Елді елес кезіп жүрген жоқ па? - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 13 қыркүйек, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мқалаларға шолуды ұсынады.

***

«Нархоз» ситкомын («ситуациялық комедия» деген сөзден шыққан жанр атауы) орыс ағайындар тамашалайтын болды, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Нархоз» атты мақаласында. Басылымның атап өтуінше, осылайша «Нархоз» телехикаясы шетелге сатылған ең алғашқы сериал болып қалмақ. Ал қазіргі телесериалдардың көпшілігі телеарналардың өз студияларында, яки болмаса тапсырыспен түсірілген меншігі болып табылады. Яғни, еліміздегі 31 арнадан «Нархоз» телехикаясын Love телеарнасы Ресей территориясында көрсету құқығын сатып алды. Бұл туралы 31 арнаның бас директоры Бағдат Қожахметов жаңа маусым тұсаукесеріне арналған шара барысында жария етті.

«Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихында отандық телехикаяны шетелдік телеарнаға сату туралы жасалған алғашқы келісімшарт. Осыған дейін біздің елімізде түсірілген бірде-бір телехикая, кино және тележобалар жасауда әлемдік көшбасшылардың қатарына кіретін елдің мамандарының қызығушылығын тудырмаған болатын. Ресейлік әріптестеріміз қазақстандық жобаның алғашқы маусымының жетістіктерін көргеннен соң осындай ұйғарымға келіп отыр. Бұл отандық телеиндустрияның даму жолындағы үлкен жетістіктердің бірі. Бұл хикая - отандық продюсерлерге ресейлік нарыққа жол ашқан алғашқы қарлығаш болғалы тұр», - дейді Бағдат Қожахметов.

«Жақында «Астана» радиосы мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап үш тілде CD-дискіде ертегілер жинағын тарту етті», деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі санындағы мақалада. Басылымының жазуынша, «Астана» радиосы елордадағы «Алтын бесік» мамандандырылған балалар бақшасының тәрбиеленушілеріне арнап «Отбасы күні» қайырымдылық акциясын ұйымдастырған болатын. Міне, осы бір ғанибетті әрекеттің барысында Республикалық оқушылар сарайы жас өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды, қамкөңіл сәбилердің жүрегіне жылылық ұялатар сыйлықтар табысталды. Мүмкіндігі шектеулі ғаріп жандарға, сонымен қатар тұрмыстық деңгейі төмен аз қамтылған отбасылардың балаларына ұдайы қамқорлық көрсетіп отыру - «Қазақстан» телерадиокорпорациясы құрамындағы «Астана» радиосы ұжымында тұрақты дәстүрге айналып кеткен қайырымдылық шарасы болып табылады. Радио қызметкерлері өздерінің 15 жылдық мерейтойына орай, мүгедек сәбилерге арнап «Ертегі тыңдап, әлемді таны» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Онда көзі көрмей қалған балалар үшін арнайы 3 тілде оқылған ертегілер жинағы CD-дискіге басылып, 1,5 мың данамен еліміздегі мамандандырылған 22 мекеменің тәрбиеленушілеріне үлестірілген еді. Ал бұл жолғы дискі «Алтын бесік» мамандандырылған балалар бақшасы тәрбиеленушілеріне табыс етілді. *** Қала көшелеріндегі қаптаған көліктерден көрші елдің «Георгиевская лентасын» көру таңсық болмай қалды, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Елді елес кезіп жүрген жоқ па?» атты мақаласында. Бұл аз десеңіз, лентаны тағуды қаракөздер де жатсынбайды. Дүниені дүрліктірген көршіміздің көп нәрсесі елімізді елес болып кезіп жүргені өкінішті. Жақында Алматыдағы ірі сауда орындарының біріндегі көлік тұрағы үшін ақша төлейтін банкоматтың экранының бұрышынан да Ресей туын көріп қайран қалдық. Ал дүкендерде «СССР» деп аталатын арақтың да біраз уақыт сөрелердің «сәнін» келтіргеніне куә болдық. «СССР» деп аталатын балмұздақтың жанымызды мұздатқанын көргенімізге 1 жылдан асып кетті. Алайда астаналықтар бұл жаңалықты енді ғана көрген сыңайлы, дейді автор. Ресей аумағында «Карта России - 2015 г» деген шоколад та шығарылған. Көрші елдің көзі неге түсіп жүргенін қайдам, олардың бастамасына бас шайқамайтындар біздің елде де жеткілікті секілді. «Айталық, «СССР» деген жазуы бар спорттық киімдерді ауылдағы ақсақалдар да киіп жүр. Ал көлік ішіне Ресей туын iліп қоятындар да, доңғалақтарында «СССР» деген жазуды менмұндалатып жапсыратындар да ұшырасады. Тіпті, Астана әуежайында ұлттық кәдесый сататын дүңгіршектен маңдайына жұлдызша жапсырылған қызыләскердің бас киімін көріп қайран қалған кезіміз де болған. Осындай бас киімді қазір моншада буға түсетін қазақ жігіттерінің басынан да көресің. Қысқасы, қайран қалатын, бірақ қазақты селт еткізбейтін оқиға көбейді. Осының бәрі ұлтымыздың жүрегін жаулаудың, назарын аудартудың, ниетін бұзудың амал-әрекеті секілді көрінеді. Ал сіз қалай ойлайсыз?» дейді мақала авторы.

