Делегация құрамына машина жасау және жеңіл өнеркәсіптердің, ағаш өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс материалдарын өндіруші кәсіпорындардың басшылары кірді. Қазақстандық мөлшерді арттыру мәселесіне арналған Форумның пленарлық отырысында баяндама жасаған Б.Сапарбаев, ағымдағы жылдың өткен кезеңінде облыс кәсіпорындары 272,4 миллиард теңгенің өнімін шығарғанын атап көрсетті. Металлургиялық саланың өнімдері жалпы көрсеткіште өңдеуші өнеркәсіптің 51 пайызын қамтыса, тағы 13 пайызы машина жасау саласын қамтып отыр.
Облыстың өңдеуші өнеркәсіптері өткен 8 айда 237,7 миллиард теңгенің өнімдерін сатты, ондағы 125,3 миллиард теңгенің өнімі ішкі нарыққа сатылды. Оның ішінде 1,8 миллиард теңгенің өнімі ұлттық компанияларға өткізілсе, 1,2 миллиард теңгенің өнімі мемлекеттік сатып алулар аясында өткізілді.
Ақпан-маусым айларының аралығында Шығыс Қазақстанда Елбасының, вице-премьердің қатысуымен қазақстандық мөлшерді арттыру мәселесіне арналған үш форум өткізілді. Осынау форумдар өнімдерді өткізу мәселесін шешуде кәсіпорындарға едәуір көмек көрсетті. Форумдардың нәтижесінде жалпы сомасы 24,6 миллиард теңгенің 39 меморандумына қол қойылып, солардың негізінде 12,6 миллиард теңге соманың 50 нақты келісімшарты жасалды. Ағымдағы жылдың соңына дейін 881 миллион теңге соманың қосымша келісімшарттарын жасау, ал 2010-2012 жылдары - 14 миллиард теңгеден астам соманың келісімшарттарын (2012 жылға дейін жасалған меморандумдардың аясында) жасау жоспарлануда
Б.Сапарбаев өз сөзінде сондай-ақ, жүргізілген мониторингке сәйкес облыстың 300-ден астам кәсіпорны 175,5 миллиард теңге соманың тауарларын, жұмыстары мен қызметтерін сатып алғанын, олардың 62 пайызы - «қазақстандық үлес» өнімдері екенін атап көрсетті.
Шығыс Қазақстан әкімі сондай-ақ, облыс кәсіпорындарындағы шығарылатын өнімдердің былтыр республикаға әкелінген балама импорты 597,3 миллиард теңгені құрағанын, оның ішінде 37,1 миллиард теңгенің импорттық тауары Қарағанды облысына жеткізілгенін айтып өтті. Сырттан әкелінген тауарлардың ішінде - электр-техникалық тауарлар, жеңіл автокөліктер, автобустар, минералдық-ваттық бұйымдар, абразивті материалдар, асбоцемент өнімдер бар. Импорттың негізгі үлесін - 10 миллиардтан астам теңгенің өнімін - кен-шахта және металлургиялық жабдықтары құрап отыр.
Бірақ та, ең қызығы сол, дәл осындай тауарлар елдің шығысында орналасқан отандық кәсіпорындарда да шығарылады - олар «АзияАвто», «Daewoo Bus Kazakhstan», «Өскемен конденсат зауыты», «КЭМОНТ», «Қазэлектромонтаж», "Восток Универсал", «Шығысмашзауыт», «Қазмырышмаш» және басқа да кәсіпорындардың өнімдері. Оның үстіне, бұл кәсіпорындардың өнімдері сертификатталған және халықаралық стандарттарға сай келеді.