«Еліміз медициналық туризм орталығына айнала ма?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 2 шілде, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Алматыда «Шипажай-2016» атты санаториялық-курорттық емдеуді дамыту мәселелерін қозғаған І халықаралық ғылыми-практикалық форум өтті. Форумның мақсаты - медициналық туризмді дамыту, санаториялық-курорттық ем, медициналық оңалту, спорттық медицина, курорттық бизнес индустриясы мәселелерін талқылауға арналған тұрақты бірегей пікірталастық алаңша құру. Сондай-ақ, оның базасында санаториялық емді дамыту бойынша жаһандық мәселелерді шешу үшін елдің интеллектуалдық, ұйымдастырушылық, кадр және ақпараттық ресурстарын біріктіру де осы тақырып аясында зерделенді. Форумда шетелдіктерді тарту үшін алдымен сервистік жағдайды жақсартып, демалушының көңілінен шығуымыз керектігін жеткізген Президенттің іс басқармасы медициналық орталығының жетекшісі Валерий Бенберин, сондай-ақ денсаулықты қалыпқа келтіруге болатын ұлттық әдістер табу қажеттігін, елімізде өсетін емдік шөптердің түрі көптігін, Қазақстанға келетін шетелдік мамандар тауға барғанда аспанға емес, жердегі байлыққа қарайтынын, олардың сөзінше, Қазақстанда өсетін шөптердің барлығы пайдалы екендігін, ал қазақтың брендтік өнімі - шұбат пен қымыз, саумалдың емдік қасиетінің денсаулыққа пайдалы екенін жарнамалау, түсіндіруді, ол үшін осы мәселелерді белсенді түрде жолға қоюда ізденіп, соны жүзеге асыру керектігін алға тартты. «Біздің елімізде медициналық туризмнің даму әлеуеті жоғары, - деді ол. - Рас, көптеген қазақстандықтар шетелге барып емделеді. Мәселен, тек алматылықтар 400 млн. доллар көлемінде шетелге барып емделген. Ал шынтуайтында, медицинаның әр саласын алып қарасаңыз, біздің дәрігерлердің білім деңгейлері, кәсібилігі, ғылыми әлеуеті олардан бір де кем емес. Қазақстанда Елбасының әлеуметтік салаға қатысты жүргізіп отырған саясатының нәтижесінде денсаулық сақтау саласында сапалы тұжырымдамалы секіріс жасалды. Осы ретте материалдық база нығайтылды. Қазір еліміздің барлық облыс орталықтарында жоғары технологиялық ота жасауға барлық мүмкіндік бар. Оларда нағыз кәсіби білікті мамандар жұмыс жасайды. Сондықтан, дәрігерлердің мәртебесін көтеруіміз керек. Сол арқылы дәрігерлердің қызметін көтеруге болады. Елбасы айтты емес пе, біздің пациенттер шетелге емес, шетелдіктердің бізге келуіне жұмыс жасауымыз керек деп. Қазір сең қозғалып, біраз жұмыстар атқарылуда. Мәселен, біздің клиникаға АҚШ, Израиль, Ресейден емделуге алғашқы пациенттер келе бастады. Сондықтан, біз осы бағыттағы жұмысымызды кеңейтіп, дамыта береміз». Мақала «Еліміз медициналық туризм орталығына айнала ма?» деген тақырыппен берілген.

 

Қазақстан Республикасының делегациясы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің отырысында адам құқықтары мен бостандықтары мәселесі бойынша мемлекеттің мүддесін қорғап қайтты. «Егемен Қазақстан» газеті осы оқиғаға орай делегация құрамында болған Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаевты әңгімеге тартқан. Басылым  тілшісінің «Қазақстандағы адам құқықтарының сақталуы жағдайына алдын ала берілген баға бар ма?»  деген сауалына жауап берген ол: «Иә, бар. Комитет мүшесі А.Зайберт-Фор комитеттің 2011 жылғы ұсынымдарын орындауға Қазақстан тарапының үлкен жауапкершілікпен қарағанын атап өтті. Сондай-ақ, комитет төрағасы Ф.Сальвиоли Қазақстан Республикасының баяндамасын тыңдай келе, өзінің бірінші баяндамасын ұсынған 2011 жылмен салыстырғанда, елімізде адам құқықтары бойынша жағдайдың айтарлықтай жақсарғанын көлденең тартты. Бұл - жалаң сөз емес, себебі, Ф.Сальвиоли мырза Қазақстанның бірінші баяндамасы комитет отырыстарында тыңдалған кезде оның жұмысына қатысқан болатын»,  - дейді. Сұхбат тақырыбы: «Адам құқы мәртебесіне адалдық».

***

«Казахстанская правда» газетінде «Пещере Кенесары требуется продюсер?» деген тақырыппен мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, атағы жағынан Абылай хан алаңына ғана есе жіберетін бұл үңгір мәдени-тарихи ескерткіштер қатарынан қалып қойғаны өкінішті болып келді. Сондықтан осы жылдың маусым айының ортасында «Бурабай» ұлттық паркі өз сайтында аталған нысанды абаттандыруға байқау жария еткен. Бірнеше жүзедеген жылдық тарихи бар үңгір 2009 жылдың 27 мамырында «Бурабай» ұлттық парктің қарамағына өтіп, «Соңғы хан Кенесарының жасырынған жері» деген атаумен туристік төлқұжат алған. Үңгірге дейінгі аралық 7 шақырымды құрайды, оған баруға 2 сағат уақыт кетеді. Туристік бағдар маусым және қыркүйек айларында ғана жұмыс істейді. Бір топта 10 адам ғана, бұған қоса күніне 30 адам ғана бара алады. Осыған орай «Казахстанская правда» газетінің тілшісі аталған бағдармен жүріп өтіп, үңгірге барар жолдың кемшіліктерін тізумен қатар туристер үшін тартымды қырларын да ашып көрсеткен.