Елбасы Жолдауында айтылған мемлекеттік білім беру бағдарламасын жүзеге асыру – маңызды міндет – Н.Дәулетов, педагог-ғалым

Л. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елбасы биылғы Жолдауында үш аса маңызды мемлекеттік бағдарламаның қабылданғанын атап өтті.

Соның бірі Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы білім беру жүйесін жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімдеп, білім сапасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, әлемдік білім беру кеңістігіне ену шарттарына сәйкес білім жүйесін жаңартуды талап етеді. Осыған орай Батыс Қазақстан облыстық мамандандырылған дарынды балалар мектебінің директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері Нәсіпқали Дәулетов өз пайымдауларын былайша білдірді.

Оның мәлімдеуінше, аталмыш бағдарламада жалпы білім беруде мониторингтік жүйені дамыту, білім сапасын бақылаудың және бағалаудың ұлттық моделін жетілдіру, бейінді білім беруді жаппай жүзеге асыру, 12 жылдық білім беруге көшу сияқты мәселелер күн тәртібіне қойылған.

Бағдарлама, бірінші кезекте, білім берудегі сапа менеджементі жүйесіндегі, педагогикалық мониторингті жетілдіре отырып, «барлық деңгейде білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін енгізу» талабын қояды. Мониторингтік зерттеулер: білім беру ұйымдарының қызметін жүйелі бақылауды; нәтижелерін өңдеп, талдаумен, ақпараттарды сақтау, жинақтау және тарату арқылы білім беру жүйесін дамыту үшін болжамдар жасау және басқару тетіктерін жетілдірумен айналысатын болады.

Ғалым-ұстаздың ойынша, бұл - қазіргі жалпы білім беру жүйесін түбегейлі жаңартуда, білім сапасын көтеруде, тұңғыш ғылыми негізде қойылып отырған ең көкейкесті проблема. Өйткені, бүгінгі оқыту үрдісіндегі, әрбір оқушының күнделікті білімді жүйелі терең меңгеріп отыруын қамтамасыз ету, мектеп өмірінен көріп отырғанымыздай, мектептің алдында тұрған ең күрделі де, қиын да, мүлде кешеуілдеп қалған мәселе.

Оқыту үрдісінің сапалық деңгейінің жоғары болуын қамтамасыз етуде, ҰБТ моделі бағытында, оқушыға да, мұғалімге де тәуелсіз білім үрдісінде күнделікті бақылау мен бағалаудың, мектепте бірыңғай жүйесін жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жетіспейді. Мектебімізде жүргізілетін мониторинг жұмыстар, оқушылардың білім алу, мұғалімдердің білімді беру үрдісінің сапалық деңгейін күнделікті, тоқсанаралық, тоқсандық, жылдық бақылау жүйесі арқылы, үнемі тексеріп отырудың қажеттілігін көрсетті. Мектептегі осы бағыттағы бақылау жүйесі-оқушының да, мұғалімнің де күнделікті оқу және оқыту іс- әрекеттеріне тұрақты бақылау жасау арқылы оның нәтижесін әділ бағалауға жол аштық. Нәтижесінде, бүгінгі білім сапасының төмендігіне қатысты мұғалімдердің бағаны көтеріп қоймауына және оқушының күнделікті әр материалды терең меңгеруге деген қажеттілігін қалыптастыруға қол жеткіздік.

Қазір мектебіміздің әрбір мұғалімі ғана емес, оқушының өзі жоғары балл жинап, күнделікті материалды терең меңгергенде ғана сапалы білім алу мүмкін екендігін жақсы түсінеді. Осыған орай, бағдарламаының «Білім беруді дамытудың мониторинг жүйесі» тарауында «білім беру нәтижелерін басқарудың базасы және даму жолдарын болжамдау түрінде білім беру мониторингінің бірыңғай жүйесі енгізіледі» деп жазылуы өте орынды.

