Қалып қалай бұзылды?
Кеңес Одағы жылдарындағы билік жүйесі бюрократтық кедергілермен әбден құрсауланып, жазылмаған заңдылықтармен жанышталып, темірдей қалыпқа түсірілген қамал сияқты болатын. Сондықтан, оның бойында кездескен жазылмаған заңға кереғар сәл ғана ауытқушылықтар үлкен сенсация ретінде қабылданатын. Әсіресе, кадр саясатындағы мәселелер де осы «заңдылықпен» қатып қалған еді. Неше жерден аузымен құс тістеген алымды қызметкер болсаң да қалыпқа сәйкес тиісті баспалдақтардан өтпесең, карьералық мәселеңде бір ақау бар сияқты көрінетін. Бір ғана мысал айта кетейік. Солтүстік Қазақстан облысының бір түкпіріндегі «Городецки» ауылдық орта мектебінде директор болып жүрген Қайролла Мұқанов ағамызды обком іскерлігін бағалап, 1971 жылы облыстық оқу бөлімі бастығының бірінші орынбасары қызметіне бірден тағайындайды. Өз ісінің маманы, әрі білімді (орыс мектебін күміс медальға бітірген), әрі ісіне тыңғылықты, шебер ұйымдастырушы бола білген оны енді облыстағы немесе республикадағы келесі бір билік баспалдағына өсірейін десе «ауданнан өтпеген екен» деген кедергі алдан шыға беріпті. Сөйтіп, бар айыбы аудандық оқу бөлімінде істемегендігі болған ағамыз беймезгіл келіп қалған жоғары қызметтен «зардап шегіп», ешқайда бұлтара алмай, ширек ғасырдай бір-ақ креслода отырып, ақыры зейнетке де сол жерден шыққан еді... Мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады.
Жоғары жаққа жазылған арыз-шағымдардың да тағдыры сондай болатын. Жергілікті биліктің көрінеу көзге жасаған әділетсіздігі мен заңсыздығын айтып, Мәскеуге, Кремльге жазылған шағымдар айналып келіп, ауылдағы бастықтардың тексерілуіне берілетін. Сөйтіп, кейде кімге шағынсаң, арызың соның тексерілуіне тиіп жататын. Мұндайды көрген халық та ешқандай нәтиже шықпасын біліп, шанда бір шектен шыққан іс болмаса кейін жоғарыға шағым жазуды да қойған. Сондықтан да кейбір бассыздықтар, қазанбұзарлықтар «жабулы қазан жабулы күйінде» қала беретін.
Ал орынды ұсыныстар, зерделі пікірлер ше? Мұндайларды да білдіру үшін алдымен он ойланып, жүз толғанған жөн болады. Өйткені, «бастамашыл болсаң - басыңа тиеді» («инициатива наказуема!») деген қағида да берік қалыптасқан болатын. Тіпті, ішіңе сыймай бәрібір жоғарыға ұсыныс енгізетін болсаң, ол ең жақсы дегенде «зерттелінсін, ұсыныс білдірілсін» деген бұрыштамамен жергілікті басшылықтарға қайтып келетін. Мұндай ұсыныстарды алдымен өздеріне айтпай жоғарыға айдаған қызметкерге шамданып қалған жергілікті басшылық оң баға бере қоймай, «қаралды, тексерілді, шара қолданылады» деген сияқты шығарыпсалма жауаптармен жайғай салатын.
Міне, осындай, қатып тұрған қалыпты бұзып Қарағанды металлургия комбинатының 34 жастағы жап-жас партком хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1974 жылы КОКП Орталық комитетіне қалай ұсыныс жасап жүр? Тереңдеп қарасақ, осының өзі көзсіз ерлік екен-ау. Рас, Қарметкомбинаттың партком хатшысы Орталық комитеттің номенклатурасындағы қызметкер болыпты, алайда, ол партиялық тіркеуде Теміртау қалалық комитетінде тұратын еді ғой. Тіпті, қалалық комитеттің бюро мүшесі. Оның үстінде Қарағанды обкомы, одан әрі Қазақстан КП Орталық комитеті бар. Қалып бойынша осылардың бәрінің батасын алған соң ғана ол Кремльдегі «құдай емес, құдайдан былай да емес» дейтін «жер тәңірісіне» шығу керек еді ғой. Ал ол бастаманы көтеріп қана қоймай, оны бірден ең үлкен жердің өзіне жіберіпті.
