Құжатта мемлекеттік басқарудың негізгі бағыттарын нақтылау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және биоәртүрлілікті сақтау мәселелері қамтылған. Сонымен қатар заңсыз әрекеттердің алдын алу, жануарлар популяциясын реттеу және табиғи тепе-теңдікті сақтау тетіктерін жетілдіруге ерекше назар аударылған. Осы орайда заң жобасындағы жаңа нормалар мен оны іске асыру нәтижелері туралы Мәжіліс депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Дүйсенбай Тұрғановпен сұхбаттасқан едік.
– Дүйсенбай Нұрбайұлы, бұл заң жобасын даярлауға қандай негізгі мәселелер себеп болды?
– Ашығын айтсақ, бүгінде жануарлар дүниесінің жағдайы алаңдатып отыр. Биоәртүрліліктің азайып бара жатқанын, сирек және жойылып кету қаупі бар популяциялардың тұрақсыз екенін көріп отырмыз. Бұл жай ғана статистика емес, яғни әрекет ету қажет екенін білдіретін нақты белгі.
Сонымен қатар браконьерлік мәселесі әлі де өзекті. Иә, заңдар бар, бірақ олардың тиімділігі жеткіліксіз. Сондықтан бұл заң жобасын әзірлеу идеясы біраздан бері пысықталып, аталған факторлардың барлығы ескерілді. Бұдан бөлек, салада лицензиялаудан бастап аңшылық шаруашылықтарды бақылауға дейін көптеген олқылық жинақталған.
Тағы бір маңызды мәселе - халықаралық экологиялық стандарттарға сәйкес болуымыз керек. Әлем бір орында тұрмайды, біз де алға жылжуымыз қажет.
Әрине, технологиялардың рөлі де зор. Бүгінде табиғатты тиімді қорғау цифрлық есеп пен мониторингсіз мүмкін емес. Бұл тұрғыда заң жобасы бақылауды күшейтіп, айыппұлдарды 4-5 есеге дейін арттыруды көздейді: бұрын жеке тұлғалар үшін 50 АЕК-ке дейін, лауазымды тұлғалар үшін 150 АЕК-ке дейін болса, енді сәйкесінше 200 АЕК-ке және 700 АЕК-ке дейін өседі. Бұл ретте, заң бұзудың салдары қомақты айыппұлға ұласады.
- Жануарлар дүниесін сақтауда қандай маңызды нормалар енгізіліп жатыр?
– Бұл бағытта біз жүйелі тәсілді таңдадық. Әңгіме жекелеген шаралар туралы емес, экожүйелерді толықтай қорғауға бағытталған. Біріншіден, сирек және жойылып кету қаупі бар түрлерді қорғау күшейтіледі. Екіншіден, ғылыми негізделген лимиттер мен квоталар енгізіледі, барлық шешім нақты деректерге сүйеніп қабылданады. Сондай-ақ, заңсыз аңшылықпен күреске және цифрлық есеп жүйелерін енгізуге ерекше назар аударылды. Бұл өз кезегінде үдерісті ашық әрі тиімді басқарылатындай етеді.
Халықаралық тәжірибеге келсек, біз оны жан-жақты талдадық. Еуропа елдерінің тәжірибесі, Солтүстік Америкадағы аңшылықты басқару үлгілері, сондай-ақ табиғатты қорғау мен экотуризмді тиімді үйлестірген Африка елдерінің тәжірибесі ескерілді.
Сонымен қатар бизнес үшін жауапкершілік нақты сараланды: жеке тұлғалар үшін 50 АЕК, шағын бизнес үшін 100 АЕК, орта бизнес үшін 200 АЕК, ірі бизнес үшін 450 АЕК-ке дейін. Талаптарды бұзғаны үшін айыппұлдар 10-нан 350 АЕК-ке дейін қарастырылған. Бұл жүйені әділ әрі түсінікті етеді.
- Елімізде браконьерлер проблемасы әлі де өзекті. Сондықтан осы салада қандай ұсыныстарды енгізесіздер?
– Дұрыс айтасыз, бұл мәселе өте маңызды. Біз бұл бағытта қатаң әрі принципті тәсілді ұсынамыз. Браконьерлік «оңай табыс көзі» болмауы тиіс.
Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі. Осы құқық бұзу әрекеті кезінде қолданылған барлық құрал мен заттар – көлік, жабдық міндетті түрде тәркіленеді.
Мұнымен қоса, инспекторлар мен қорықшылардың өкілеттіктері кеңейтіледі. Ең маңыздысы, заманауи технологиялар енгізіледі: дрондар, GPS жүйелері, фототұзақтар. Атап айтқанда, табиғатты қорғаудың «цифрлық қалқаны» қалыптасады.
