Қазақстанның алда тұрған міндеттері айқындалды. Соның ішінде Парламент пен Үкіметке де ауқымды міндеттер жүктелді. Еліміздің аграрлық саласын дамыту жолдары туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі Төлеген Ибраев ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, өз ойларын ортаға салды.
- Төлеген Тоқтасынұлы, Қазақстан Президентінің биылғы дәстүрлі Жолдауынан туындайтын бастамалар жөнінде пікіріңізді білдірсеңіз?
- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Н.Ә.Назарбаевтың әр жылғы Қазақстан халқына арналған Жолдаулары - бір-бірімен ұштасып, өзара үндесіп, ел экономикасының дамуына, саяси-әлеуметтік тұрақтылықтың нығаюына, мемлекетіміздің халықаралық кеңістіктегі іс-қимылдарына сараптама жасап, бағыт-бағдар беріп, мезгілі келген мәселелерді шешудің тиімді жолдарып көрсетіп отырған тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бірден-бір құнды құжат.
Сондықтан да, жыл басындағы Елбасының Жолдауын бүкіл халық болып, үлкен үмітпен асыға күтеміз. Мемлекет басшысының Жолдауынан әрбір қазақстандық отбасы өзінің көкейкесті сұрақтарына жауап алады десек, артық айтқандық емес.
Мемлекеттік қызметкерлер Жолдаумен таныса отырып, атқарған істерді қорытындылап, алдағы күндерге әлеуметтік маңызы бар шараларды орындауға тиянақты жоспар құрады.
Жолдау тапсырмалары мен шешімдері Қазақстанның болашағын айқындайтын болғандықтан, осы құжатқа шетел мамандары мен саясаткерлері де үлкен назар аударып, мән беріп, орындалуын зор ықыласпен қадағалайды.
Тоқ етері, Елбасының Жолдауы - бір жылдық, немесе бір саланың емес, Қазақстанның сан қилы қоғамдық, маңызды, ауқымды болашаққа бағытталған іс-шараларын атқаруға бағдар беретін және оларды орындау үшін қажетті жұмыс күштерін, өндіріс қуаттарын біріктіретін, қаржыландыруды шешетін құжат.
Жолдауда аталып, соңынан өз шешімін тапқан көп оңды өзгерістерге ел тұрғындары көңіл толарлық пікір айтып, Елбасына ризашылық білдіріп отыр.
Тәуелсіз Қазақстанымыздың өз орнын табуына, халықаралық деңгейдегі беделіне Елбасының Жолдауы маңызды әсер етті.
Олай болса, жаңа тарихымыздың таза беттеріне Жолдау арқылы жеткен жетістіктеріміздің бүгінгі куәгерлері, қарапайым халықтың пікірін, түйген ойын, жүрек жарды берген бағасын неге түсірмеске? Бұл ертеңгі ұрпаққа баға жетпес құнды мағлұмат болар еді.
Олай дейтінім, менің замандастарым Ертіс-Қарағанды су каналының, Теміртау комбинатының, Самотлор мен БАМ-ның салынғандарын, Юрий Гагариннің ғарышқа ұшуын бүгінгі күнгі хабарлардан ести қалсақ, елең етеміз.
Ал бүгінгі біздің елдегі, Жолдау арқылы болып жатқан өзгерістер - «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» күре жолы, жаңадан ашылып, игеріліп жатқан мұнай көздерінің маңындағы құрылыстар, аяулы Астанамыздың әрбір күні, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының кеңестерінде Елбасымыздың ұйқысыз өткізген түні мәңгі жадымызда сақтайтын Тарих бетінен тиісті орын алуға лайық құнды деректер.
- Елбасы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту мәселелеріне арнайы тоқталды. Сіз осы шақырылымда Аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы қызметіне сайландыңыз. Яғни, осы комитеттен өтетін заң жобалары Сіздің жіті назарыңызда болатыны сөзсіз. Сіз қай заң жобаларына ұсыныстар бердіңіз?
- Ауыл шаруашылық саласы аса күрделі, ауа-райына басыбайлы тәуелді, кейбір өзекті мәселелері қордаланып қалғанымен, әрбір мемлекеттің тәуелсіздігі мен бас бостандығының, байлығы мен қауыпсіздігінің кепілі мен негізі.
Егемендігіміздің алғашқы күнінен бастап Елбасының тікелей қадағалауы мен тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығын дамытуға әсер етіп, ықпал жасайтын негізгі заңдар қабылданды. Яғни, жер, астық, шаруа қожалықтары туралы және тағы басқа қабылданған заңдар, ауыл шаруашылығының алға басып, дамуына негіз болды.
Өмір талабына сай келетін өзгерістер мен толықтырулар негізгі заңдарға үнемі енгізіліп тұрады. Бұл жүйелі түрде өтетін істер оң нәтиже беруде.
