"Елге келетін дәрі-дәрмектердің 10-12 пайызы сапасыз, жасанды болып отыр" - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 6 қараша. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 6 қараша, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл көтерген бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі жөнінде жазады. Депутаттың мәлімдеуінше, бізге балаларды медизорлықтан қорғайтын заң керек. «Мен бұл проблеманы бұрын да көтергенмін, алайда тиісті басқару орындары оған айтарлықтай мән бере қойған жоқ. Мәселе мынада, біз бүгінде өмірімізде болып жатқан ақпараттық және рухани өзгерістерден көш кейін қалып отырмыз. Әсіресе, жастар мен жасөспірімдерге компьютерлік ақпараттың ықпалы туралы ойланбай келеміз. Әлдекімдердің тәп-тәуір бизнесіне айналған, көп ретте контрабандалық жолмен әкелінетін электрондық нұсқадағы ойындар балалардың мінез-құлқы мен психологиясына кері әсер ететін сұрапылға айналып барады», - дейді депутат. Оның аталмыш мәселеге байланысты пайымдауларын «Егемен Қазақстан» басылымындағы «Бізге балаларды медиазорлықтан қорғайтын заң керек», атты мақаладан оқи аласыздар.

Сондай-ақ бүгінгі санында «Егемен Қазақстан» Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысовпен сұхбатты жариялады. Елшінің мәлімдеуінше, ЕҚЫҰ аумақтық және халықаралық қауіпсіздік жүйесінде өте беделді, тәжірибелі және маңызды Ұйым. Құрамына АҚШ, Ресей, толықтай Еуропа және ТМД мемлекеттерін біріктірген Ұйымның әрекет ету алаңының кеңдігін оңай байқауға болады. Айта кетер жәйт, еліміздің бұл Ұйымға төрағалық етуі оның 35 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы 35 жыл ішінде ЕҚЫҰ эволюциялық дамуында бірнеше сатыдан өтіп, бүгінде әлемдік қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқару үстінде. Жаһандану үдерістерінің нәтижесінде әлемдегі кез келген мәселе бір-бірімен сабақтасып жатыр. Және АҚШ, Еуропа Одағы, Жапония, Ресей тәрізді алпауыттардың өздері күрделі мәселелерді біріге отырып, шешу қажеттігін мойындайды. ЕҚЫҰ да өз тарапынан бұл қажеттілікті жете түсінеді және осы бағытта қызмет атқарып келеді. Елшінің халықаралық ұйымның бүгінгі мақсат-міндеттері мен атқарып отырған істері жөніндегі ойларын «Демократиялық қоғам құру - ұзақ сапардың мақсаты емес, мәресі» деген тақырыппен берілген сұхбат-мақаладан оқи аласыздар.

***

«Айқын» басылымы бүгінгі санында елде саудаланатын дәрі-дәрмектерге байланысты үлкен мәселе көтерді. Басылымның Денсаулық сақтау министрлігіндегі Медициналық және фармацевтік қызметті бақылау комитетінің төрағасы Сыздық Баймақановтың мәліметтеріне сүйене отырып хабарлауынша, республикаға келетін дәрі-дәрмектердің 10-12 пайызы сапасыз, жасанды болады екен.Ал Алматыдағы Саяси шешімдер институтындағы «Өмір сапасы: дәрі-дәрмектер» клубының модераторы Ерлан Смайыловтың айтуынша, Қазақстан тұрғындары жылына 120-130 млн долларға жасанды дәрі-дәрмектерін сатып алатын көрінеді.
«Бұл аз ақша емес, миллиардтаған теңге желге ұшып жатыр. Желге ұшқаны өз алдына, егер қып-қызыл ақшаға сатып алған дәрі дәру емес, ауруды одан сайын асқындыратын у болып шықса, кімді жауапқа тартамыз? Ел арасында «самопал дәрі» деген түсінік бар, демек, осы «самопалдан» талайдың аузы күйген. Бірақ дәрілерді шетелдерден арзанға алып, бізге қымбатқа сататын саудагерлердің қайсысына кінә артыппыз?! Бұл жерде шекарадан контрабандалық жолмен өтетін «самопалдан» басқа, өзіміздегі астыртын цехтарда да жасалатын, бір қайнауы ішінде «шикі» дәрі-дәрмектер болуы ықтимал. - 130 млн. доллар деген біздің ел үшін аз ақша емес, мәселе, бұл дәрілердің біздің елге қалай келетіндігінде, - дейді Ерлан Смайылов. Бұл туралы «Айқын» басылымындағы «Дәрі-дәрмектердің 12 пайызы сапасыз» атты мақалада егжей-тегжейлі жазылған.

