«Мемлекет басшысының биылғы Жолдауының жөні бөлек. Өйткені жаһандағы жағдай өзгерді, дүние жүзін дағдарыс дерті шарпыды. Қуат көздеріне, металға, өзге де шикізат түрлеріне баға төмендеді. Бюджетке кіріс азайды. Әлемдік экономикаға кіріккен ел ретінде біз де бұл өзгерістердің салқынын сезініп отырмыз», деген өңір басшысы Жолдауда мемлекет басшысы айқындап берген бес негізгі бағытқа жан-жақты тоқталды. Ұлттық валютаға сенімді нығайту, инфляцияны төмендету бағытында бірқатар шаралар қолға алынғанын жеткізген әкім түсімдердің мөлшеріне қарай облыстық бюджет шығыстарының көлемі мен бағыттарын қайта қарап, тиімді және мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету қажеттігін атап көрсетті.
Елбасы Жолдауынан туындайтын барлық міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Үкімет жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын жасақтаған болатын. Осыған орай өңірлік іс-шаралар жоспары дайындалып, барлық тиісті жұмыстарды уақтылы және сапалы атқаруға күш салынады. Бұл ретте облыс әкімінің орынбасарлары мен барлық басқарма басшыларына, Орал қаласы мен аудандар әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктелді. Соның ішінде облыстағы азық-түлік және басқа да тауарлардың бағасына үнемі мониторинг жүргізу және оның өсуін болдырмау бойынша шаралар қабылданбақшы. Экономикалық тұрғыдан белсенді емес тұрғындардың нақты үлесі анықталып, оларды қолдау шаралары алынады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі халықтың әлеуметтік қорғалмаған тобына көмек көрсету үшін «Өрлеу» жобасы бойынша уағдалы ақшалай төлем енгізуді іске асыру арқылы халықты әлеуметтік қорғау және көмек көрсетудің жаңа тетігін қабылдады. Негізгі мақсат - тұрмысы нашар топқа жататын отбасылардың өмір деңгейін арттыру. Қазіргі таңда Ақжайық және Бөрлі ауданында «Өрлеу жобасы» аясында уағдалы ақшалай көмек бағдарламасы 2015 жылғы 1 шілдедеден бастап жүзеге асырылуда және кеңінен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаның маңыздылығын және халыққа айтарлықтай көмек көрсетілетінін ескере отырып, облыстың басқа аудан әкімдеріне де «Өрлеу» жобасын енгізу тапсырылды.
Облыстық бюджеттің шығындарын оңтайландыру мақсатында өңірлік бағдарламалар қайта қаралып, тиімсіз шығындар немесе жеке сектор есебінен жабылуы мүмкін шығындар бюджет есебінен шығарылады. Осы орайда өңірде жүзеге асырылып жатқан барлық бюджеттік бағдарламаларға толық ревизия жүргізіліп, облыстық бюджеттің шығындарын оңтайландыру бойынша нақты ұсыныстар әзірленбекші.
Елбасының тапсырмаларына сәйкес бюджет шығындарын жеңілдету үшін мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік тетігін пайдалануды кеңейту бағытында инвестициялардың жаңа көздерін тарту мәселелері бойынша өңірлік кеңес құрылып, жұмыс жасайтын болады.
Өңірде мемлекеттік секторда тиімсіз басқарылып отырған кәсіпорындар мен нысандарды анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп, жекешелендіруге жататын нысандар бойынша нақты ұсыныстар берілмекші.
2017 жылдан бастап тегін кәсіби-техникалық білім беру жобасы жүзеге асырылып, сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілетініне байланысты ақпараттық-түсіндірме жұмыстары атқарылады.
Елбасы Жолдауындағы және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы міндеттерді іске асырудың заңнамалық негіздемесін қамтамасыз ету мақсатында қазіргі уақытта 80-нен астам жаңа заңнамалық актілер қабылданды. Бұл Заңдар 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енбек. Осы заңнамалық актілермен енгізілетін өзгерістерді де облыс тұрғындарына жеткізе білудің маңызы зор.
«Елбасы өз Жолдауында біздің алдымызға жаңа мақсат-міндеттер қойды. Мұны абыроймен атқару үшін «жұмылған жұдырықтай бірлесе қимылдап, ел тәуелсіздігін нығайтуға өз үлестерімізді қоса беруіміз керек», деп түйіндеді ойын Н.Ноғаев.
Активке қатысушылар Елбасы Жолдауын халық арасында насихаттау және жүзеге асыру жұмыстарына белсене атсалысатындықтарын жеткізді.