Қазір де біздің Комитетте агроөнеркәсіпті кешенді дамыту және қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар әзірленуде. Заң қабылданған күнде ауыл шаруашылығы өнімінің қорларын тұрақтандандыру, бағалардың орынсыз ауытқуларынан сақтандыру туралы маңызды шаралар заңдастырылмақ.
Кезінде назардан тыс қалып қойған өзекті мәселердің бірі ауыл іргесіндегі жерді жайылымдық ретінде пайдалану туралы да заң жобасын қарастырып жатырмыз. Жеке қожалық туралы да біраз пікіріміз баршылық.
Заңның өмірге келуі өте көп ізденісті, талдауды, үйлестіруді қажет етеді. Сондықтан аталған заң жобалары маңында біздің Комитет мүшелері әлі де болса біраз жұмыс атқарады.
Ауыл кәсіпкерлері үшін микроқаржы ұйымдарының жұмыстарын заңдастыруға Комитет мүшелері атсалысуда.
Комитеттің жұмыс жоспарында әлі толық пысықтауы қанбаған, бірақ ауылдың көкейкесті мәселелері бойынша біраз ұсыныстары бар. Ол - болашақтың ісі. Өйткені олар көп жағдайларды сәйкес келтіруді қажет ететін шаралар.
- Өзге сала бойынша қаралып жатқан қандай заң жобаларына толықтырулар енгізуге атсалыстыңыз?
- Депутаттық міндет пен құзырымның деңгейінде, тәжірибеме сүйене отырып, ел азаматтарының пікірін сараптап, басқа да мағлұматтарды пайдаланып, әріптестерімнің арасындағы ойларды ескеріп, жұмыс топтарында бірнеше заң жобаларына ұсыныс жасадым.
Ел рәміздері, азаматтық төлқұжат, микроқаржы ұйымдары, ардагерлер туралы және тағы басқа заң жобаларына жолдаған ұсыныстарым қолдау тапты.
Ұсыныстың барлығы да түгелдей қолдау таппайтын кездер де болады. Ондайда ешқандай реніш жоқ. Өйткені терең де жан-жақты ізденбесең, сараптамаң таяздау болғаны, ескі тәжрибенің шеңберінде қалып, болашаққа болжам жасай алмаған кінә өзіңде.
- Ауыл-аймақтарды жаңа заманға лайықты деңгейге жеткізу үшін қандай іс-шаралар атқарылуы тиіс деп ойлайсыз?
- Ауыл тұрмысы мен хал-ахуалы күрт өзгермеді деген пікір бар. Күрт өзгеру мүмкін емес, бірақ түбегейлі өзгергені айдан анық. Бұл кім болса да мойындайтын жағдай.
Қазақстанның еншісіне тиген ауыл шаруашылығы негізінен қарызға белшесінен батқан, көрші елдің қас-қабағына тәуелді, сыртқа шығуға тәжірибесі жоқ түйін-түйін қордаланып қолған сала еді. Бұл жағдайды өзгерту оңайға түскен жоқ...
Жол-жөнекей назардан тыс қалған жәйттер де болады.
Соның бірі жекешелендірілген ұжымшар мен кеңшарлардың негізінде құрылған ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіру жолын әлі күнге дейін таба алмай келеміз.
Елдігімізден айырылып қалмайық, халқымызды тоздырып алмайық деп жүріп, жасырары жоқ, нарықтың қыртыстарын, қым-қиғаш қалтарыстарын жете білмегендіктен, осындай олқылықтарды дер кезінде ескеріп, шешім іздестірмедік.
Жерді ұтымды пайдалану, жоғары өнімді арнайы техниканы қолдану, малды асыл тұқымдандыру, сапалы тауар өндіру, жұмыс қолын жетілікті ету үшін әр саланың маманы бар ірі шаруашылықтың еншісі екенін білгенмен, ірілендіру ісімізденәтижеміз болымсыз.
Ауыл кәсіпкерлеріне ыңғайлы, сұранымға бейімделген ауыл шаруашылығын несиелендіретін банктің өмірге келуі де ұзаққа созылып кетті.
Шетелдің талабы жоғары бәсекесіне төтеп беру үшін еліміздің негізгі байлығының басы астық өңімдерін сатуды бір қолда шоғырландыру толғағы жеткен шаруа өз кезегін тосуда.
Өзіміздің отандық ауыл шаруашылық ғылымының жетістіктерін, қол жеткен табыстарымызды елемей жүргеніміз өте қынжылтады.
Елбасы ауыл шаруашылығының дамуына уақытында көңіл бөліп, тиісті шешімін тауып, қажетті қаржы бөлінуін қадағалап, тиянақты тапсырмаларын өзінің Жолдауларында жылма-жыл атап өтеді.
Қордаланып қалған шаруалар шешілді, тоқыраудың қыспағы бұзылды. Ел пікірі оң қалыптасуда. Талпынған табысын табуда. Ауыл халқының еңсесі - көтеріңкі, мақсаты - айқын, жетістігі - анық.
