«Елді елеңдеткен екпе» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 27 тамыз. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 27 тамыз, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, соңғы жылдары егу төңірегіндегі әңгіме бірде бәсеңсіп, бірде қайта өршіп, сабасына түсер емес. Бұл мәселе кімнің де болса, алдынан шығары анық. Сондай жағдайда қандай шешім қабылдаған дұрыс? Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметінің мамандарына құлақ түрсек, олар инфекциялық ауруларға қарсы күресте халықты вакцинациялаудың пайдасы зор дегенді айтады. Қазақстанда вакцинация тиімді бюджеттік бағдарламалардың бірі болып табылады. Жыл сайын осы мақсатқа 12-18 млрд. теңге қаражат бөлінеді екен. Республика бойынша жыл сайын инфекциялық ауруларға қарсы шамамен 5 млн. адам егілсе, оның 1,3 миллионы - балалар.

Дәрігерлер екпе жетістіктерінің озық үлгісі ретінде табиғи шешектің жойылғанын, 1977 жылдың қазаны­нан бастап, әлемде шешекпен сыр­қаттанудың ешбір жағдайы тіркел­ме­генін алға тартады. Сол сияқты, соң­ғы жиырма жылда қызылша 59 есеге, қызамық 1300 еседен астам, эпи­де­миялық паротит 160 еседен астам, тұр­ғын­дар арасында «В» вирустық гепатиті 23,7 есеге, ал осы инфекцияға қарсы егу жүргізілетін балалар арасында 52 есеге азайған.

Алайда, көптеген ата-аналар егу мәселесі көтерілсе, әлі күнге азар да безер болады. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 156-бабында инфекциялық ауруларға қарсы вакцина салғызу тұрғындар үшін міндетті екені тайға таңба басқандай анық жазылған. Соған қарамастан, егуден бас тартқандарға қысым жасалмайды. Бірақ мұндай шешім қабылдаудың зардаптары түсіндірілуі тиіс. Бұл туралы «Елді елеңдеткен екпе» деген мақаладан оқи аласыздар.

«Шап-шағын Ақтау қаласында орын алған кез келген оқиға туралы әңгіме ел арасына тез тарап, жайылып кетеді. Жуырда қаладағы тұрғын үйлердің біріндегі пәтерден өрт шығып, үрейленгендіктен терезе алдына шығып тұрған екі баланы жас жігіт құтқарып қалыпты деген әңгіме естілген болатын», - деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы «Екі баланы өрттен құтқарған жігіт» атты мақалада. Оқиғаның анық-қанығына жас жігітті анасымен бірге облыс әкімі А.Айдарбаев қабылдап, құрмет көрсеткенде көз жет­кіз­дік. 25 жастағы Елдос Қуан - «Бо­защы Оперейтинг» мұнай ком­­паниясында жұмыс істейді екен. Қиын кезде кімге де болса, қол­ұшын беруді аза­маттық парыз санайтын Елдос сол алмағайып сәтті былай деп еске алды.

«Үйде теледидар қарап, демалып жатқан едім. Сырттан үрейлі айқай-шуды естіп жүгіріп шықсам, өрттен қашып 4-қабаттағы тере­зеден секірейін деп тұрған ұл мен қызды көрдім. Дереу көмек көрсету қажет деп шештім де, жолдарын ойластыра бастадым. Балконның терезесінен көмек беруге болады деп ойлап, сол жаққа көтерілдім. Жан-дәрмен есікті бұзып жатқан көршілерден аяғымнан ұстап тұруын сұрап, балаларға қолымды создым. Жылап тұрса да кезекпен қо­лым­­ды ұстап, өте сабырлылық та­ныт­қан балақайларға риза болдым. Шынымды айтсам, осы сәтте бо­йымда үрей, қобалжу емес, кері­сін­­­ше өзіме деген сенім және балалар­ды құтқару керек деген ой ғана болды».

Облыс әкімінен кенеттен болған өрт жағдайында адам өмірін құтқару кезіндегі батылдығы мен ерен ерлігі үшін алғыс хат алған Елдосқа өзі қызмет ететін компания мен төтенше жағдайлар де­партаменті де сый-сияпат көр­сетпек. Компания зардап шеккен үй үшін де материалдық көмек көрсетуге келісіп отыр. Ал кері шегінсе от құшағында қалу, ілгері басса төртінші қабаттағы терезеден құлау қаупінде қалған 5 жасар ұл мен 7 жасар қызының өмірін сақтап қалған батыр жігітке өртенген үй иелерінің ықыласы тіптен ерекше.

