Елбасы ұлықталды - Қазақстан даму тарихының жаңа кезеңіне қадам басты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сайлау нәтижесінің қалай болатынын халық әу бастан-ақ білген секілді еді. Бұл сенім сайлаудың нақ күні одан сайын нақтыланды, болжам түзу болды.

Кейін, Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне кезектен тыс сайлауындағы дауыс беру қорытындыларын жариялап, Елбасы Н. Назарбаевтың жеңісін ресми мәлімдеген. Республиканың облыстық, Астана және Алматы қалалық аумақтық комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, тiзiмдерге енгiзiлген 9 547 864 сайлаушының iшiнен 9 090 920 адам немесе 95, 21 пайызы дауыс беруге қатысты. Сайлаушылар дауысы жалпы республика бойынша төмендегiдей бөлiндi: Әбiлғазы Құсайыновқа сайлаушылардың 57 718 дауысы берiлдi, бұл 0,64 пайызды құрады. Нұрсұлтан Назарбаевқа - 8 833 250 немесе 97,75 пайыз, Тұрғын Сыздықовқа - 145 756 немесе 1,61 пайыз сайлаушылар дауыс бердi. Осылайша, Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президентi болып Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев сайланды деп санау туралы қаулы қабылдады. Сөйтіп, қайта сайланған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың инаугурациясы, яғни ұлықтау рәсімі бүгін 29 сәуірде елордадағы еңселі ғимараттың бірі - Тәуелсіздік сарайында болып өтті.

Бұл - ел тарихындағы бесінші инаугурация. Бұған дейін Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті алғаш рет 1991 жылы 10 желтоқсанда ұлықталып, Қазақстан халқына ант берген болатын. Екінші сайлау 1999 жылы 10 қаңтарда өтіп, онда жоғары сенім мандаты Н.Назарбаевқа тапсырылды. Президентті ұлықтау салтанаты сол жылы еліміздің жаңа елордасы - Астана қаласында өтті. Қазақстанда 2005 жылғы 4 желтоқсанда үшінші жалпыхалықтық президенттік сайлау өтіп, оның нәтижесі бойынша да Нұрсұлтан Назарбаев жеңімпаз атанды. Ұлықтау салтанаты 2006 жылдың 11 қаңтарында жаңа Ақордада өтті. Бұдан кейін 2011 жылы сайлауда да халық сенімі тағы Нұрсұлтан Әбішұлына тапсырылды, ұлықтау рәсімі 8 сәуірде өткен еді.

Бүгінгі инаугурация Астанадағы еңселі ғимараттардың бірі Тәуелсіздік сарайында өтті. Ең алдымен салтанатты залға Қазақстанның Туы мен Президент штандарты әкелініп, сосын Конституция ант беру тұғырына қойылды. Бұдан кейін Президент кортежі Ақордадағы резиденциядан шығып, ұлықтау рәсімі өтетін Тәуелсіздік сарайына қарай бет алды. Елбасы Тәуелсіздік сарайына кірердің алдында «Қазақ Елі» монументі алаңында төселген кілемнің үстімен салтанатты шараны тамашалалауға келген халықтың алдында жүріп өтті. Осы уақытта зеңбіректер салтанатты залп берді. Н.Назарбаевты ұлықтау рәсіміне Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңес мүшелерi, Жоғарғы Сот судьялары, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері және басқа да шақырылған қонақтар қатысты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн» деп ант беріп, сосын еліміздің Туын сүйді. Бұдан соң, Әнұран шырқалып, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов қайта сайланған Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Республикасы Президентiнiң куәлiгiн салтанатты түрде табыс етті.