Педагогика ғылымында оқушыға сапалы білім беруді қамтамасыз ету күнделікті беріліп жатқан білім нәтижелерін жүйелі, тұрақты бақылап отыруға тәуелді деп қарайды. Өткен ғасырдың аяғында-ақ, «кеңес мектебінде дәстүрлі қалыптасқан оқушылардың білімін бақылау және бағалау жүйесі, олардың білімінің шынайы объективтік көрсеткіші болудан мүлде қалып барады, мұғалімдердің бағаны көтеріп қоюы әдетке айналды». Бұл оқушылардың білім сапасының төмендеуіне әсер етіп отырған фактор деп арнайы зерттеушілер анықтап берген еді. Осы кемшіліктерден арылу қажеттілігі біздің елімізде ХХІ ғасырдың басында білім сапасын бағалаудың жаңа жүйесі - ҰБТ моделін енгізуге негіз болды.

Бағдарламада «тәуелсіз бағалау элементтерін қамтитын, ұлттық білім беру сапасын бағалау жүйесі - ұлттық бірыңғай тестілеу» одан әрі жетілдіріледі деп көрсетілген.

ҰБТ моделі аз уақыттың ішінде білімді тексерудің озық технологияларын енгізу арқылы білім мекемелеріне тәуелсіз, білімді бағалауға «адам факторын» қатыстырмай жүргізуді; тестілік сұрақтар арқылы, білім мазмұнын жоғары деңгейде қамтуды қамтамасыз етті.

Дегенмен өткен жылғы республикадағы «Алтын белгі» алушылар санының бір жылда мың жарымнан екі мың жарымға дейін жетуін, 125 балл жинаушылардың қырықтап саналуын, кейбір облыстар бір жылдағы орташа балл ондап өсуін - білім сапасының нақты көрсеткіші деп айту қиын. Демек, мемлекеттік ҰБТ жүйесінің білімдік мәнін жете пайдалануға, оны одан әрі жетілдіре түсуге кедергі болып отырған кемшіліктер баршылық. Бұл жерде, ҰБТ моделін жүзеге асырудағы, ең басты кемшілігіміз, оқушылардың білім сапасына тікелей ықпал ететін тестілік материалдың мазмұнынан гөрі, оны ұйымдастыруға жете мән бермейтіндігімізге байланысты.

Тестілік сұрақтарға байланысты сын пікірлер бастапқыда жиі айтылды. Қазір әрбір пән бойынша оқушылар жұмыстанып жүрген мемлекеттік емтихандардың сұрақтарынан, тек қана сан көбейтетін, бағдарламалық материалды меңгеруге көмектесе бермейтін, жеңіл сұрақтар кездесе бермейді. Тестілік бақылауды ұйымдастырудағы ең басты кемшілік - ең алдымен, ауылдағы тесті орталықтарымен байланысты. Бұқаралық ақпарат құралдарында көптен бері айтылып, жұртшылықты алаңдатып отырған, ауылдық тесті орталықтарын жабу - кезек күттірмейтін шаруа. Жоғарыда келтірілген, білімнің баллдық көрсеткішінің сапа жағынан емес, жыл сайынғы сан жағынан өсу қарқынының 70-80 пайызы осы ауылдық мектепті бітірушілердің үлесіне тиеді. Ауылдағы тесті орталықтары түлектердің жоғары балл, жасанды «Алтын белгі» алуға көмектесуді «меңгергендерімен» қоймай, енді оқушының 125 балл жинауын қамтамасыз етуге «мамандана» бастады. Ауыл мектептерінде өз мүмкіндігіне лайық жеткілікті білім ала алмай жүрген қабілетті оқушылар бар. Бұрын ондай оқушылар облыстық, тіпті республикалық арнаулы мектептерде білім алуға талпынатын еді. Қазір ауылдық тесті орталықтары олар үшін жоғары балл жинау, «Алтын белгі» алудың ең «тиімді» тәсілі болып отыр.