Ең бастысы бұл бастаманы атынан ат үркетін, әлемдегі ең мықты екі мемлекеттің бірінің ең жоғарғы сатыдағы екінші адамы - М.Сусловтың өзі дұрыс деп мойындап, оның ұсынысын орынды деп санапты. Осының өзінен-ақ Назарбаевтың тегін адам емес екендігі сол кездің өзінде-ақ көрінген тәрізді. Комбинаттың партком хатшысы болып, үлкен басшылардың айтқанын орындап, айдағанына жүріп, халықпен кездескенде жайраңдап сөйлеп, жұмысшыны жалпаңдап қолдап жатса да ол өзінің пендешілік ұпайын түгендеп, жұрттан озып, көштен қалмас еді. Және ондайлар толып жатты. Кеуделеріне орден-медальдардың да неше атасын сондайлар қадап, күшене ыңыранып, күпсіне сөйлеп жататын да сондайлар. Ал нақты не жұмыс бітірдің десе ештеңені есіне түсіре алмай, әйтеуір көптің арасында бір пенде болып жүргенін ғана айта алады.
Сол кездің өзінде партиялық биліктің бірқатар сатыларынан өткен, қалалық комсомолдың да көшбасшысы болып үлгерген Нұрсұлтан Назарбаев партиялық тәртіп дегенді де жақсы ұғатын, оның қалыптарымен де жақсы танысқан. Сондықтан оны көзсіз көбелек болды деп айта алмайсың. Алайда, ол халықтың, соның ішінде кеше ғана өзі де қатарында жүрген жұмысшылардың ауыр ахуалына бейжай қарай алмапты. Сол себепті, басын қатерге тігіп, тәуекелге бел байлап, ең жоғарыдағы алыптың өзіне ауыз салады.
«Жауыр» шоқыға түскен жас кент
Теміртауда осы заманғы қала салуды Кеңес Одағы ешқашан күн тәртібіне қоймаған. Жалпы, КСРО-ның қазақ даласын жаңғырту туралы идеологиясы - жердің бар байлығын сорып алып, қалған дүниесін шашып-төгіп тастай салуға бағытталған еді десек көп қателеспейміз. Қазір де анадайдан қарайған орындары көрініп, бұрынғы кен орындары жатады. Оның үстіне көптеген кен орындары вахталық әдіспен игерілген. Мұндайда жұмысшылар мен мамандардың уақытша тұратын жатақтары ғана салынып, ешқандай әлеуметтік жағдайлар жасалмайды. Демек, артық шығын жоқ. Кен орнының негізгі байлығы сорып таусылған соң ол жерден орталық ведомстволар тайып тұратын. Сондай жолмен кезінде шашылып қалған қаншама бұрынғы мұнай кен орындары, рудниктер мен шахталар бекітілмеген (консервацияланбаған) күйінде де қалдырылған. Дағдарыс жылдарында басқа жұмыс болмаған соң сондай шахталарға түсіп темір-терсек жинаймын деген кейбір жандардың қайғылы жағдайларға ұшырағандары да бар. Кейбірінен артынан кен шығып жатқаны да кездескен. Мәселен, осыдан 3-4 жыл бұрын газеттерде Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы бұрынғы «Бурылбайтал» кен орнынан мұнай ағып жатқаны туралы айтылды...
«Жауыр» атты шоқының бауырына түскен қазіргі Теміртау алғашында Самарқан деп аталған. Бәлки Самарқаннан көшіп келген бір ағайындарымыз алғашқы болып қоныстанып, осы атты берген болуы керек. Басқа келімсектер қойған ондай Киевка, Полтавка, Николаевка, Черкасска деген сияқты елді мекендер бізде көп қой... Бұл да сол сияқты болуы керек.
Осы Самарқанға соғыс жылдарында Украинаның Мариуполь қаласынан металлургия зауыты көшіріліп әкелініп, ол 1944 жылдың 31 желтоқсанында алғашқы өнімін береді. Ал 1945 жылы кент Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов пен КСРО Қара металлургия халық комиссары Иван Тевосянның шешімімен Теміртау атанады. Айта кететін жайт, осы Тевосянның қарындасы Юлия - Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшысы болған Левон Мирзоянның әйелі. Ол да күйеуімен бірге 1937 жылы ұсталып, түрмедегі ұрып-соғуға шыдамай, ақыры ақыл-есінен адасып өлген.
