«Электрондық үкімет» веб-порталында мемлекеттік білім гранттары иегерлерінің тізімі жарияланады

АСТАНА. Тамыздың 7-сі. ҚазАқпарат - «Электрондық үкімет» веб-порталының «Білім» бөлімінде 2009 жылғы мемлекеттік білім гранттары иегерлерінің тізімі жарияланады, деп хабарланды «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз баянында.

Бұдан басқа «Қазақстанның жоғары оқу орындары» тармақшасында Астана мен Алматының, сондай-ақ республиканың он төрт облыстарының барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес  жоғары оқу орындарының анықтамалығы жаңартылды.

Мұнда талапкерлер мен жоғары сынып оқушылары үшін әртүрлі, пайдалы ақпарат, жоғары оқу орындарының техникалық, экономикалық, заң, гуманитарлық немесе педагогикалық мамандықтар туралы материалдар бар. Арнайы оқу орындарына түскісі келетіндер үшін ҚР ҰҚК Әскери институтына, Қаржы полициясы академиясына  қабылдау ережелері, ҚР ІІМ оқу орындарының анықтамалығы және басқа да көптеген мәліметтер берілген.

«Пайдалы ақпарат» тармағында білім беру ұйымдарында студенттерді оқуға қалпына келтіру және басқа оқу орындарына ауыстыру жөнінде ұсыныстарды табуға болады. Оған қоса пайдаланушылар ҚР Білім және ғылым министрлігінің сайтындағы несиеге білім алу туралы ақпаратымен таныса алады.

Сондай-ақ «Электрондық үкімет» веб-порталында ҚР Білім және ғылыми министрлігі өткізіп жатқан «Мектепке жол» жыл сайынғы республикалық акциясына қолдау көрсетіледі. Біздің еліміздің барлық аймақтарында тамыздың 1-і мен қыркүйектің 30-ына дейінгі аралықта өтіп жатқан акция тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларының мектеп оқушыларын жаңа оқу жылына дер кезінде даярлауға қолдау көрсету мақсатын көздейді.