Елдің ертеңі, интеллектуалдық байлығымыз, қабілетті оқушыларымыздың сапалы білім алуына біздің елімізде мемлекеттік деңгейде ерекше мән беріледі. Республикада жүзден астам дарынды балалар мектебі, қазірдің өзінде алты Назарбаев интеллектуалдық мектебі жұмыс істейді. Олардың көбі қазірдің өзінде элитарлық білім беру дәрежесіне дейін көтерілді. Оны облысымыздағы мамандандырылған дарынды балалар мектебінің білім сапасынан нақты көруге болады. Жыл сайынғы елулеген мектеп бітірушілердің грантпен университеттерге оқуға түсу көрсеткіші 100 пайызға жетіп, соңғы бес жылда бітірушілердің 77-сі «Алтын белгі» аттестатына ие болса, 30-дан астамы «Болашақ» стипендиясы бойынша әлемнің ең таңдаулы университеттерінде білім алуға қол жеткізді. ҰБТ бойынша мектеп бітірушілердің орта балы 120,7 дейін жетіп, бір жылғы « Алтын белгі» алушылардың саны 16-ға, 125 балға ие болушылардың саны сегіз оқушыға дейін көбейді.

«Алтын белгі» аттестатына үміткерлердің әлемнің ең таңдаулы университеттеріне білім алуына кедергі болмайтындай, сапалы білім алуын қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте облыс орталықтарында арнайы құрылған комиссия алдында ашық жағдайда тестілік бақылау ұйымдастыру жеткілікті болар еді. Одан әрі, барған сайын «Алтын белгі» аттестатына үміткерлердің, жалпы «5» бағаның балдық шекті деңгейін бірден-екі көтеру де білім сапасына тікелей ықпал ететін фактор.

Бұдан екі жыл бұрын Парламент депутаттары «Алтын белгі» аттестатын соңғы 9,10 сыныптарды үздік аяқтап, мемлекеттік емтиханды «беске» тапсырған оқушыларға беруге рұқсат етілсе деген пікір білдірген еді. Жоғарғы сыныптардағы білім - оқушының болашақ таңдаған мамандығына сәйкес өз қызығушылықтарына қарай саналы түрде меңгеретін білім. Бүгінгі мемлекеттік бағдарламаның «Бейінді білім» беруді жүзеге асыру талабы да осы мақсатты көздейді. Мектебіміздің тәжірибесінде 10,11 сыныптарда, мемлекеттік емтиханда үздік білімділік көрсеткен түлектерге «Алтын белгі» аттестатын беру әділ шешім болатындығын нақты, дәлелді көрсетуде. Осы орайда «Алтын белгі» аттестатына үміткерлерге ғана емес, жалпы тестілік бақылауға қатысты тағы бір мәселе - мемлекеттік емтихан кезінде оқушы «шпаргалкасы» - ұялы телефонды пайдалануды тоқтату тестінің шынайылығын қамтамасыз етудегі басты шаралардың бірі. Мемлекеттік тестілеу емтиханына мектеп бітіруші түлектердің толықтай қатысуы қажет.

Жаңа бағдарламаның басты талаптарының бірі - «Бейінді білім» беруге көшу. Бүгінгі танда «Білім туралы» заңда «Бейінді білім» берудің құқықтық негізі айқындалғанымен, іс жүзінде бірыңғай жүзеге асырылмай келеді. Әлемдік тәжірибеде оның қажеттілігі, тиімділігі дәлелденген, басы ашық мәселе. Бейінді білім оқушылардың өзінің ынта-ықыласы ауған кәсіпке жастайынан бейімделуіне, сапалы білім алуларына негіз жасайды. Сондай-ақ «Бейінді білім» соңғы сыныптарда қазіргі жалпы білім беретін пәндердің санын азайтып, оқушының таңдаған болашақ мамандығына байланысты жекелеген пәндерді тереңдете оқытуға мүмкіндік береді.

Бағдарламада «2015 жылдан бастап, мектептің жоғарғы сыныптарында «Бейінді мектепте» бейінді оқу бағдарламасы жүзеге асырылады. Бейінді мектепке қабылдау ұлттық тестілеу негізінде жүргізіледі. Бейінді мектепте оқуды 10-сынып бітірушілердің 60 пайызы жалғастырады деп болжанып отыр» деп жазылған.