Дегенмен де Елбасының тапсырмасын орындауда әлі де болса енжарлық, күрделі мәселеге ақша бөлумен бәрін шештік дейтіндер кездесіп қалады. Осы бір қобалжытатын жәйттер менің төрағалық ететін «Нұр Отан» партиясының сараптама тобында бірнеше мәрте өте қызу талқыланды.
- Бір мысал келтіре кетсеңіз?
- Сөзім дәлелді болу үшін айтайын, Елбасының 2011 жылғы Жолдауында мал шаруашылығын дамыту туралы өте қомақты тапсырма бар.
Түсінген жанға, қазағымның ата кәсібі мал басын көбейтіп, тұқымын асылдандырып, өнімін сапалы етуден басқа не қажет?!
Ақылмен ұйымдастырып, Елбасының қамқоры мен қолдауының арқасында әрі кетсе 7-8 жылда ауыз толтырып айтатын, ұрпаққа үлгі болатын іс атқаруға бар жағдайды ұтымды пайдалануға болар еді.
Төрт аяқты мал даланың шөп-суымен ғана емес, аса тиянақты бағып-қағумен өсетін ерекшілігін жадында сақтаған адам ғана табысқа жетеді.
Бар жағдайы ескеріліп, бір кешенге мал басы көп шоғырланғанда ғана тапсырма ойдағыдай орындалады.
Астана мен Алматының төнірегіндегі мал бордақылау аландарының шамасы ет өнімдерінің сыртқа шығуын тиісті денгейге жеткізе алмайтынын ескеріп, барлық облыстардың да мүмкіншілігін игеруге жағдай туғызу керек екендігін біздің сараптама тобының мүшелері баса айтқан болатын.
«Мал өнімдерімен ішкі нарықтың талап-тілегін орындау бір бағдар да, ал экспорт сұранысын қамтамыз ету басқа бір өте жауапты бағдар» деп іс атқаруды да лауазым иелеріне тайға таңба басқандай айтқанбыз.
Ауыл шаруашылығы бірер жыл ішінде тез өзгеретін сала емес. Уақытты ұтымды пайдаланып, жағдай жасалынып, заман талабына сай кәсіптің негізі қаланса, Жер-Ананың берері ұзақ жылдар бойы мол болатынын дамыған елдердің көп жылдық тәжірибесі мен жетістіктері әлденеше рет дәлелдеген. Әлі де болса әділ бағасы нақты емес, осыдан 60 жыл бұрын көтерілген тың жердің жемісі 2011 жылы қазақтың мерейін тағы бір көтерді. Күтімі болса, елдің астық алқабы әлі де таң қалдырары хақ.
Елбасы қиыннан қиыстырып, ыңғайын тауып, өткенді саралап, болашақты болжап мемлекетіміздің нығаюы жолдарына қажет қаржы тауып, уақтылы бағыт-бағдар беріп, әрбір Жолдауында анық тапсырмаларын көрсетіп отыр.
Ендігі жерде Елбасының талап-тілегін орындау - ел басқарып отырған азаматтардың басты мақсаты мен жауапты міндетті.
- Ауыл халқының әлеуметтік жағдайын әлі де жақсарта түсу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
- Ең біріншісі де, маңыздысы да - ауыз бірлік пен қарапайым халықтың пікіріне құлақ асу.
Халық айтса қалт айтпайды, - деген данышпандар.
Ел ішіндегі сын, өткір пікір, баса айтылған ой, ешкімнің сағын сындырып, мұқатып-кекетіп айтайын дегендіктен емес, сол келеңсіздіктер халқымыздың тұрмысында болмаса екен деген тілекпен айтылады. Ондайға кек сақтап, ерегісу парасаттылықтың нышаны емес.
Халық тілегін, халық сөзін кейбір көсемсінген, ақ пен қараны айырмайтын, соқыр көңілділердің шатпағымен ешуақытта араластырмау ат үстіндегілердің қағидалары болу қажет.
Елбасының қолдауымен ауыл халқына арналып өте көп жағдайлар жасалуда. Оған өткен сайлауалды кездесулерде көзіміз жетті.
Аягөз қаласындағы мұз айдынындағы бүлдіршіндердің қуанышы, түн ортасында Зайсан қаласының шам жарығынан жарқыраған көшелері, Ақсуат пен Ақжардың ақжарқын халқының өткен жылы су басқан ауылдарының бүгінгі көркейген көркін мақтаныш етуі, Қарауыл мен Қалбатау ауылдарының Жастар сарайы, Көкпектінің ортасындағы сәні келіскен қонақ үйі, тағы басқа жаңарулар ел тұрмысының оң өзгерісінің айқын куәсі.
Қазақтың ынтымағы нық болса, еліміздің іргесі берік болып, ауылымыздың көркейе беретіні анық.
Елбасымыздың тапсырмаларын бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір кісідей атсалысып орындау - ел тұрғындарының азаматтық парызы.
- Рақмет әңгімеңізге.