Биатлонға бес бронетранспортер мен әскери «КамАЗдың» 9 жүргізушісі қатысты. Жол бәріне бірдей болды, тек БТР командасына ғана жауынгерлік межеден сүрінбей өту талабы болды. Олар бірнеше нысананы еңсеру қажет. Сонымен бронетранспортер макеті 600 метрлік қашықтықта пайда болды, ал ұзын қуыршақ түріндегі нысана 300 метр қашықтықта пайда болды. Нысанашы бірінші нысананы 30 секундта, екіншісін 10-20 секундта дәл көздеп, тапсырманы мүлтіксіз орындауы тиіс болды.
БТР-ден кейін межеге «КамАЗ» жүргізушілері шықты. Сол 5 шақырымдық жол, сол кедергі, тек атыс шебі болған жоқ.
Үздік жүргізуші болып «Батыс» өңірлік қолбасшылығының старшинасы Сергей Каленьтев танылды. Екінші орында - «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының аға сержанты Бейбіт Әуесбаев. Үшінші орынды әскери институт өкілі аға сержант Алексей Краснощак иеленді.
«Үздік экипаж» номинациясында үшінші орынды өңірлік «Шығыс» қолбасшылығының жігіттері алды, екінші орында «Батыс» қолбасшылығының әскери қызметшілері, әскери жарыста «Оңтүстік» қолбасшылығы экипажына тең ешкім болмады. Олар жолды 11 минут 10 секундта еңсеріп, әр нысанаға дөп тигізіп отырды.
Енді Ұлттық гвардия қолбасшылығы осындай әскери жарыстарға Қазақстан әскерінің басқа түрін де тартуға ниетті.