Құжатқа сәйкес, бекітілген қорлар негізінде кенішті пайдалану мерзімі 16 жыл. Оның ішінде кәсіпорын 13 жыл бойы жылына 1 млн тонна кен өндіру жобалық қуатымен жұмыс істейді. Кен орнын игеруге бөлінген жер қойнауы учаскесінің жалпы ауданы 4,499 шаршы шақырым.
— Кеніштің жалпы өндірістік қуаты жылына 1 млн тонна болып белгіленген, кейін өндіріс көлемі біртіндеп төмендейді. Жобалау кезінде қабылданған қорлар негізінде кеніштің пайдалану мерзімі 16 жыл. Оның ішінде белгіленген қуатпен (жылына 1 млн тонна) кен өндіру жұмыстары басталған күннен бастап 13 жыл жұмыс істейді, — делінген құжатта.
Айта кетейік кен өндіруді 2028 жылы бастау көзделген. Ал осы уақытқа дейін өндірілетін кенді өңдейтін байыту фабрикасын салу жоспарланған. Оған қоса бір жыл бойы тау-кен күрделі жұмыстары мен тау-кен дайындық жұмысы жүргізіледі. Кен өндіру басталғаннан кейін бұл жұмыс кен орнын пайдаланумен қатар жалғасады.
— Жер асты тәсілімен жұмыс жүргізілген кезде аршу жұмыстары тау-кен күрделі жұмыстары және тау-кен дайындық жұмыстары болып бөлінеді. Ақсоран кен орнында кен өндіру басталғанға дейін тау кен күрделі жұмыстары мен тау-кен дайындық жұмыстары бір жыл бойы, яғни 2027 жылы жүргізіледі. Кейін бұл жұмыстар кен өндірумен қатар жалғасады. Тау-кен дайындық жұмыстары кен денесін ашып, кен шығаруды қамтиды. Кен өндіру 2028 жылдан басталады, — деп көрсетілген есепте.
Құжатқа сәйкес, кен орнын жер асты тәсілімен игеру жоспарланған.
Айта кетейік, Ақсоран кен орны Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданы мен Ақмола облысының Сандықтау ауданы аумағында орналасқан. Ол Шантөбе кентінен солтүстік-шығысқа қарай шамамен 38 шақырым және Балкашино ауылынан солтүстік-батысқа қарай 35 шақырым жерде орналасқан. Кен орнының бір бөлігі «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қорғау аймағына кіреді.
Еске сала кетейік, 2024 жылы Қазақстан тарихында алғаш рет вольфрам өңдейтін зауыт ашылған еді.