Сол, 1945 жылдан бері қаланың өнімі жақсы болса да жұмыс істейтін халықтың әлеуметтік жағын жақсарту биліктің ойына кіріп те шықпаған. Соғыста тұтқынға түскен жапондар салған үйлерден басқа көрнекі дүниелер мұнда мүлде жоқ-ты. 1950 жылы «Қарағанды металлургиялық комбинаты» деген атақ алып, бүкілодақтық екпінді құрылыс болып жарияланса да өндіріс орнынан басқаға көңіл бөлуге биліктің ықыласы болмады. Оның бір мәнісі - Теміртау өндірісінің жергілікті өкіметке емес, Мәскеудегі КСРО Қара металлургия министрлігіне қарайтындығынан еді. Ол ведомстводағыларға Теміртаудың халқы емес, темірі ғана керек-ті. Халық қажеттілігін өтемегендік ақыры 1959 жылғы атақты Теміртау көтерілісіне ұрындырды. Нан, ет қана емес ауыз судың өзі тапшы болғанына назаланған жұмысшылар көтеріліске шыққан болатын. Олармен келіссөздер жүргізуді бойына шақ көрмеген Хрущев бастаған өкімет көтерілісті қарудың күшімен басқан. Ресми мәліметке қарағанда, соның нәтижесінде 16 адам өліп, 27-сі ауыр жараланған. 70-тен артық адам сотталып, түрмелерге тоғытылған. 28 милиция қызметкері де жараланған. Іс жүзіндегі шығындар бұдан әлдеқайда көп болғандығы да айтылып жүр.
Осындай жағдайдан кейін ғана билік Теміртаудың әлеуметтік жағына біршама көңіл бөлген. Тамақпен, ауыз сумен қамту жағы біршама жақсарған болатын. Алайда, еңбекшілердің бос уақытын жақсы өткізу мүмкіндіктері, бала-шағасының демалысын ұйымдастыру, спортпен айналысу сияқты перспективалар барынша шектеулі еді. Ауыр жұмыстан шаршап шығатын жұмысшылардың үй-жайлары да еткен еңбегіне татымайтын. Ең жақсы деген баспаналары тап-тар бөлмелері бар «хрущевтік қуыстар» болатын. Әйтпесе, қуықтай асүйінде бірнеше әйел сабылып бір-ақ жүретін «коммуналкаларды» паналайтын. Үйленбегендердің көрген күні бұдан да сорақы, оларға осындай да пәтер берілмейді, өмірлері тек сатыр-күтір жатақханаларда ғана өтіп жататын. Өзі де сұрғылт қаланың асфальт төселмеген жолдары да күн жауса болды езіліп, жүрудің өзін қиындататын. Домна пешінің жанындағы темір балқып жатқан ыстыққа күйіп шыққан жандардың көрген күні осы еді.
Металлургтердің жұмыс басындағы тұрмыстық ахуалдары да көңіл көншітпейтін. Аласа, тар қуыстардағы күңгірт асханалар, ұзыннан-ұзақ кезекке тұрып, зорға қол жеткізетін жуыну бөлмелері, киініп-шешінетін жерлердегі аяқ алып жүргісіз лас жағдайлар мың градустық пештің жанында тұрып келген жұмысшыларға деген құрметті көрсетпейтін.
Жас хатшының ерлігі
Міне, осының бәрін жеке өз басының проблемасындай қабылдаған жас хатшы жағдайды қалай да дұрыстау керектігін күндіз-түні ойынан шығармайды. Сол кездің өзінде жер тарпыған жас тұлпардай болған жігіт керенау тірлікті қаламай, «жоққа жүйрік жетпейді» деген тым тәубешілдікті тәрк етіп, жаны тыншымаған сияқты. Оның үстіне халықтың өзіне сенген, өзінен бір үміт күткен көңілдері де жас жанына тыныштық бермеген болуы керек. Сондықтан, адамгершіліктің ақ туын желбіретіп, халықтың қамы үшін басын бәйгеге тігіп, тәуекелге бел байлаған сияқты. Тіпті, «бастамашыл болсаң - басыңа тиеді» деген қағиданы жақсы біліп тұрса да жеке басына тиюі мүмкін зор қауіпке де қарамаған. Осы бір істен-ақ оның бойындағы адамгершіліктің ежелден зор екенін, жасампаздыққа ұмтылған жанында тәуекелшіл батылдықтың шексіз екенін көруге болады.
