атына сауал-хаттар жолдаған қазақстандықтар Н.Назарбаевтан еліміздегі маңызды әрі өзекті мәселелерді қамтитын сұрақтар бойынша жауап күтуде.
Осы уақытқа дейін Президенттің Байланыс орталығына қазақстандықтардың тарапынан халықты әлеуметтік қорғау мәселесіне арналған сұрақтар көптеп түсті. Ел азаматтары отандық зейнетақы жүйесін қайта қарастыру мәселесін көтеріп, зейнетке шығу жасын әйелдер үшін 55-ке және ер азаматтар үшін 60 жасқа дейін төмендетуді жиі сұрайды. Бүгінде зейнетке шықпағандардың айтуынша, қазіргі кезде 50-ден кейін олардың көбісін жұмысқа алмайды. Зейнет жасқа шығуға дейін әлі 8-10 жыл күту қажет болғандықтан, елге еңбегі сіңген азаматтардың көбісі қара жұмыс істеп, өз отбасыларын асырауға мәжбүр. Ал ауыр өндірісте істегендер болса, зейнет жасына дейін жете алмай жатады. Бұл мәселе бойынша Президенттің Байланыс орталығына хабарласқандардың барлығы Ресей мен Украина мемлекеттеріндегі сияқты зейнеткерлікке шығу жасын 58-60 межесінде белгілеуді сұрап отыр.
Осы жолы еліміздің зейнетақы жүйесінің тағы бір шикі тұсы байқалды. 90-жылдары болған жаппай жұмыссыздықтың салдарынан кәсіпсіз қалған азаматтарды зейнеткерлікке шығарған кезде, олардың ұзақ мерзімді еңбек өтілі есептелмей қалған. Нәтижесінде оларға ең төменгі зейнетақы мөлшері белгіленді. 40 жылға дейін еңбек өтілі бар зейнеткерлер айына 15-ақ мың теңге алады екен. Сондай-ақ осы орайда туындап жатқан тағы бір мәселе, ол - ауыр жұмыс істегендер мен кеңсе қызметінде болған қазіргі зейнеткерлердің алатын әлеуметтік жәрдемақысының сәйкес болмауы. Мәселен, қара жұмыс атқарған зейнеткердің еңбек өтілі жоғары болса да, ол кеңседе отырып, өзінен аз уақыт жұмыс істегендерден екі есе төмен зейнетақы алады. Қариялардың айтуынша, бұл жағдай ерлі-зайыпты зейнеткерлерге онша ауыр тимесе де, жалғызбасты қарттар үшін қиынға соғуда.
Бұдан басқа көпбалалы және мүгедек жандардың әлеуметтік жәрдемақысын арттыру мәселесі жиі көтерілуде. Әсіресе, жаңа туған нәрестелерге берілетін жәрдемақы мөлшерін өсіру қажеттігі туралы көптеп айтылады. Мұнда да көрші Ресей Федерациясының тәжірибесін қолдану ұсынылып отыр. Кейбір аналар туылған нәрестеге тиесілі төлемақыны ұзартуды сұрауда. Себебі бала туудың ауыр жағдайлары кезінде сәбилер біраз уақытқа дейін жүйке я бас сүйегіндегі қан қысымына душар болып қалады. Осыдан бала күту мерзімін ғана емес, оған төленетін мемлекеттік жәрдемақыны ұзарту қажеттігі туындайды.
Халықты әлеуметтік қорғау саласына енген өзекті сұрақтардың қатарына мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтеру мәселесі кірді. Елбасының Байланыс орталығына хабарласқан жас мамандардың басым бөлігі Президенттің Қазақстан халқына Жолдауындағы мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын жаңа жыл сайын 25 пайызға өсіру бойынша берілген тапсырмаларға қатысты сауал жолдап, Н.Назарбаевтан осы мәселе бойынша нақты жауап беруді сұрауда.
