18:39, 01 Сәуір 2009
Елбасы Жолдауына сәйкес әр ауылға қаржылай көмек берілсе, бұл, әсіресе, шалғай елді мекендер үшін нақты қолдау болар еді
ОРАЛ. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Елбасы Жолдауына сәйкес әр ауылға қаржылай көмек берілсе, бұл, әсіресе, шалғай елді мекендер үшін нақты қолдау болар еді.
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылдық мәдениет үйінің директоры Сайлаубек Мұхтаров мәлім етті. Оның пікірінше, бұл қаржы озық технологияны ауылға әкелуге жұмсалса, осы орайда жастардың жұмысы өркениетті түрде ұйымдастырылса, орынды болар еді. Жалпы, осы шалғай аудандағы жағдай жаман емес. Аталмыш ауылдық мәдениет үйі өткен жылы ғана 7 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізілген. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Біржан Меңешевтің мәліметіне қарағанда, ауданда қалған екі клубты жөндеу биыл қолға алынбақ.
Ауыл әкімі Бақытжан Оразғұловтың айтуынша, ауылда шаруашылықтың түрлі саласымен айналысуға мүмкіндік бар. Ауылдағы жекеменшік жеті дүкенде азық-түлік бағасы үнемі бақылануда. Бір жақсысы, Ұялыда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы жоқ. Округтегі жұмыссыздар тізіміндегі 154 адам түрлі маусымдық жұмыстарға тартылуда. Төрт түлігі жетерлік ауылда мал басын асылдандыруға да ерекше назар аударылып келеді. Ендігі міндет ? тек осыны әрі қарай дамыта білуде.