«Өздеріңіз білесіздер, кадрлық ауыс-түйістер болды. Жаңадан бірінші вице-премьер - өңірлерді дамыту министрі Бақытжан Сағынтаев тағайындалды. Ол экономиканы жедел басқару, өңірлік саясат, демография, көші-қон, әлеуметтік еңбек мәселелері, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, экология, агроөнеркәсіп кешені, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін үйлестіретін болады»,-деді Мемлекет басшысы.
Ал, вице-премьер Қайрат Келімбетов ықпалдастық, халықаралық экономикалық қарым-қатынас, макроэкономика, сауда-тариф, бюджеттік, кедендік, салықтық саясат мәселелерімен, қаржы секторы, мемлекеттік активтерді басқару және мемлекеттік жеке меншік әріптестік шаруаларымен айналысады.
Сонымен қатар вице-премьер Ербол Орынбаев бұрынғыдай әлеуметтік секторды дамыту, әкімшілік реформаны іске асыру, бизнес алдындағы кедергіні төмендету мәселелерін үйлестіреді.
«Вице-премьер - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру, техникалық реттеу, қазақстандық қамту, кен орындарын пайдалану, геология, инвестиция тарту мәселелерімен айналысады»,-деді Елбасы.
Бұдан бөлек Н. Назарбаев басқа да бірқатар тағайындаулар болғанын еске салып өтті. Сөз соңында Президент мұның барлығы маңызды өзгерістер екендігін, бұл өз кезегінде жұмыстарды жақсарту тұрғысында барша қызметте жаңа серпін беретіндігін жеткізді.