деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі жаһандық қаржылық-экономикалық дағдарыс әлемдік экономиканың басқару үлгісінде орын алған тұжырымдамалық кемшіліктерді әшкерелеп отыр. Бұны мойындап қана қоймай, одан бірқатар сабақтар алған ләзім. Біріншіден, бүгінгі нарықтық экономика нағыз оңтайлы үлгі емес екендігін, бұның әлеуметтік-экономикалық жүйенің жеткілікті жетілген түрі болмағанын мойындау қажет. Бұл заманауи капитализмді мемлекеттің реттеуінсіз, мемлекеттің экономикалық қызметін белсендірусіз жүргізу мүмкін емес дегенді білдіреді. Біз осындай сабақты жақында ғана игердік. Атап айтқанда, Елбасының Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы жарлығы шықты. Ендігі мәселе оны жүзеге асырушыларға, атқарушы және заң шығарушы биліктердің өзара оңтайлы әрекеттеріне байланысты болмақ. Яғни, бар мәселе адами факторға келіп тіреледі. Бұл мүмкіндікті дұрыс пайдалана білу шарт», деді О. Сәбден.
Сонымен бірге, дағдарыстың екінші бір сабағына тоқталған О. Сәбден, бұл тұрғыда тұтыну идеологиясының қауқарсыздығына назар аудартты. «Егер өнім шығармай, өмір бойы тек ақша жұмсауға байланып қалудың салдары қауіпті болатынын да мойындайтын кез жетті. Бұндайда сырт мемлекеттердің қарыз ұсыну ниеті де төмендейді. Дегенмен, осы жағдайда әртараптандыру шарасын ішкі инвестиция арқылы жүргізуге болады. Расында, Қазақстанда қаражат жеткілікті, ендеше бұны нақты жолға, ішкі рынокты игеруге қарай жұмсау қажет. Дағдарыстың үшінші сабағы - экономиканы басқарудағы мемлекеттің рөлін мойындауға қатысты болып табылады. Бұның өзі реттеуді тек ұлттық экономика ғана емес, халықаралық экономикалық қатынастар да қажет ететіндігін білдіреді. Бәлкім бұл мәселе ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін Қазақстанға қойылып жатуы да мүмкін», деді О. Сәбден.