Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінде Олимпиада чемпионымен ойнайды

Фото: Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM — Жекелей сында ерлер және әйелдер арасында Ролан Гаррос турнирінің жеребесі тартылды.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде кезінде 4-орынға дейін көтерілген, қазіргі сәтте 39-орында тұрған швейцариялық Белинда Бенчичпен кортқа шығады.

Токио Олимпиадасында Е.Рыбакина жартылай финалда дәл осы теннисшіге ұтылған еді. Кейін Б.Бенчич чемпион атанса, қазақстандық спортшы қола жүлде үшін бәсекеде украиналық Элина Свитолинаға есе жіберген болатын. 

Биыл Әбу-Даби WTA 500 турнирінде Е.Рыбакина Б.Бенчичке тағы да жол берді.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 29-ракеткасы Юлия Путинцева Франция ашық чемпионатында іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен кездеседі.

Қазақстанның ерлер арасында бірінші, әлемнің 51-ракеткасы Александр Бублик бастапқы кездесуін рейтингіде 92-сатыдағы аустралиялық Джеймс Даквортпен өткізеді.
Іріктеу сайыстарының финалына шыққан Александр Шевченко ертең аустриялық Филип Мисоличті ұтса, негізгі жарысқа жолдама алады.

Басқа қазақстандықтар жекелей сында аталмыш «Үлкен дулыға» турниріне қатысудан үмітін үзді. Бүгін іріктеу сатысының жартылай финалында Дмитрий Попко колумбиялық Даниэль Элахи Галаннан ойсырай жеңілді — 1:6, 2:6.

Тимофей Скатовты тартысты бәсекеде франциялық Люка Ван Аш тоқтатты — 6:7 (3:7), 6:2, 6:2.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Страсбург жарысының жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Жібек Құламбаева Сербиядағы турнирдің ширек финалына жолдама алды