Әсіресе, өткен жылы басталған бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің оң нәтиже бере бастағаны Елбасы айтқандай, алдағы екі жылда жаңа жүйені қалыптастырып үлгеретінімізге сенім тудырып отыр. Бұл туралы Орал қаласындағы №3 емхана директоры Қашура Әжіғұлова мәлім етті.
- Денсаулық сақтау саласында ұзақ жыл қызметте жүрген дәрігер ретінде соңғы жылдардағы халықтың денсаулығын нығайту жолында қол жеткен табыстар мені де қуантады, дейді ол. - Бүгінде еліміз бойынша бұрын мүмкін болмаған аса күрделі операциялар жасалуда. Облысымызда жүректі коронарлық шунттау, ірі буындарды ауыстыру, несеп жолдары тастарын қансыз оталау жүзеге асты. Бұрын Ресей жағалап кететін науқастар бүгінде облыс орталығында ашылған «Көз микрохирургиясы» клиникасында сапалы ем алуда.
"Елбасының жаңа Жолдауында ана мен бала денсаулығын бақылаудың ұлттық бағдарламалар кешені қолданысқа енгізілетіні айтылған. Шалғай ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтауда көліктік медицинаны дамыту, соның ішінде 2015 жылға дейін тікұшақ санын көбейту, жол бойында медициналық-құтқару пунктерін ашу, бастысы - дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пунктар мен емханаларды жаңадан салу қолға алынатын болды. Президент 2015 жылға дейін 350 жаңа медициналық мекемелер салынатынын айтып отыр.
«Жыл аяғында Астанада өткен Саммит, кеше ғана Астана мен Алматы қалаларында бар салтанатымен басталған қысқы Азия ойындары - еліміздің жан-жақты дамуының айғағы. Елбасының биылғы Жолдауы ел өміріне жаңа серпін беріп, халықтың келешекке деген сенімін нықтай түсті», - деді Қ.Әжіғұлова.