Елде ең көп сұранысқа ие донорлық ағза белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде трансплантаттау саны артып, қайтыс болғаннан кейінгі донорлық жүйесі дамып келеді.

Фото: ДСМ

13 тамызда Дүниежүзілік донорлық күні атап өтіледі. Бұл күн өмірлік маңызы бар трансплантаттауды күтіп жүрген адамдарды еске салып, оларға өмір сүруге мүмкіндік беретін донорлықтың маңыздылығына назар аударады. Бүгінде Қазақстанда ағза трансплантаттауын 4 739 адам күтіп жүр, оның ішінде 125 бала бар. Сонымен қатар елімізде трансплантаттау саны артып, қайтыс болғаннан кейінгі донорлық жүйесі дамып келеді.

— Күту парағындағы пациенттердің басым бөлігіне бүйрек трансплантаттау қажет — 4 208 адам. Бауыр трансплантаттауын — 293, жүрек трансплантаттауын — 208, өкпе трансплантаттауын 30 пациент кезекте.

Соңғы жылдары Қазақстанда трансплантаттау саны артты. 2023 жылы 236 операция жасалса, 2024 жылы — 260, 2025 жылы — 310 операция жүргізілді. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында тағы 150 трансплантаттау жасалды, оның 30-ы қайтыс болған донорлардан алынған ағзалар арқылы орындалды, — делінген ДСМ хабарламасында.

Қайтыс болғаннан кейінгі әлеуетті донорлардың саны артып келеді

— Қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту бағытында да оң динамика байқалады. Егер 2023 жылы 49 әлеуетті донор анықталса, 2024 жылы — 86, ал 2025 жылы олардың саны 186-ға жетті. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында тағы 108 әлеуетті донор анықталды. Сегіз жағдайда мультиағзалық алу жүргізілді, яғни бір донордың ағзалары бірнеше пациентке көмек көрсетуге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада

Бұл ретте әлеуетті донор — ағзалары автоматты түрде алынатын адам емес.

Әңгіме дәрігерлер консилиумы белгіленген тәртіппен ми өлімін анықтаған және донорлыққа қойылатын медициналық өлшемшарттарға сәйкес келетін пациент туралы болып отыр. Осыдан кейін адамның көзі тірісіндегі ерік білдіруі тексеріліп, заңнамада көзделген барлық рәсім жүргізіледі.

Бүгінде Қазақстан азаматтары қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты өз шешімін алдын ала eGov арқылы тіркей алады.

— Қазіргі таңда мұндай таңдауды 172 283 адам жасады. Оның ішінде 16 109 адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісімін білдірсе, 156 174 адам бас тартқан, — делінген министрлік хабарламасында.

Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық туралы шешім — адамның жеке әрі ерікті таңдауы. Денсаулық сақтау жүйесінің міндеті — азаматқа дұрыс шешім қабылдауы үшін шынайы әрі түсінікті ақпарат ұсыну.

Донорлыққа арналған бастамалар медицина мамандарын ғана емес, пациенттерді, олардың отбасыларын, қоғамдық ұйымдарды және мыңдаған бейжай қарамайтын азаматтарды біріктіріп келеді.

Мәселен, 9 тамызда Астанада «Heart Center Foundation» қоғамдық қоры ұйымдастырған жыл сайынғы Jüregımnıñ Jeñımpazy қайырымдылық жүгіріс-фестивалі өтті. Іс-шараға шамамен 7 мың адам қатысты. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантаттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы дәстүрлі түрде іс-шараның әріптесі болды.

Мұндай бастамалар донорлық туралы қарапайым әрі түсінікті тілде — адам өмірінің құндылығы, өзара қолдау және трансплантаттауға мұқтаж адамдарға көмектесу мүмкіндігі тұрғысынан айтуға мүмкіндік береді.

Республикалық орталық трансплантаттау қызметін дамыту, донорлықты үйлестіру жүйесін жетілдіру, медицина мамандарын даярлау және халықтың хабардарлығын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.

Бүгінде күту парағында 4 739 адам тұр. Бұл санның әрқайсысының артында нақты пациент пен отбасы тұр. Ал донорлық ағза олар үшін өмірді сақтап қалуға мүмкіндік беретін үміт болуы мүмкін.

Еске салсақ донор мен реципиенттің сәйкестігін бағалайтын AI қалай жұмыс істейтіні туралы жазған едік