Елена Рыбакина Уимблдондағы қарсыласының мықты тұстары туралы айтты

Фото: Фото: Тимур Дүйсекеев/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің жартылай финалындағы қарсыласы, рейтингіде 32-орында тұрған чехиялық Барбора Крейчикова туралы пікір білдірді.

Е.Рыбакинаның айтуынша, ол – өте мықты ойыншы. Өзіне өте сенімді. Алдағы ойын қиын болары сөзсіз. Рыбакина мен Крейчикова осыған дейін 2021 жылы Аустралияда және 2022 жылы Чехияда кездескен. Хард төсенішінде өткен екі тартысты ойын да чехиялық теннисшінің пайдасына шешілген.

Е.Рыбакина өзін көгал төсенішінде жақсы сезінетінін, доп берудегі кейбір қиындыққа қарамастан, жоғары деңгейде ойнап келе жатқанын атап өтті.

«Мен, әсіресе, соңғы үш матчта өзімді өте жақсы сезіндім. Жақсы өнер көрсеттім деп ойлаймын. Кейде доп бергенде, дәл түспеуі мүмкін, бірақ кейін қалпына келеді. Өте сенімді ойнаудамын», - деді теннисші.

Қазақстандық спортшы ешкім ойынына кедергі келтіре алмайтынына, жинақылықтан танбайтынына сенім білдірді. Елена Рыбакина мен Барбора Крейчикованың бәсекесі 11 шілдеге белгіленген.

«Алғашқы соққыдан-ақ ойын қарқынын төмендетпеу керек. Менің доп беруім жақсарды. Осы артықшылығым септеседі деп ойлаймын», - деді Е.Рыбакина.

Е.Рыбакина сонымен қатар Лондонда екінші рет жеңімпаз атануға дайынсыз ба деген сауалға да жауап берді.

«Әрине, тағы да титулға қол жеткізгім келеді. Екі-ақ матч, қиын қарсыластар қалды. Матчтан-матчқа жақсы келе жатырмын. Алда да осы бетімнен тайғым келмейді», - деді теннисші.

Екінші жартылай финалда әлемнің 7-ракеткасы, италиялық Ясмин Паолини мен рейтингіде 37-сатыдағы хорватиялық Донна Векич кездеседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдонда Әмір Омархановтың жасөспірімдер арасында 1/8 финалға жолдама алғанын жазған едік.

Сондай-ақ Елена Рыбакина жартылай финалға шықты.

Соня Жиенбаева жасөспірімдер арасында үшінші айналымға өтті.