«Елбасы жолдауы - тікелей эфирде» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қаңтардың 29-ы, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Елбасы жолдауы - тікелей эфирде». Бүгін қаңтардың 29-ы сағат 11.00-де республикалық телеарналарда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы тікелей эфирде таратылады. «Егемен Қазақстан» газеті кешкі уақытта барлық телеарналарда қорытынды жаңалықтардан кейін арнайы репортажда Мемлекет басшысының сөзі қайталап берілетінін хабарлайды.

Осы хабар «Айқын», «Казахстанская правда», «Литер», «Известия-Казахстан», «Экспресс-К» газеттерінде де жарияланған.

Кеше «Известия» газетінде және «Интерфакс» агенттігінің сайтында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «ЕҚЫҰ тағдыры және перспективалары» деген тақырыппен мақаласы жарияланды. «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында осы мақаланың қазақша нұсқасын басып отыр. «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым (ЕҚЫҰ) секілді осындай ықпалды халықаралық ұйымға төрағалықтың белсенді кезеңіне кірісе отырып, мен бірқатар аса маңызды мәселелерді қозғағым келер еді. Бұл - ЕҚЫҰ-ның бұдан әргі тағдыры және перспективалары, оның қалыптасатын жаңа әлемдік тәртіптегі орны. ЕҚЫҰ қазіргі тұрғыда ХХІ ғасырдың серпінді нақтылығына кіріге ала ма? Болашақ бүгіннен, соның ішінде ЕҚЫҰ-ның қатысуымен жасалады. Өзінің ауқымдылығы мен Ванкуверден Владивостокқа дейінгі алып жатқан кеңістігі туралы жүйелі еске салып тұратын ұйым осы заманғы әлемнің ең күрделі де өзекті проблемаларымен айналысуы тиіс. ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы ретіндегі Қазақстан істің нақ осындай түсінігін негізге алады. Біз ЕҚЫҰ қызметінің барлық мәселелерін шешу үшін жылдық мерзім жеткіліксіз екенін айқын сезінеміз. Біз ұйымдағы қандай да бір төңкерістердің жақтаушылары емеспіз, бірақ та енжар әрекет етпейтініміз де анық», дейді Мемлекет басшысы.

Бұл мақала «Казахстанская правда» газетінде де жарық көрді.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Лондон қаласына барды. Онда ол Ауғанстан мәселелеріне арналған Сыртқы істер министрлерінің конференциясына қатысады. Басылымның жазуынша, Қ.Саудабаев ауғанстандық студенттерді оқытып, бейбіт мамандар дайындауға Қазақстанның 50 млн. доллар бөлгенін және ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету барысында да осы тәріздес жобаларды қолдауға Ұйым тарапынан қаражат бөлдіруге тырысатынын жариялаған. Осы жайт арқау болған мақала басылымның жұма күнгі нөмірінде «Қазақстан төрағалығына қызығушылық зор» деген тақырыппен жарияланған.

ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев сапары жайында «Казахстанская правда», «Экспресс-К» басылымдары да жазған.

***

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - ҚР Күрес федерациясының президенті, FILA сенаторы Бекзат Сарманов. «Жеңіспен өрілген дәстүрді жалғастыруға тиіспіз» деген тақырыппен берілген екеуара әңгімеден күрес спортындағы жетістіктер жайында кеңінен мағлұмат ала аласыздар.

«Білім саласын білікті министр басқарып отыр ма?». Осы тақырыппен «Айқын» газетінде жарияланған мақала Білім және ғылым министрлігінің соңғы жылдарда атқарған жұмыстарына кеңінен тоқталған. «Жалпы, жұрттың пікірі жаман емес, ал білікті мамандардың бағалауынша, білім саласының тасы өрге домалаған кез - министрлікке Жансейіт Түймебаевтың келуімен ұштасып жатыр», деп жазады басылым.