***

«Айқын» газетінде «Жылан бағу сәнге айналды» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Ғылымда жыланның 2600 түрі белгілі. Он сантиметрден басталып, ұзындығы 6-7 метрге, салмағы 130 келіге жететін алып анакондаға дейін қаншама түрі бар десеңші. Жыланды төбелеріне көтеріп, пір тұтатын елдердің ішінде Үндістан бірінші орында. Үнді елінде жылан қасиетті саналғандықтан, өлтіруге тыйым салынған. Жыл сайын бұл елде төрт миллион адамды жылан шағып, оның 75 мыңы мүрдем қатса да, жыланды өлтірмейді. Кездейсоқ өлтіріп алса, өздеріне ауыр күнә санайды. Кей өңірлерінде өлген жыланға арнап қайғылы мантра өткізіледі. Марқұм болған жыланның үстіне жібек мата жауып, дұға оқып, өртеп жібереді. Бұл елде жыланның культ болғанына бес мың жылдан астам уақыт өткен. Жыланның құрметіне небір сәулетті храмдар да тұрғызылған. Кез келген жерінен жылан бейнеленген белгілерді кездестіруге болады. Жалпы, жылан культінің тамыры арий мәдениетіне дейінгі тарихтың тереңінде жатыр. Үнділіктердің көне ғарыштық түсініктеріне сай, он сегіз мың ғаламның тірегі әлемдік мұхитта жүзіп жүретін мыңдаған адам басты Шеше айдаһары делінеді. Бұдан басқа да адам басты ұлы жыландарды пір тұтады. Сансыз аңыздар мен ертегілері жыландарға арналған. Үндістанда түлеген жыланның сыртқы қабыршағын тауып алу өте сәтті нышан саналады. Қазақтың «жыланның аяғын көрген адамға бақыт ұялайды» деп ырым еткені сияқты, жылан қабыршағын дереу ақша, байлық әкеледі деген сеніммен адамдар әмиянына салып алады. Сонымен қатар әйелдері сыртқы қабыршықтарын сән үшін пайдаланады. Жылан қабыршықтарын ертеде қазақ әйелдері де сән үшін қолданыпты. Ондай сәндік бұйымдар бала мен ананы түрлі бәлекеттерден қорғайды деген сенім болған. Кейбір түркі халықтары жыланның басын бәле-жаладан сақтайды деп балалардың сырт киімінің өңіріне тағып қоятын болған.


«Қазақ ертегілерін қарық қып оқып немесе балаларға оны жан-жақты таныстырып, қиял-ғажайып дүниелерді насихаттап жатқанымыз шамалы. Осыған дейін ертегі кейіпкерлері компьютерлік ойынға айналғанын телеарна бір жаңалықтарынан естігеніміз болмаса, сол таспалардың қолдан-қолда жүргенін көрген жоқпыз. Компьютерлік ойындар жасаумен айналысатын маман Максим Иванченконың: «Дәл осындай ойындардың баланың дамуына пайдасы зор. Жаңа заманға сай баланың интеллектуалды мүмкіндігін арттыру жолында виртуалды ойындар - ең қажет дүние. Әрине, сапалы ойындар жасап шығару үшін ең алдымен қазақстандық компьютерлік ойындар базасын жетілдіру керек», - дегені де жадымызда. Осыған дейін отандық ойындардан «Astana Racer», «Динаның хикаясы» атты дүниелер айтылды да, артынан жоқ болып кетті. Мұны «Меломан» компаниясының өкілдері ойындардың сапасыз шығып, сұраныс болмағанымен түсіндірген еді. Ал сұраныс қай ертегіге барын зерттеп жатқан құзырлы орын да жоқ. Енді не істеу керек?» - деп жазады «Айқын». Бұл жайында толық білгіңіз келсе, «Ертегілер ел назарынан тыс қалды» атты мақаланы оқыңыз.

***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Қазақ мультфильмі әлемдік деңгейге неге көтеріле алмай жүр?» деген мақала берілген. «Ұлттық анимациялық мультфильмдер сапалы да мазмұнды дайындалуы үшін, біріншіден, оған бөлінген қаржы кино туындысына бөлінетін қаржыдан кем болмау керек. Екіншіден, ұлттық мультфильмдердің идеологиялық құрал екенін, өсіп келе жатқан ұрпақ санасы үшін олардың әсері мол екенін ескеріп, шетелдік өнімдерден бой тартып, өзіміздің ұлттық туындыларымызға жол ашу қажет», - деп жазады басылым.