Соңғы кезде ғалымдар арасында Еуропалық жоғары білім алу жүйесі қазақстандық білім жүйесін құрдымға кетіре бастады деген пікірлер жиі айтыла бастады. Бұл тақырып « Айқын » басылымында да бүгін көрініс тауып отыр. « Еуропалық оқу жүйесін жерсіндірдік пе? » атты мақалада газет осы мәселенің анық-қанығын анықтауға тырысады.
«2010 жылы 11 наурызда Қазақстан Болон процесіне қосылып, «Университеттердің ұлы хартиясына» қол қойып, ТМД елдерінің ішінен бірінші болып еуропалық үш деңгейлі білім беру жүйесіне өтті (бакалавриат-магистратура-докторантура). Осыған байланысты, 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап кеңестік дәуірден мұраға қалған түрлі ғылыми мамандықтар бойынша кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғау арқылы ғылыми дәреже беру жүйесі жойылды. Екі деңгейлі ғылыми дәреже беру жүйесін бір ғана PhD-докторантура алмастырды. Осы жақында Білім және ғылым министрлігінің өкілдерінің «2015 жылы қазақстандық ғалымдар армиясының 2,5 мың жас ғалыммен толықты» деген ақпараты біраз академиктерімізді таң-тамаша қалдырды. 2,5 мың ғалымды кім дайындағаны және қайдан келгені көпшілікке белгісіз», - деп жазады басылым.
«Осы ретте Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің проректоры, университет академиялық саясат басқармасының бастығы В.Мироновтың «Қазір Еуропаға білім денгейі оншалықты жоғары емес, яғни официанттың (даяшының) біліміндей ғана білімі бар бакалаврлардың Еуропа экономикасына қызметке келгені тиімдірек болуы да мүмкін» деуінің өзі ойланарлық сөз. Ал біздің білім саласының басшылары 90-жылдардың орта шенінде жұртшылықпен ақылдаспастан ғылымдағы түсініксіздеу бір бакалавр деген дәрежені енгізе салды. Ал күндердің күні болғанда бакалавр атағын алып шыкқандардың осы бакалавр дегеннің не екенін өздері де, оларды қызметке алушылар да білмейтіні белгілі болды», - деп ой толғайды мақала авторы.
Жақында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қон және жұмыспен қамтылу мәселелері бойынша түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданғаны белгілі. 1 қаңтардан бастап күшіне енетін заң тарихи Отанына оралғысы келетін қандастарымызға даңғыл жол ашпақ.
Осы орайда «Айқын» газеті Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының орынбасары, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер Сұлтанәлі Балғабаевты әңгімеге тартып, жаңа заңның жағымды жақтарын түсіндіруді сұраған.
«Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев мырзаның атынан 23 ақпанда Мәжіліс төрағасы Қ.Жақыпов мырзаға көші-қонға қатысты көптеген ойларымыз бен ұсыныстарымызды қағазға түсіріп, оны депутаттардың қолына тигіздік. Сондықтан бұл заңның жобасын дайындауға және оны талқылауға белсенді түрде атсалытық деуімізге негіз бар. Президент әкімшілігі мен өзге құзырлы органдарға да бірнеше мәрте өз ұсыныстарымызды жолдағанбыз. Ұсыныста шетелдердегі этникалық қазақтардың проблемалары, этникалық көші-қон, Қазақстан қоғамына оралмандардың бейімделуі, олардың ықпалдылық мәселелері, Қазақстан Республикасының азаматтығын тез алу жолдары көрсетілген-ді. Ең керегі біздің шырылдап жүріп, қандастарымыздың қамын күйттеген ой-пікірлеріміз заңда көрініс тапты, ұсыныстарымыз енді», - дейді С. Балғабаев « Елге оралудың жақсы жүйесі » атты материалда.
«Оралмандар тұрақты тұру үшін төлем қабілетін дәлелдейтін құжат талап етілмейді. Өңірлік квотамен келгендерге жол жүру, мүлік тасымалдау қаражаты төленіп, өтемақы беріледі. Олар ендігі жерде кеден салығынан да босатылады.
Оралман айқындалған жерге көшіп барып, арада 5 жыл өтпей еліне немесе басқа жаққа көшер болса, алған жеңілдіктің бәрін мемлекетке қайтарады. 10 жыл бұрын келген отбасы да, былтыр келген отбасы да оралман атанып жүре беруіне жол жабылды. Енді ол бір жылдан соң толыққанды Қазақстан азаматы атанады», - деп атап өтті ол аталмыш сұxбатта.