«Айқын» газетінің жазуынша, Екібастұз қаласындағы Ленин көшесін қалалық мәслихат депутаттары Мәшһүр Жүсіп есіміне ауыстыру туралы шешім шығарған. Алайда осы шешімге қарсы болғандар да бар. Ол Социалистік еңбек ері, қаланың байырғы тұрғыны Станислав Куржей екен. «Қазақ десе кежегесі кері тартатын бұл «жолдас» облыстық, қалалық басшылардың атына хат жазып, кеңестің кезінен бері қалған көсемнің көлеңкеге кеткеніне қайғырып жүрген көрінеді. Бұл енді нағыз шовинистік көзқарас екендігінде дау жоқ», деп жазады басылым. «Қазақ десе, Куржейдің кежегесі неге кейін тартады?» деген тақырыппен берілген мақалаға нақ осы жайт арқау болған.

***

«Былтырғы санақ науқанында көк мойынсалы тағып, көк сөмке асынғандар көше-көшені аралап, көп үйді сүзгіден өткізгенімен, одан әлі күнге дейін сүбелі нәтиже шыққан жоқ. Бұны кешегі Сенаттың кезекті отырысына келген Статистика агенттігінің жаңа төрағасы Әлихан Смайлов мырза да мойындады. Мемлекет адам санауға көшкенде, сол жұмысқа жауапты лауазым иелері ақша санауға кірісіп, соның кесірінен науқанға арналған халықтың қаржысы ханталапайға түсіп, ұлттық санаққа бөлінген 1 млрд 144 млн теңгенің 764, 8 миллионы жылпос шенеуніктердің жемсауында кеткен. Санақ шарасына тек 379 млн теңге ғана жұмсалыпты. Кеше Сенатқа келген Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайлов қазақтың нақты саны туралы сенаторлардың сұрағына сұйық жауап қайтарды. Санымыз баяғы 16 миллион. Бас санақшы мұның себебін агенттік басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалуына байланысты болуымен түсіндірді», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Мақаланы басылымның бүгінгі нөмірінен «Сонымен қазақтың саны қанша болды өзі?» деген тақырыпта оқи аласыздар.

Сенат қабырғасындағы алқалы жиын жайында «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Литер» газеттері де кеңінен жазған.

Осы басылымның 1-ші бетінде «Алматы Гаитидің кебін киіп қалмасын» деген дабыл қағарлық мақала жарияланған. Басылымның жазуынша, Алматыдағы ғимараттардың үштен бірі сейсмологиялық талаптарға сәйкес келмейді. Оңтүстік астанада 9 балдық зілзала бола қалса, нысандардың 30 пайыздан астамы жермен-жексен болуы әбден мүмкін. Бұл туралы кеше Қазақ сейсмологиялық төзімді құрылыс және архитектура жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының директоры Марат Әшімбаев мәлімдеген. Сейсмолог мамандардың айтуынша, қаладағы нысандардың сейсмикалық тұрақтылығын күшейту жұмыстарымен айналысатын мекеме 2007 жылдан бері қаржы тапшылығына ұшыраған.

***

2010-ыншы жылдан бастап Қазақстанда тұңғыш рет жалдамалы үйлер пайдалануға беріледі. «Егер «әлеуметтік» пәтер үшін төлем 62 400 мың теңге тұрады делік, соны 10%-ға көбейтеміз, бұл - мемлекеттің еншісіне аударылар сома, сосын оны 12 айға бөлеміз, сөйтіп ай сайынғы жалдау төлемін шығарамыз. Ал бұл әр шаршы метріне шамамен 520 теңгені құрайды, оған коммуналдық қызмет ақысы қосылады. Сонымен, бір бөлмелі пәтер шамамен айына кем дегенде отыз мың теңгеге (коммуналдық қызметті есептемегенде) бағаланса, ең көп дегенде - төрт бөлмелі пәтер - шамамен 120 мың теңге тұрады екен. Сонымен бірге бизнес-дәрежелі пәтер жалдаушысына кем дегенде 90 мың теңге тұрады, ең қымбат дегенде - екі жүз елу мың теңгеден артып түсуі мүмкін», деп жазады «Экономика» газеті.

«Бұдан бұрындары да тілге тиек етіп жүргеніміздей, ел Үкіметі соңғы жылдары үнемі назарда ұстап келе жатқан ділгір мәселелердің бірі - исламдық қаржы жүйесін орнықтыру болып табылады», деп жазады «Экономика» газеті. Осыған орай басылымда «Ислам қаржыгерлері - Астанада» деген тақырыппен мақала жарияланды.