Электр энергиясының бағасы 15 өңірде өзгерді - ҚР ТМРА

АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - Электр энергиясының бағасы 15 өңірде 2,4 пайыздан 11,9 пайызға дейін өзгерді.

Мұның басты себебі - электр энергиясын өндіру тарифтерінің көтерілуі. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов мәлім етті.

«Өздеріңіз білесіздер, Үкімет 2009 жылдан бастап энергия өндіруші ұйымдарға қатысты «тарифті инвестицияға айырбастау» ұзақ мерзімді саясатын жүргізіп отыр. Ол энергия өндіруші ұйымдарға электр энергиясының шекті тарифтерін белгілеу арқылы жүргізіледі. Бұл ретте «Электр энергетикасы туралы» заңға сәйкес индустрия және жаңа технологиялар министрлігі электр стансаларымен тиісті келісімдерге жыл сайын қол қояды»,-деді агенттік басшысы.

Белгілі болғандай, Мысалы, осы жылдың басынан бері электр энергиясының бағасы Екібастұз ГРЭС-1-де, ГРЭС-2-де - 12,3%-ға (6,5-тен 7,3 теңге/кВтсағ. дейін), Қарағанды ГРЭС-2-де 12,08%-ға (4,55-тен 5,1 теңге/кВтсағ. дейін), «Севказэнерго Петропавл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 14,6%-ға (5,45-тен 6,25 теңге/кВтсағ. дейін), Жамбыл ГРЭС-те 5%-ға (7,9-дан 8,3 теңге/кВтсағ. дейін) өсті.