Жуырда Мәскеуден орыс жазушысы Сергей Плехановтың «Жібектей есілмеген жол» атты Н.Назарбаевтың өмірі мен ісі жайлы кітабы жарық көріп, соның Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырған тұсаукесер рәсімі болды. Шараны жазуға «Егеменнен» барған журналист осы жолдардың авторы болғандықтан кітаппен жақсылап танысқан едік. Қай күнде танымды дүние тартымды болады ғой. Мына кітаптағы оқиғалардың танымдылығы да зор болғандықтан, оны бас алмай оқып шықтық. Бұрыннан белгілі дүниелердің өзіне ол жаңа көзқараспен, жаңа дүниетаныммен қарауға мәжбүр етті. Соның ішінде осы оқиға да бар. Бұрын оны Н.Назарбаевтың өзінің «Без правых и левых» (Москва: «Молодая гвардия», 1991 г.) атты кітабынан оқыған едік. Ал мына автор сол оқиғаға терең назар аудартып, оның маңызы мен мағынасын аша түскен. Соның ішінде, жас хатшының жоғарыға хатты жазуын жазып жіберсе де арты не болар екен деп біршама толғанған күйін де суреттепті.
Орталық комитеттің, соның ішінде оның Брежневтен кейінгі ең үлкен басшысының назарын аудартып және өзінің дұрыстығын мойындатқан құжаттың осал еместігін осы кітапты оқып отырғанда терең тани түстік. Егер онда кәсіпорындағы әлеуметтік кемістіктер ғана көрсетіліп, соны жөндеу жағы ғана айтылса, оған үлкен назар аударылмай, ең жақсы дегенде түзетуге тиісті қызметтерге тапсырылар еді. Ал мына құжатта жұмысшылардың әлеуметтік қорғалмауының салдарынан еңбек өнімділігінің төмендеп, өз кезегінде ол белгіленген жоспардың орындалмауына әкеліп соқтыратыны тайға таңба басқандай етіп дәлелденген екен. Ал жоспар десе «жоспарлы экономикаға» байланып қалған жүйе аза бойы қаза болатын. Сондықтан әлеуметтік мәселені автор жоспарға шеберлікпен үйлестіре білген. Өндірістегі ондаған апаттардың салдарлары да ашылып, еңбек тәртібінің төмендеу, жұмысқа шықпау, кешігу себептері де көрсетіледі. Алыстан шақырылған мамандар әлеуметтік жағдайдың адам төзгісіздігіне шыдамай, кетіп тынады, ал жергілікті кадрларды тартудың, өндіріске қызықтырудың мүмкіндіктері жоқ. Соның бәрі тек өнім алуды, жоспар орындауды ғана көздеген өндірісшілердің басқа мәселелерге назар аудармағандығының кесірі. Кезінде Теміртау көтерілісі де жұмысшылардың халін ескермегендіктен болған еді дей келіп комбинаттың барлық сырын бес саусақтай білетін жас хатшы соның бәрін әрі саяси, әрі экономикалық, әрі әлеуметтік тұрғыдан шебер жымдастырады және... Осы мәселелерді шешудің жолдары мынадай-мынадай деп, дағдарыстан шығудың барлық амалдарын көрсетіп те береді.
Үлкен билікте Сталиннің кезінен отырған сұңғыла Суслов мұны жазған адамның осал еместігін бірден таныған болуы керек. Талқылауды ОК Хатшылығының отырысына тапсырған ол алдымен автордың кім екенін білмек болып, өзінің жеке қабылдауына шақырады. Сөйтіп, жап-жас қазақ жігіті жеке кәсіпорындардың (қандай болса да) партком хатшылары түгіл обком, республика хатшыларының өзі қол жеткізе алмайтын кездесуге жалғыз барады.
Осы жерде Н.Назарбаевтың мінезіндегі қарапайым жұмысшы арасында қалыптасқан туралығы мен батылдығы да күш берген болуы керек, ол ештеңеден қорғалақтамай барлық жайды хатшыға қолдан қойғандай етіп, баяндап береді. Суслов оның сөзі мен ісіне тәнті болғанын жасырмай, есімін өзіне белгілеп алғаны хақ. Артынан, арада бес жыл өткен соң, оны Қазақстан КП Орталық комитетінің хатшылығына көтергенде алғашқы кездесуді еске алып, міне, біз сізді өсірдік деп еске алатыны да бар.
КОКП ОК Хатшылығындағы Н.Назарбаевтың ұсыныс-хатын қараған отырыс бойынша арнаулы Қаулы қабылданып, ол дереу орындалуы үшін Үкіметке тапсырылады. С.Плехановтың аталмыш кітабында осы қаулы жөнінде кезінде КСРО-ның металлургия министрі, одан Қазақстанның, кейін Ресей Федерациясының вице-премьері болған Олег Сосковецтің мынадай пікірі келтіріледі: «Именно он, как грамотный, организованный специалист, досконально знающий положение дел, готовил постановление ЦК о социальном развитии Карагандинского металлургического комбината, а затем неустанно работал над его реализацией. Были построены новые жилые кварталы. Появились замечательные спортивные объекты - стадион, плавательный бассейн, легкоатлетический манеж, ледовый дворец. Все это было выполнено на самом высоком уровне. Люди видели эту заботу и отвечали достойным трудом». Бұл үзінді О.Сосковецтің «Металлург во главе государства» атты «Металлы Евразии» журналының 2010 жылғы екінші нөміріне шыққан мақаласынан алыныпты.