Осы басылымда сондай-ақ «Сәби-жәшіктер» біздің елде де пайда болады» деген тақырыппен мақала беріліп отыр. Басылымның жазуынша, Қазақстан қалаларының көшелерінде тасжүрек әкелер мен «көкек-аналар» үшін баланы тастап кетуге арналған жәшіктер пайда болуы мүмкін Егер елімізде нәрестелерді қоқыс жәшігінде, не далаға қалдыру кесапаты ары қарай белең ала берсе, мемлекеттің осындай төтенше шараларға баруы ғажап емес. Кеше Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жанындағы Үкіметтік емес ұйымдардың консультативтік кеңесінің кеңейтілген отырысында осындай тосын хабар жария болды. «Бэби-бокстар» посткеңестік кеңістікте алғаш рет көрші Ресейде қойыла бастаған еді. Көше ортасында, көрнекті жерге орналастырылатын осы арнайы жәшіктерде сәби тірі қалуы үшін жағдай жасалған: оның іші қыста жылытылатындықтан, мәселен, баланы ақырған бораннан және үскірік аяздан қорғайды. Сондай-ақ жазда - аптап ыстықтан, көктем мен күзде ызғарлы желден және нөсер жаңбырдан сақтайды. Оның үстіне, бекітілген әлеуметтік қызметкерлер мен еріктілер тәулік бойы жиі-жиі жәшіктердің бос, әлде бос еместігін тексеріп тұратын көрінеді. «Үкіметтің, сіздердің ұстанымдарыңыз қандай? Мұндай жоба қолдау таба ма, әлде ешқашан оған жол берілмей ме?» деп сұрадық біз. «Неге қолдамасқа?! - деді комитет басшысы. - Бұл әбден мүмкін!». Бұл бағдарлама қолға алынса, оны жүзеге асыруға үкіметтік емес ұйымдар тартылмақ. «Біздің қалаларда да «бэби-бокстар» қойылуы ықтимал, - деді журналистерге берген сұхбатында Адам саудасы құрбандарының уақытша тұру орталығының директоры Анна Рыль. - Бұл, әрине, еріккеннен жасалмайды. Бұған итермелейтін қандай проблема бар? Біріншіден, басқа қалаға келген, тіркелім-пропискасы жоқ қыздар сол жердегі емханалардағы тегін гинекологтардың қабылдауына кіре алмайды. Осының кесірінен, олар жүкті болғанына нақты қанша уақыт өткендігін дәл белгілей алмайды. Нәтижесінде, түсік жасатуға болатын кезеңді өткізіп алады да, туудан басқа амалы қалмайды». «Бала отбасында өмір сүруі қажет» жобасының үйлестіру кеңесінің басшысы Шолпан Байболова мұндай кеселге озық тәрбиелік жұмыс бір тосқауыл бола алатынын айтады. Мәселен, Астанада «ибалы қыздар институтына» ұқсас орталық ашылып жатқанын жеткізді. «Мен оған өзім барып көрдім. Жобасы жақсы екен. Жалпы, біз қыздарымыздан жаппай жақсы жар, аяулы ана тәрбиелеуді жолға қойсақ, одан ұтылмаймыз» - деді ол.