Елбасының зейнетақы жүйесін жаңарту мәселелері жөніндегі үндеуін батысқазақстандықтар да қолдауда

ОРАЛ. 10 маусым. ҚазАқпарат - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына зейнетақы жүйесін жаңарту мәселелері жөніндегі үндеуіне орай Ақжайық аудандық ішкі саясат бөлімі «Шуақ» әйелдер қоғамдық бірлестігінің бастамасымен еліміздегі зейнетақы реформасы төңірегінде ойбөлісу ұйымдастырылды.

Бөлім, мекеме басшылары, ҮЕҰ жетекшілері, түрлі сала өкілдерінің қатысуымен өткен жиынды ішкі саясат бөлімінің басшысы Тілек Ғабдушев ашып, жүргізді.

«Шуақтың» төрайымы М.Мәмбешова қазақстандықтардың айтарлықтай бөлігі толыққанды түсініп үлгермеген заң жобасына қатысты Елбасымыздың ойлы түйіндерімен таныстырды. Көпшілікті әйел адамдардың зейнет жасын ұлғайту төрт жылға ұзарғаны, сондай-ақ бұл үдерісті біртіндеп өсіру жолдары қарастырылатыны қуантты. Кездесуде сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғ.Лұқпанов, оның орынбасары Ж.Қажығалиев, «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары С.Аймұқашев, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Ж.Нұржанова, ұстаздар Ж.Ғабдуллина, Ж.Бөлекбаева, «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі А.Нысанбаева, кітапхана қызметкері Л.Акутина және өзгелердің де пікірлері де бір жерден шықты. Олар ұлт көшбасшысының ұтымды ұсыныстарын толық қолдайтындарын баяндап, 2018 жылға дейін халықтың қажеттіліктен туындаған реформаға психологиялық тұрғыда дайын боларына сенім білдірді.

«Әрине, бұл заңнамада, біздің ойымызша, қаралуы тиіс мәселелер жетіп артылады. Оның үстіне қала мен ауылдағылардың тыныс-тіршілігін салыстыру мүлдем қисынсыз. Халықтың санатына қарай да заңнамада ерекшеліктер болуы керек деп есептейміз», - деді ардагерлер жетекшісі Ғ.Лұқпанов.

Елбасымыз атап көрсеткендей, еліміздегі зейнеткерлердің 70 пайызын құрайтын әйел жандардың зейнет жасын арттырудың басты себебі - зейнетақы төлеудегі қаржының болжамды тапшылығы. Ал, қандай заң болмасын, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталуы тиіс. Басқосуда осылай пайымдағандар әлем елдерінің озық тәжірибелеріне негізделіп, ерте ме, кеш пе, іске асатын маңызды реформаға бей-жай қарамай, жан-жақты икемделу керек деп тарқасты.