Ал сол жылдары Теміртау қалалық атқару комитетінде қызмет еткен Владимир Рыскальдың айтуына қарағанда, Қарағанды металлургия комбинатының әлеуметтік жағдайын жақсартуға байланысты Н.Назарбаев қабылдатқан қаулының (мұны «Назарбаев қаулысы» деп атасақ та артық емес) арқасында қалада жүздеген тұрғын үйлер, бала бақшалар, т.б. салынғаны айтылады. «Бізде балабақша кезегі шешілмейтін проблема секілді болған еді, ал 1975 жылдан бастап жылына 2-3 балабақша іске қосылып, мәселе шешімін тапты. Сонымен қатар, бірнеше техникум, педучилище ашылды. Тұрғын үй салу көлемі жыл сайын 100 мың шаршы метрге дейін арттырылып, ақыры, 1988 Теміртауда тұрғын үй алудың кезегі жойылды. Ондайды Кеңес Одағының басқа жерінен табу қиын еді», дейді ол (С.Плеханов, «Не шелковый путь», Москва., «Международные отношения»., С.111-122).
Әріптесіміз, белгілі журналист Айтбай Сәулебектің «Елбасының алтын бесігі» атты кітабы бар. Сол кітаптағы кейіпкердің бірі Теміртау қалалық атқару комитетінің 1976-1984 жылдардағы төрағасы болған Саят Бейсенов ағамыз екен. «Назарбаев қаулысының» арқасында қол жеткізген жетістіктер туралы: «Одақтық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, жылына 100-120 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп тұрды, әр шағын ауданға 3-4 балабақша, 2-3-тен мектеп салынды. Көрнекті нысандардың бірі - зауыт-ВТУЗ, металлургтердің мәдениет сарайы, оның жанынан АТС, спорт кешені салынды. Теміртаудың орталық көшелерін жаңғырттық. Жаңа нан зауытын, «Мир» кинотеатры, музыкалық драма театры ашылды. Осыдан кейін кезек медицина саласына де жетті», деп еске алады. (А.Сәулебек., «Елбасының алтын бесігі»., Астана, 2011ж., 106-б.)
Сөйтіп, «Назарбаев қаулысының» арқасында Арқаның бір түкпірінде адам танымастай тамаша қала бой көтеріпті. Бұрынғы шағын кентте осы заманғы озық қаланың мұқтаждықтарын өтейтін барлық қызметтер, кәсіпорындар мен мекемелер дүниеге келген екен.
2014 жылы «Егемен Қазақстанның» Қарағанды облысындағы күндері болып, Қарметкомбинатты біз де көрдік. Түтіні бұрқырап, дарылдап-дүрілдеп жатқан алып кәсіпорынның өндірістік цехтарына апаратын жол биік көпір арқылы өтеді екен. Бізді бастап жүрген жігіттер Президент осында келген сайын кәсіпорын тұтастай көрінетін осы көпірдің үстіне шығып, айналасына ұзақ қарап, ойланатынын айтып еді. Бәлки, сонда ол өзінің орда бұзар отыздағы жігіттік шағын, аспандағы айға қол сермеп, Кремльдегі елдің нағыз қожайындарын Қазақстанның бір түкпіріндегі осынау кәсіпорынға бұра алғызған үлкен ерлігін де еске алатын шығар-ау...
Біздіңше, 1994 жылы республиканың астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы идеяны қолға алғанда да ол осы ерлігін есіне түсірген болуы керек. Қол-аяқ бұғауда болмаса да еркіндігі жоқ сол заманда да қала салғыза алдым ғой, ал енді еркіндік өзімізге тигенде неғып қала сала алмаймыз деп ол өзін өзі қайраған сияқты. Сондықтан да скептиктердің толып жатқан сылтауларын көзге ілмей, ақыры бүкіл әлемді таңғалдырған Астананы салып шықты. Отызда орда бұзғандықтың ақыры осындай болады екен.
«Егемен Қазақстан» газеті, 2015 жылғы 10 маусым