Тағы бір маңызды өзгеріс, айыппұл мөлшері келтірілген залал мен алынған пайдаға байланысты болады. Келтірген зиян қаншалықты көп болса, жауапкершілік те соғұрлым жоғары белгіленеді.
- Әлем елдерінің тәжірибесіне қарасақ, фермерлік аңшылық шаруашылыққа сұраныс жоғары. Осы орайда бұл заң жобасы аясында қандай жаңалықтар ескерілген?
- Фермерлік аңшылық шаруашылықтарын дамыту қажет. Біз тек шектеу қоюды емес, сонымен қатар реттелген, өркениетті аңшылыққа жағдай жасауды көздейміз. Заң жобасы жеке шаруашылықтарды дамытуға мүмкіндік береді: инвестициялық рәсімдер жеңілдетіледі, жануарлар санын арттыруға ынталандыру тетіктері енгізіледі.
Жануарларды қолдан көбейту және оларды табиғи ортаға қайта жіберу тетіктері қарастырылған. Сонымен қатар, аңшылық туризмі экономиканың жеке саласына айналуы мүмкін.
Бұл ретте, бизнес экологиялық талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілік арқалайды, айыппұлдар 450 АЕК-ке дейін жетеді. Бұл даму мен бақылау арасындағы теңгерім.
- Біраз жылдан бері киік мүйізіне қатысты мәселеде, сондай-ақ бұл бағытта жазалау нормасы бойынша түрлі ұсыныстар айтылып жатыр. Бұл тұрғыда қандай нормалар қарастырылған?
- Бұл өте өзекті әрі күрделі мәселе. Осыған қатысты қатаң шаралар енгізіледі. Киікті заңсыз аулағаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі. Мүйізді сақтау, тасымалдау және сатқаны үшін де жауапкершілік қарастырылған.
Егер заң бұзудың ауыр деректері анықталса, ірі сомадағы айыппұл, мүлікті тәркілеу және бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Әсіресе, ұйымдасқан топтарға қатысты шаралар қатаң болады.
Сонымен қатар, айыппұлдардың бірыңғай деңгейі енгізіледі: жеке тұлғалар үшін 200 АЕК, лауазымды тұлғаларға - 700 АЕК. Бұл жүйені түсінікті әрі әділ етеді.
- Негізгі заң жобасына ілеспе құжатта қандай жаңа нормалар ұсынылған?
- Бұл бағытта өзгерістер айтарлықтай маңызды. Заңсыз аңшылық үшін айыппұлдар едәуір артады. Кейбір жағдайларда әкімшілік жаза қылмыстық жауапкершілікпен толықтырылады. Заңды қайталап бұзғандарға жазалау санкциясы күшейтіледі. Аң аулау қағидаларын бұзу, заңсыз аулау әрі тасымалдау және сатқаны үшін жеке жауапкершілік енгізіледі. Сонымен қатар көлік, қару және жабдықтарды міндетті тәркілеу қарастырылған.
Лицензиясыз аң аулау дерегі үшін де қатаң шаралар енгізіледі: алдымен айыппұл, кейін одан да ауыр шектеулер. Жалпы, айыппұл 100-ден 700 АЕК-ке дейін өзгереді. Негізгі мақсат - заңсыз аңшылыққа барынша тосқауыл қою.
- Заң жобасында жануарларға қатыгездік жасалған жағдайда адамдарға қандай шара қолдану қарастырылған?
- Бұл жерде ұстаным айқын – қатыгездікке жол жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты. Заң жобасы осыны толық қолдайды.
Жануарларға қатыгездік жасағаны үшін айыппұлдар едәуір өседі және олардың мөлшері құқық бұзу дерегінің ауырлығына қарай сараланады. Қайталанған немесе ауыр жағдайларда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Сонымен қатар маңызды норма енгізіледі – қатыгездік танытқан адамдарға жануарларды асырап алуға тыйым салынады. Бұдан бөлек, алдын алу шаралары күшейтіледі: балалармен жұмыс, білім беру, табиғатқа жанашырлық көзқарасты қалыптастыру.
Жалпы, бұл заң жобасы тек айыппұлдар мен тыйым салуды ғана білдірмейді. Оның негізінде терең идея жатыр, яғни адамның табиғатқа деген көзқарасын өзгертуге екпін қойылған.
Жануарлар дүниесі - біздің ортақ мұрамыз. Расында, қолданылатын шаралар қатаңдайды, айыппұлдар 700 АЕК-ке дейін жетеді. Бірақ бұл - негізгі мақсат емес.
Негізгі міндет - табиғатқа ұқыпты қарау қалыпты жағдайға айналатын қоғам құру. Егер осы шаралардың арқасында аң мен құс түрлерін сақтап, құқық бұзу деректерін азайта алсақ, бұл өз кезегінде дұрыс бағытта келе жатқанымыздың белгісі.