Сенатормен бірге облыстық мәслихат депутаты Амангелді Таспихов та келіп, халық қалаулылары өз ой-толғамдармен бөлісті.
Аудандық мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» ХДП-ның аудандық филиалы мүшелері, ауылдық округ әкімдері, мекеме, кәсіпорын басшылары, қоғамдық ұйымдар мүшелері, ардагерлер қатысқан басқосуда Жолдау туралы ойын ортаға салғандар аз болмады. Мысалы, ардагер Нәсіпқали Мақанов «азық-түлік бағасы зейнетақымен жағаласа өседі, реттеудің жолы жоқ па?» деп сауал тастаса, майдангер Мәжит Жаданов «Сауда палатасы делдалдардың құнығуын шектейтін орган ба?», Сатыбалды Жұмашев «Заң бұзушылық шектен тыс көбейді, жазалауда олқылық бар, ескірген заңды қоғамдағы құбылысқа қарай бейімдеу әлі кешіге ме?» деген сұрақтарына жауап алды. Сондай-ақ аудан аумағында қажетті әлеуметтік нысандарды тұрғызуға, Ұялы ауылы маңындағы жерасты су қоймасынан ауыз су тарту мәселесін шешуге көмектессеңіз деген өтініштер де айтылды.
Депутаттар кей мәселе оңай шешілгенмен, кейбірінің күрмеуі қиын екендігін ескерте отырып, аталған аманатты орындау үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып, өңір халқының мүддесін еш уақытта ұмытпайтынын жеткізді.
Батыс Қазақстан облысына келген Сенат және Мәжіліс депутаттарының тұрғындармен кездесуі одан әрі жалғасуда.