымен кеңес өткізді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Президент Үкіметтің 2009-2011 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы бағдарламасының оның әрбір ? қаржы секторын, құрылыс саласын, шағын және орта бизнесті, агроөнеркәсіптік кешенді, сондай-ақ инновациялық-индустриялық дамуды қолдау бағыттары бойынша орындалу барысы туралы есепті тыңдады.Бағдарламаның негізгі бағыттарын жүзеге асыруда ілгерілеушілік бар екенін атап өте отырып, Мемлекет басшысы Үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы шараларды жандандыра түсу қажеттігін атап көрсетті.Елбасы кеңеске қатысушылардың назарын, әсіресе ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеушілерді несиелеуге қаржы бөлу, мемлекеттік органдардың және жер пайдаланушылардың қызметіндегі қазақстандық мазмұнды арттыру, үлескерлерді қолдау, индустриялық-инновациялық саясаттың басты бағыттарын нақтылау, шағын және орта бизнесті қолдаудың тиімді жүйесін құру сияқты салаларда жұмысты жандандыра түсудің маңызына аударды. - Біздің жүзеге асырып жатқан шараларымыз перспективалық салалардағы нақты жобалар, бизнес-ахуалды жақсарту, инновациялық белсенділікті арттыру түрінде нақты қайтарым беруі тиіс, - деп атап өтті Президент.