Облыс басшысы мәртебелі меймандарға батысқазақстандықтар Жолдауды қолдайтынын, оны жүзеге асыру бағытындағы міндеттер мен тапсырмаларды орындауға даяр екенін жеткізді. Халық қалаулылары өз кезегінде «Қазақстан - 2030» стратегиялық бағдарламасы аясында көптеген жұмыс атқарылғанын жеткізді. Енді осы құжаттың негізінде «Қазақстан - 2050» бағдарламасы жүзеге аспақ. Соның арқасында республикамыз жете дамыған отыз елдің қатарына кірері белгілі.
-Жолдау аясында 28 заң өзгертіліп, толықтырылатын болады. Кедендік одаққа байланысты еліміздің Ресеймен, Беларусьпен арадағы байланысын одан әрі тереңдету бағытындағы жұмыстар қолға алынбақшы. Осы орайда Батыс Қазақстан облысы секілді шекаралық өңірлерді дамыту жайы назардан тыс қалмақ емес. Бұл жолы да орта және шағын бизнесті өрістетуге орай арнайы бағдарламалар, түрлі жеңілдіктер қарастырылатын болады. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларын жетілдіруге басымдық берілмек. Қазақстан шикізатты шығарып қана қоймай, оны өңдеп, дайын өнім етіп шығаратын елдердің санатына кіруі тиіс. Ал агроөнеркәсіп кешеніне 1,5 триллион теңге бөлінгелі отыр. Соның арқасында төрт түлік малымыздың санын арттырып қана қоймай, сапасын, олардан алынатын өнімдерді жақсарту, егіс алқаптарының көлемін арттыру көзделуде. 1913 жылы жер бетіндегі әрбір адамға 15 гектар жерден келсе, бүгінде, яғни бір ғасырдан кейін ол екі гектарға тең. Осыдан-ақ әлемдегі халық санының көбейгендігін, жер көлемінің азайып бара жатқанын көруге болады. Елбасымыз Жолдауында осы мәселеге мән беріп, ауыл шаруашылығы өнімдеріне жаһандық сұраныстың өсіп келе жатқанын айтады. Ал біздің республикамызда әрбір тұрғынға 17 гектар жерден келеді. Бұл бізге экологиялық таза өнім өндіру саласында жаһандық ойыншы болуға толық мүмкнідік береді, - деді БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Қабиболла Жақыпов.