Конституцияға сәйкес жасалған шаралардан соң, Президент ресми түрде қызметіне кіріскен болып саналады. Осыған орай, мемлекет басшысы сөз сөйлеп, алдағы мәселелерге тоқталды. «26 сәуір еліміз үшін тағы бір тарихи тағдырлы күн болды. Президент сайлауы Қазақстан халқының кемеңгерлігін бүкіл әлемге танытты. Ел өздерінің бірлігіне, беріктігі мен кемел келешекке сенімін танытты. Мәңгілік елдің мызғымас ұстанымдарына адалдығын көрсетті. Бұл таңдау - жарқын болашаққа қадам басқан Қазақстанның таңдауы. Бірлігін берекеге ұластырып, ұлы істер жолында ұйысқан барша халықтың жолы. Өзінің ұрпағының болашағын қасиетті Отанымыз Қазақстанмен бірге көретін әрбір азаматтың ерік-жігері», - деді Елбасы.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы халықтың сенімі өзін әруақытта қанаттандыратынын, алдағы уақытта да барлық жауапкершілікпен бұған дейінгі жылдардағыдай халыққа адал қызмет ететіндігін, елді қорғап, барлық азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға күш салатынын жеткізді. «Біз аласапыран заманнан гүлдену жолына өттік. Біздер күрделі үштік транзиттен, кеңестік жүйеден нарықтық экономикаға, демократияға және жаңа этносаралық келісімге ешқандай эксцессіз әрі катаклизмсіз өттік. Біздің мемлекеттік құрылымымыздың мығым екендігін 2007-2009 жылдардағы жаһандық экономикалық дағдарыс барысында дәлелдедік. Басқа мемлекеттерге қарағанда, Қазақстан экономикалық өсімді сақтап қалды және біздің халқымыздың өмір сүру деңгейін құлдыратпады. 2012 жылы Қазақстан әлемнің ең дамыған, әлемнің барынша бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылды. Біз халқының табысы орташа деңгейлі елге айналдық және әлемнің ірі 50 экономикасы қатарына ендік. «Қазақстан -2030» Стратегиясы қазіргі уақытта жұмыс істеп тұр», - деді ҚР Президенті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан алдында тұрған 5 сын-қатерді атап өтті. «Біріншісі, бұл әлемдік тәртіптегі дағдарыс, жалпы айқынсыздықтың өршуі. Қауіпсіздіктің әлемдік жүйесі жаңа үлгідегі жанжалдармен мығымдылығын сынау үстінде. Әлемдік аренада экстремизм мен зорлық-зомбылықты пайдаланатын жаңа жүйесіз ойыншылар пайда болуда», - деді ҚР Президенті. Елбасы өз сөзінде екінші сын-қатер ретінде әлемдік экономикадағы турбуленттіліктің жалғасуын, санкциялық, валюталық және сауда қақтығыстарын атады. Ал мұның барлығы әлемнің барлық елдерінде проблема туындатуда. «Үшінші, бүгінде климаттың өзгеру процесінің тосын салдары орын алуда, барлық әлемде түрлі катаклизмдерге әкелуде. Төртінші, Орталық Азия, яғни, біздің өңіріміз әлемдік жарықшақтардың жаңа желісіне тап болуы мүмкін. Бұл да барша өңірге сын-қатер болады», - деді Н. Назарбаев. Сонымен қатар ҚР Президенті бесінші сын-қатер ретінде жаһандық тәртіптегі дағдарысты, әлемдік экономикадағы тұрақсыздықты атады. Осындай қауіп-қатерге мемлекет ұдайы дайын болуы шарт.

Бұл елдің сыртынан туындайтын қатерлер. Ондай қатерлер елге әсер етпе й тұра алмайды. Дегенмен, бұлардың барлығына билік бекем болуы керек. Осы ороайда, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан алдында тұрған бес ауқымды ішкі міндетті де атап өтті. «Біріншіден, еліміздің тұрақтылығының тірегі ретінде орта буынға жататындардың үлесін арттыру керек. Яғни, бизнесті дамытып, оның белсенділігін сақтау қажет. Екіншіден, ұлан-байтақ жеріміз бар. Сондықтан да Қазақстанға бірыңғай ішкі нарықты дамыту керек. Барлық өңірлердің теңдестірілген, бірдей дамуы болуы шарт. Үшінші мақсат - сыбайлас жемқорлықпен күрес, бұл басты басымдықтардың бірі болып саналады. Төртіншісі, жаңа жұмыс орындарын құру - бұл үшін индустриялық бағдараламасы жүзеге асырылуда. Бесіншісі, тарихтың жаңа сабағында ұлттың бірлігін нығайту», - деп атап өтті Н. Назарбаев. Сонымен қатар, Елбасы реформалардың ел дамуы үшін маңызды екендігін баса айтты. Мәселен, Президенттің пайымынша, әлемдегі үлкен өзгерістер әрбір елдің алдына екі таңдау ұсынады - не реформа жасау, не болмаса, көштен қалу. Ал осы өзгерістер дәуірінен тек өзін-өзі жаңартып, реформаларға бет алатындар ғана аман өте алады.

