Азуын айға білеген мұнай-газ секторы бюджетіміздің басым бөлігін қамтамасыз етіп, мыңдаған сапалы жұмыс орындарын ұсынып отырғаны осының айғағындай.
Осылайша экономикамызды өрге сүйреп, индустриялық-инновациялық дамуға әрі тиімді энергетикалық саясат жүргізуге сара жол ашып, республика ішкі жалпы өнімі құрылымында төрден орын теуіп отырған мұнай-газ саласының қазыналы қазақ даласындағы даму тарихы зерттеушілердің деректеріне сәйкес ғасырдан асып жығылады.
Мұнайлы өңір баспасөзінің сарғайған беттеріне үңілсек, қазақ мұнайының ең алғашқы бұрқағы Атырау атырабындағы қасиетті Қарашүңгіл деген жерден атқылағанына қанығамыз. Қарашүңгіл - байырғы кәсіпшілік тірегі Құлсарыдан 70 шақырым қашықтықта орналасқан кеніш. 19-шы ғасырдың соңында Ресей кәсіпкерлері Доссор, Қаратоң, Қарашүңгіл және Ескене кен орындарын барлайды. Осы орайда зерттеушілер қазақ даласынан мұнай кенін тапқан барлаушылар қатарына швед өнертапқышы, өз заманы бай-бағландарының бірегейі Альфред Нобельді де жатқызады.
Геологтар мен кәсіпкерлердің тізе қосқан жігерлі іс-қимылы нәтижесінде 1899 жылдың қарашасында Қарашүңгілдегі ұңғымадан жеңіл мұнай атқылай бастайды. Сөйтіп, бұл күн қазақ мұнайының күні ретінде тарихқа енеді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз өз қойнауындағы қазба байлықтардың толық қожасына айналды, шетелдік компаниялармен алғашқы бірлескен кәсіпорындар құрыла бастады. Мәселен, 1993 жылдың соңында Голландияның SHELL, Норвегияның STATOIL, Америка Құрама Штаттарының MOBIL, Францияның TOTAL, Италияның AGIP сияқты алпауыттары бірлесіп «Қазақстанкаспийшельф» мемлекеттік кәсіпорнына негіз қалады, кейін халықаралық консорциумға бірікті. 1994-1996 жылдары сейсмикалық, экологиялық, инфрақұрылымдық зерттеулер жүргізілді. 1999 жылы іздеу-бұрғылау жұмыстары басталды.
Көп ұзамай Шығыс Қашағанда мұнай табылғаны туралы сүйіншілі хабар елден-елге тарады. Қуаныштан сан көңіл алабұртқан сәтте ұңғымадан алынған мұнайы бар капсуланы ұстап тұрып, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Бүгін Қазақстан халқы үшін бақытты күн. Қашағанда мұнайдың ашылуы - біздің тәуелсіздігіміз, болашақта гүлденуіміз, халқымыздың өмірін жақсарту үшін үлкен көмек. Қазақстандықтардың үміттері ақталды» - деді ағынан жарыла.
Сөйтіп, Шығыс Қашағаннан кейін Батыс Қашаған, Қаламқас-Теңіз, Қайраң, Ақтоты мен Оңтүстік-Батыс Қашаған, ал ресейлік бөлікте Широтное және Хвалынское кен орындары ашылды. Тілге тиек болып отырған Қашаған кен орны республикадағы мұнай қорын отыз пайыздан астам өсіруге мүмкіндік береді. Қазір Қашағанда және Каспийдің бірқатар басқа да кен орындарында дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кеніштерге, құбыр көлігіне сапалы инженерлік қызмет көрсететін мамандар даярлау да қолға алынды.
Бүгінгі кезеңде ұшан-қиыр Теңіз бен қазыналы Қашаған, несібелі Құмкөл, құтты Қарашығанақ, берекелі Өзен мен Қаражанбас, Жаңажол мен Кеңқияқ кеніштерінде өндірілген мұнай ел экономикасының өркендеуіне айтарлықтай үлес қосуда.
Ел ырызығы - көмірсутекті шикізаттың мол қорына ие еліміз 2020 жылға таман 130 млн. тонна мұнай өндіруді межелеп отыр. Шетелдік әріптестер табиғаты қатал мұнайлы өңірлердің климаттық ерекшеліктеріне сай келетін жаңа технологиялар мен инновацияларды ұсынуда. Бұл жаңалықтар сонымен қатар құбыр көлігіне де қатысты. Қазақстан аумағындағы мұнай құбырларының ұзындығы 6236 шақырымды құрайды, қара алтын айдайтын 32 ірі станса бар. Экспортқа шығарылатын мұнайдың негізгі үлесі КТК құбырымен жөнелтіледі, қалғаны Атырау-Самара, Атасу-Алашанкоу желісі арқылы жіберіледі.
Біздің елімізде қазіргі кезеңде мұнай-газ, мұнай-химия саласы алдында тұрған келелі міндеттер баршылық. Олардың ең бастысы - мұнай өңдеу өнеркәсібін дамыту, сапалық тұрғыдан жаңа химиялық өнімдер алу, отандық технология іргетасын қалау және соған сәйкес ғылыми зерттеулерге соны серпін беру болып табылады. Осы бағыттардағы қызу қимыл мен нысаналы әрекет нәтижесін көретін күн де қашық емес.