Тағы бір мәселе азаматтардың сотталғандығы туралы анықтамаға байланысты. Енді олардан ешқандай қағаз талап етпеуге болады. Өйткені сотталған кісіні ешкім де шекарадан өткізбейді. Мәселен, Қытайда сотталғандарға жол жабық. Яғни осы құжаттың қажеті жоқ деп ойлаймын. Осының бәрі ескеріліп, көші-қон мәселесі жеңілдетілді.
***
Жақында Мемлекет басшысы «Үкімет азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясын құру туралы Заңға қол қойды. Бірінші кезеңде бірқатар әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтер көрсететін төрт республикалық мемлекеттік кәсіпорын бір мемлекеттік корпорацияға біріктіріледі. Бұған дейін мемлекеттік кәсіпорындарға жүктелген барлық қызметтерді енді азаматтар бір жерден алатын болады және барлық үдерістер осында жүзеге асады. 2016 жылдың басынан жұмысына кірісетін корпорация туралы « Егемен Қазақстан » басылымы ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевпен сұxбат құрған.
- Ең басты мақсат - бюрократияны азайту, көрсетілетін мемлекеттік қызмет үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етіп, оны ұсыну мерзімін барынша қысқарту. Барлық әкімшілік кедергілер жойылады және бизнес-үдерістерді оңтайландыру мен автоматтандыру арқылы шенеунік пен халықтың арасындағы тікелей байланыс мейілінше азаятын болады", - дейді министр «Жаңа қызметтің жақсылығы көп » атты материалда.
Ә. Исекешевтің атап өткеніндей, xалыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚО) 212 қызмет түрі ұсынылса, мемлекеттік корпорация 522 қызмет түрін көрсететін болады. Ал екінші кезеңде олардың саны 700-ге жетпек. ХҚО-лар тағдырына алаңдаудың қажеті жоқ, себебі мемлекеттік корпорация осы халыққа қызмет көрсету орталықтары негізінде құрылады.
«Корпорация күнделікті сағат 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін, тіпті, сенбі күні де жұмыс істейді. Мемлекеттік мекемелердің ақпараттық жүйесіндегі интеграцияның есебінен қызметті ұсынудың мерзімі айтарлықтай қысқарады», - дейді ол.
Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссиясы 2016 жылғы Мемлекеттік сыйлыққа конкурс жариялайды, деп жазады « Егемен Қазақстан » «Құнды шығармаларға құрмет пен қолдау » атты мақалада.
Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы отандық мәдениетті дамытуға ерекше бағалы үлес деп танылған әдебиет пен өнер саласындағы аса үздік шығармалары үшін беріледі.
Конкурстық шығармаларды қабылдау 2016 жылдың 1 наурызына дейін жүргізіледі.
«Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған ізденушілер ұжымы 5 адамнан аспауы тиіс. Бір ізденушінің кандидатурасы Мемлекеттік сыйлыққа екі және одан да көп жұмыстар бойынша ұсыныла алмайды», - деп атап өтеді басылым. ***
Алматылық экологтар дабыл қағуда: елдің ең ірі қаласының ауа ластануы ең жоғары көрсеткіштеріне жетіп отыр, дегенмен жергілікті билікке бұл бәрібір сияқты, дейді ресми тілде жарияланатын «Экспресс К» газеті.
«Зеленое спасение» Экологиялық қоғамның мәліметтері бойынша, Алматы ауасындағы улы заттардың концентрациясы тым жоғары. Қараша айында жүргізілген зерттеулер бойынша, күкірт диоксидінің көлемі нормадан 151 есе, көмірқышқыл - 535 есе, азот диоксиді - 68 есе асып кеткен.
«Бұл өте қорқынышты көрсеткіштер және желтоқсан айында оның көлемі өзгерді деп ойламаймын, - дейді эколог Светлана Спатарь. - Дегенмен жақында жарияланған қаланың 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасының бірінші тармағында да, отызыншы тармағында да Алматының ауасын жақсартудың жолдары туралы бірде-бір пункт жоқ! Проблема барын өзіміз мойындамайынша, өзгерістер туралы әңгіме қозғау бос бекершілік. Сондықтан орын алып отырған қиын жағдайды мойындау - ең маңызды қадамдарымыздың бірі болуы тиіс», - дейді ол.
Толығырақ, «Воздушная тревога» атты мақаладан оқи аласыздар.