Ал онда реформаны орындау үшін барша қазақстандықтар жұмылуы керек. Сөз барысында Мемлекет басшысы жұртшылықты осыған үндеді. Тоқтала кететін жайт, реформаны жүзеге асыру үшін ҚР Президенті жанындағы Модернизация жөніндегі ұлттық комиссия құрылады. Комиссияның басты миссиясы - бес институционалдық реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруды басқару, мемлекеттік органдардың, бизнес-сектордың және азаматтық қоғамның іс-қимылын үйлестіру болып табылмақ. Ұлттық комиссия жанында беделді шетелдік және қазақстандық сарапшылардың құрамымен халықаралық консультативтік кеңес жұмыс істемек. Бұл өз кезегінде ең үздік халықаралық тәжірибені пайдалануға ықпал етеді.

Бұдан бөлек, Елбасы Модернизация жөніндегі ұлттық комиссияның алғашқы отырысында Ұлт жоспарын ұсынатынын да мәлімдеді. Ұлт жоспары - бұдан ары қарайғы мемлекеттік құрылыстың 100 нақты қадамынан тұрады әрі осы бойынша бес институционалдық реформалар бойынша атқарылатын жұмыстар түсіндіріледі. Тұтастай алғанда, бұл жоспар жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап беріп, жаңа тарихи жағдайда 30 дамыған елдің құрамына ену жоспарына айналады.

«Біздің алдымызда жаңа қатерлер тұр. Ал біздің бұған жауабымыз - мемлекетті нығайтып, ұлтты жаңғырту. Қазақ елінде «Асу бермес асқар жоқ» деген даналық бар. Қазақстандық жол - біздің ұлтымызды бір мақсатқа, ортақ мүддеге жұмылдырды. Сайлау - әрбір қазақстандықтың өзінің жеке басының, Отан алдындағы жауапкершілігін сезінетіндігін көрсетті. Сондықтан да мен жарияланған реформалардың табысты өтетініне, менің халқым мен мемлекетімнің табысты болатындығына сенімдімін. «Республика» сөзі латын тілінен тікелей аударғанда ортақ іс дегенді білдіреді. Сондықтан Қазақстанды жаңғырту - бұл біздің ортақ ісіміз. Алдымызда қандай да сынақтар болмасын, біз мемлекетіміздің қуатына, халқымыздың даналығына сүйене отырып, оны еңсеріп шығамыз», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сөз соңында елдің сенімін арқалау ең биік мәртебе екенін алға тартты. Сосын кейінгі ұрпаққа кемел Қазақстанды табыстау баршаға ортақ парыз екенін ескертті.

«Біз ұрпаққа көркейген елді, нығайған бірлікті, мызғымыс тұрақтылық пен еселенген байлықты мирас етеміз. Бүгін Қазақстан тарихының жаңа беті ашылды. Біз дамудың даңғылына тың қадаммен аяқ басамыз. Бес халықтық реформаны табысты жүзеге асырып, болашағы біртұтас елге айналамыз. ХХІ ғасыр - бірлік пен достықтың қуатымен озатын ғасыр. Біз бейбітшілік пен келісімге, татулық пен тұрақтылыққа тәу етіп, тәубе дейміз. Осы құндылықтарымыздың қадіріне жету арқылы Мәңгілік Ел боламыз. Сол жолда талмай еңбек етейік, қадірлі халқым! Қазақстанның жұлдызы жоғары, жолы нұрлы болсын. Елдіктің туы биікте желбіреп, абыройымыз асқақтай берсін!» - деп аяқтады сөзін Мемлекет басшысы.