Сұрақ қою жағынан екінші орында тұрған тұрғын-үй саласында да қордаланып қалған проблемалар баршылық. Әрине, ең бірінші, ол - Астана мен Алматы қалаларындағы үлескерлер мәселесі. Осы екі шаһарда құрылысы тоқтап немесе баяу жүріп жатқан «Лесная поляна», «Жеті жол», «Береке», «Хан Тәңірі», «Үш төбе», «Мереке-2», «Жайлы-1», «Бес тұлға», «Тау самалы» және тағы басқа көптеген тұрғын-үй кешендеріне ақша салған үлескерлер жергілікті билік органдарынан пана таба алмай, бүгінде Елбасының көмегіне жүгініп отыр. Үлескер қауымның хабарлауынша, қазіргі кезде барлық жинаған ақшаларын құрылысқа салып, әлі күнге дейін баспанасыз жүрген азаматтар әбден тығырыққа тірелген. Кейбіреулері қалыптасқан жағдайға шыдай алмай, жүйке және тағы басқа аурулармен емханаға түсуде. Ал «Лесная поляна» тұрғын-үй құрылысына қатысушы үлескердің біреуі өзіне қол жұмсауға дейін барған көрінеді.
Жас отбасылардың баспаналы болуы - тұрғын-үй саласында қалыптасқан негізгі мәселелердің бірі. Ауылда жұмыс болмағаннан кейін қалаға сабылып жатқан жастардың көбісі бүгінде өздерін ғана емес, ауылда қалған ата-анасын да асырап келеді. Қалада олар жұмыс істеп, тағдырдың жазуымен өмірлік серіктерін тауып жатады. Үйлі-баранды болады. Бірақ баспанаға қолдары жете алмай, пәтерден пәтерге көшуге мәжбүр болады. Тапқан-таянған ақшаның бәрі күнделікті асқа және жалға алып отырған пәтерге кетеді. Осының салдарынан жеке пәтерді алуға қажетті алғашқы жарнаны жинау мүмкін болмай отыр. Оған қоса, бүгінде екінші деңгейдегі банктердің басым бөлігі жас отбасыларға ипотекалық несие беруден бас тартады. Себебі, өтініш берген азаматтардың жалақысы пәтер несиесіне жетпей жатады. Қазіргі кезде банктердің шарттары бойынша отбасы мүшелерінің орташа жалақысы 70 мыңнан жоғары болуы тиіс. Ал ерлі-зайыптының айлық табысы кейде 60 мыңға да жетпей жатады. Тікелей желінің Байланыс орталығына хабарласқан жастардың көбісі Президенттен «Құрылысы аяқталып, бос тұрған пәтерлерді таратуға бола ма?» деп жиі сұрауда. «Біз бөтен біреудің пәтерінде тұрып, ақша бергенше, өзімізге бөлінген баспанаға барлық ақшамызды салуға даярмыз. Себебі біз бұл пәтердің өзімізге тиесілі екендігін білетін боламыз. Осының арқасында біздің жұмысқа, жалпы өмірге деген құлшынысымыз арта түседі деп білеміз», - дейді хабарласқан жастар.
Қазіргі кезде мемлекеттік тұрғын-үй бағдарламасының бірінші кезеңі бойынша үй ала алмай жүрген азаматтар бар екен. Олар Елбасыдан өз пәтерлеріне қай уақытта кіретіндерін сұраса, мемлекеттік бағдарламаның соңғы қатысушылары осы игі бастаманың жалғасуына ниетті.
Осыдан басқа ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Байланыс орталығына заң бұзу, білім беру, адам құқықтары, денсаулық сақтау және ауыл мәселесіне арналған сауалдар көптеп түсті. Бас кезінде айтылғандай, тікелей желі кезінде Елбасы аса күрделі әрі қоғамдық маңызы зор сауалдарға жауап беретін болады. Осы орайда Байланыс орталығына түскен барлық сауалдардың 50 пайызын халықты әлеуметтік қорғау және тұрғын-үй мәселесі қамтиды. Сондықтан бүгінгі тікелей желідегі негізгі әңгіме де осы мәселелер төңірегінде өрбиді деп топшылауға болады.