Әлемдік тәжірибеде 12 немесе 13 жылдық жалпы білім, кейін университеттерде білім алатын, арнаулы мектептерде, гимназия, лицейлерде, яғни дарынды балаларға арналған мектептерде білім алатын жастарға ғана беріледі.

Демек, бағдарламада міндетті орта білім 10 немесе 12 жылдық болатындығы нақты көрсетілмегенімен, тестілік бақылаудан жоғары балл жинаған 10-сыныпты бітіруші оқушылардың алты пайызы ғана 12 жылдық білім алу құқына ие болады деген сөз. Бұл, әрине, өте орынды шешім. Қазір бізде оқушылар толықтай 11 жылдық білім алады, оның 40 балл алғандарынан бастап, жоғары оқу орындарына білім алуға құқылы. Ал, бұл жағдай ЖОО-лар мен кәсіптік мектептердің дамуына кері әсер етіп отыр.

Бейінді білім берумен байланысты, бағдарламада көрсетілген, «жоғарғы оқу орындарының базасында бейінді оқыту бағдарламасын іске асыратын мектептердің құрылуы» біздің жағдайымызда болмаған - үлкен жаңалық. Күрделі интеллектуалдық мамандықтарға талапкерлер даярлайтын мектептердің ғылыми орталықтармен, университеттермен тікелей байланыста жұмыс істеуі қажет-ақ. Бұл дарынды жастардың ғылымға, әлемдік деңгейдегі университеттерде (Назарбаев университеті т.б.) білім алуға қаршадайынан бейімделіп, жетілуіне қолайлы жағдай жасаған болар еді.

Айталық, алысқа бармай-ақ, Ресейдегі Мәскеу, Санкт-Петербор, Новосібір секілді ірі қалалардағы университеттер жанында өздеріне талапкерлер дайындайтын бірнеше интеллектуалдық мектептері бар. Біздің мектебіміз М.Ломоносов атындағы ММУ жанындағы А.Колмогоров атындағы физика-математикалық мектеппен он шақты жылдан бері екі жақты ғылыми-әдістемелік байланыста жұмыс жасап келеді. Ол мектепте математика, физика, одан басқа да негізгі пәндерді М.Ломоносов атындағы ММУ-дің ғылым кандидаттары мен докторлары жүргізеді. Қазір біздің орталықтағы университеттеріміз өздерінің басқа елдердегі жүздеген ЖОО-мен байланыста жұмыс жасайтындықтарын алға тартады. Ал өздеріне элиталық шәкірт даярлау мақсатында бүгінгі уақыт талабына сай, жалпы білім беретін мектептермен байланысы жоқтың қасы. Жоғарғы оқу орындарының негізінде бейінді мектептер жұмыс істейтін болса, жалпы білімнің де, сол ЖОО-ның өзіне сапалы талапкерлер даярлау мәселесін де оңтайлы шешкен болар еді. Әсіресе, педагогикалық мамандық таңдаған талапкерлердің білім сапасының жоғары болуы - бүгінгі таңда ең бір көкейкесті мәселе. Қазір арнаулы мектептерге ғана емес, жалпы білім беретін жай мектептердің өзіне сабақ беретін, сауатты мұғалімдер барған сайын азайып барады. Әр жыл санап бұл мәселе қордаланып, күрделене түсуде. Арнаулы мектептерге мұғалім даярлайтын оқу орнының болуы әзірге арман ғана. Ал университеттердің ішінде отау тігіп отырған, педагогикалық институттардың, факультеттердің деңгейі мүлде төмендеп кетті. Мектепті 40-50 баллға аяқтаған жастардың, пединституттан диплом алып, мектепке келіп жұмыс істеуінен қандай нәтиже күтуге болады.

Егер ЖОО-лардың негізінде педагогикалық бағдардағы бейінді мектептер жұмыс жасаса, мұғалім мамандарды сапалы даярлау мәселесін тиімді шешуге болар еді.

«Толықтай алғанда, білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы сапалы білім беруді қамтамасыз ету арқылы, адами капиталды дамыту, білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды мақсат етеді. Бізге Елбасымыз да осындай міндет қойып отыр», - деп түйіндеді ойын Н.Дәулетов.