Елбасының Жолдауын орындау аясында мұнай-газ секторында іске асырылған негізгі жұмыстар нәтижесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан - мұнайлы ел. Шикі мұнай өткен жылы еліміздегі экспорт көлемінің басым бөлігін құрады. Мұнай өндірісі бойынша республикамыз әлем бойынша 17 орында. Бұл әрбір азаматқа жыл сайын орташа есеппен 4,5 тоннаны құрайды.

 Еліміздің тұрақты экономикалық өсімінің стратегиялық маңыздылығын сақтау - Елбасының 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында мұнай-газ саласы үшін қойылған басты міндеттің бірі.

Энергетика министрлігімен мұнай-газ кешенінің, оның ішінде геологиялық барлау, атом және уран салаларының дамуына серпін беретін жобалық басқару шеңберінде 14 бастама жүзеге асырылуда.

2025 жылға қарай мұнай өндіру көлемін 107,3 млн. тоннаға дейін, газ өндіру көлемі  77,3 млрд. текше метрге дейін арттыру жоспарлануда. Экологиялық стандарты бар мұнай өнімдерінің өндірісі үшін мұнай өңдеудің жыл сайынғы көлемі шамамен 17 млн. тоннаны құрайтын болады.

Бастамаларды табысты іске асыру 2025 жылға қарай отын-энергетикалық кешенінің қосылған құн салығының орта жылдық өсу қарқыны ағымдағы базалық көрсеткіштің 2,4% деңгейінде 4,1%-ға қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал 2017-2025 жылдар аралығындағы инвестициялардың жалпы көлемі 17,5 трлн. теңгеден астам соманы құрайды. Оның ішінде 97% жеке қаражат есебінен қамтамасыз етіледі.

Жалпы алғанда, энергетика саласында ағымдағы жылдың 10 ай көрсеткішінің  даму серпіні 2016 жылдың ұқсас мерзіміне қарағанда оң нәтиже көрсетіп келеді. Нақтылап атайтын болсақ, Қашаған - 6,5 млн.тонна, Теңіз -23,7 млн.тонна және Қарашығанақ -10,3 млн. тонна ірі жобалар есебінен биыл мұнай өндіру көлемі 71,1 млн. тоннаны құрады. Былтырғы осы уақытта болған көрсеткіштермен салыстыратын болсақ, бұл 11,4%-ға көбірек.

Сондай-ақ, газды өндіру көлемі 43,5 млрд. текше метрді құрады.  Алдыңғы жылдың ұқсас мерзімінде бұл көрсеткіш 15,6%-ға кем болатын. Ал мұнайды өңдеу көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 2,8%-ға артып, 12,2 млн. тоннаны құрады.

Айта кетейік, отандық ішкі нарықты отандық жанар-жағар маймен қамтамасыз ету үдерісі жоспарда көрсетілген көлемнен асырылып орындалуда. Егер дизельдік отынмен қамтамасыз ету жоспар бойынша 86% болатын болса, бүгінгі таңда аталған көрсеткіш- 86,7%. Авиакеросин  тарапынан да тапшылық байқалмайды, жоспар бойынша тиісті 47% көлем  49,3%-бен орындалуда.   

Алдыңғы жылдың 10 айымен салыстырғанда сұйытылған газ өндірісінің көлемі 11,6%-ға артып, биыл 2,4 млн тоннаны құрады. Ұқсас өсу көрсеткіштерін мұнай мен газ экспортында, өндірілген электр энергия, көмір және уран көлемінде байқауға болады.  

ҚР Энергетика министрлігі Жер қойнауы кодексі және Салық кодексі жобаларында әкімшілік рәсімдерді жеңілдету бойынша түбегейлі нормативтер әзірлеген болатын. Аталған өзгерістер жер қойнауын пайдалану саласын, оның ішінде геологиялық барлауды ынталандыру мақсатында жасалды. Қазіргі уақытта Кодекстер жобасы ҚР Парламентінің қарастырылуында. Жалпы, мұнай геологиялық барлауға тартылатын ең төменгі қосымша инвестицияларының көлемі шамамен 800 млн. доллар - 1 млрд. АҚШ долларды құру керек.

Сондай-ақ, «Цифрландырылған Қазақстан» бағытында министрлікпен ақпараттық жүйелерді енгізу бойынша бастамалар шеңберінде белсенді түрде жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ,  SanaField интеллектуалды кен орны, «Цифрландырылған кеніш» ақпараттық жүйесі, мұнайды есепке алу ақпараттық жүйесі, «Қазақстан Республикасының жер қойнауын бірыңғай мемлекеттік басқару жүйесі» Интеграцияланған ақпараттық жүйесін дамыту сынды жұмыстар жүргізілді.