Сондай-ақ аталмыш басылым бүгінгі санында «Көлдер көзден таса болмасын» атты тақырыпта мақала жариялап, өзекті мәселе көтерген. Басылымның жазуынша,Ырғыздың 80 көлі мен 4 өзені көпке мәлім. Өкініштісі, үш жыл қатарынан қуаңшылық болып, көбі сорға айналды. Биыл Ырғыз өзені су мол болып, көп көлдің арнасы толды. Балығы тулағанымен, ерекше қорғалатын табиғи қаумалдың 6-7 көлі қазір жекенің қолында. Олар жылым салып, қыстыкүні бар балықты сатып, пұл етеді. Күні бүгінге дейін ешқайсысы балық қорын қорғау, көбейту жолында ши басын сындырмаған. Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерват қызметкерлерінің айтуынша, кәсіпкердің көлге деген көзқарасы өзгермесе, балықсыз қалар күн де алыс емес.

***

«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында елімізде қылмыс жасағандары үшін бас бостандығынан айыру орындарында жатқан кейбір қылмыскерлердің бостандықта сауық-сайран құрып жүргендіктерін айтып дабыл қағады. «Түрмеде отырғандар джиппен сайрандап жүр» атты мақала авторының хабарлауынша, бүгінде ел-жұрт бостандықтағы қылмыскерлерден ғана емес, түрмедегі тұтқындардан да қорқатын болды. «Атауының өзі әзәзілдей суық естілетін түрмеде тәртіптің босаңсып кетуінен болса керек, соңғы кездері келеңсіздіктер көбейіп кетті. Теледидардан түрмеде жатқан адамның еркіндікте еркін жүргенін көргенде өз көзімізге сенбедік. Жабық мекеме ауласынан тысқа шыққаны былай тұрсын, түрме есігінің ішкі жағынан сыртқы сығалауға да рұқсаты жоқ сотталғандардың қоғамдық орындарда тайраңдап жүргенін көрген жұрт қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлері мен басшыларына қандай сенім арта алады», - дейді мақала авторы.

Сондай-ақ осы басылымның жауынша, әлемде гуманистік, зайырлы, либералды ой-санаға қарсы радикалды идеологияны бағдар тұтқан «жанкешті» лаңкестік ұйымдардың ықпалы барған сайын артып барады. Ізгі дін - Исламның атын жамылған лаңкестік ұйымдар ғаламның тыныштығын бұзуға бағытталған қорқынышты жоспарларын ашық жариялай бастады. Еуропа жұртшылығы 9/11 лаңкестік ықтимал сценарийлерден қауіптенуде. Біреулер 9/11 лаңкестік сценарийі Америкадағы 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасының 10 жылдығына орай ұйымдастырылады десе, енді бірі алдағы 9 қарашада лаңкестік жарылыс болуы мүмкін деп мазасызданып отыр. Оған себеп, «Әл Қаида» лаңкестік ұйымының күллі Батысқа, әсіресе, паранжы-хиджабқа тыйым салғаны үшін Франциядан кек алмай қоймайтынын мәлімдеуі болып отырса керек.

***

«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, 2015 жылы елдегі әкімдіктер мен ұлттық компаниялар және министрліктер сатып алатын 10 компьютердің 8-і Қазақстанда шығарылатын болады. Аталмыш құрылғылар «Ақпараттық технологиялар паркі» еркін экономикалық аумағында «Зерде» ұлттық холдингімен бірлескен түрде шығарылады. Еркін экономикалық аумақта жалпы алғанда компьютер, модем, принтер, мультиплекс, компьютерлік қызмет көрсету құрылғылары, телефонның радиобайланыс жүйесі сияқты дүниелердің барлығы дайындалады. Басқаша айтанда, ақпараттық технологиялар секторындағы қазақстандық қамтудың үлесін 2014 жылға қарай 80 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Ал қазіргі таңда бұл көрсеткіш небәрі 7 пайызды құрайды. Бұл туралы басылымның бүгінгі санындағы «Казахстанское содержание приходит в IT сектор» атты мақалада жазылған.