Иә, бүгінде республикадағы автомобиль жолдарының сапасы жүргізушілер тарапынан көптеген сыни пікір қалыптастырып отырғаны жасырын емес. Тіпті, жол саласын жалқаулар ғана сынамайды десек те болады. Дегенмен, салада өзгерістер де орын алып жатыр. Отандық автожолшылар да заман ағымына ілесіп, ең алдыңғы қатарлы әдістерді жол салу барысында қолдануға тырысуда. Мәселен, қазіргі уақытта автожол салу барысында асфальт-бетон қоспаларымен жобалаудың америкалық технологиясын енгізіп жатыр.
Сарапшылардың атап өтуінше, бүгінде Қазақстандағы жолдар кеңестік кезеңдегі құжаттарға (ГОСТ) негізделген нормативтер бойынша жобаланып, салынады. Бірақ уақыттың орнында тұрмайтынын және автожолдардың қызмет ету шарттары өзгеретінін, жүктеме артып, трафик пен жылдамдық режимі ұлғайып келе жатқанын түсінеміз. Саланың алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі жол жобалау мен салудың халықаралық стандарттарына көшу, өндіріс мәдениетін үнемі арттыру екенін жақсы білеміз.
«Қазақстанның автомобиль жолдарының сапасын арттыру мақсатында құрылымдық бөлімшелеріміз жұмыстар мен материалдардың сапасын бақылаумен ғана айналыспай, жол жобалау мен салу барысына жаңа технологияларды және тәсілдерді белсенді зерделеп, енгізіп жатыр», - деді Ұлттық жол активтері сапасы орталығы Ғылым және жаңа технологияларды енгізу департаментінің директоры Нұржан Досаев.
Бұл бағыттағы жұмыстың жарқын мысалдарының бірі – Ұлттық жол активтері сапасы орталығы Қазақстанның озық университеті «Назарбаев Университетімен» бірлесіп, ең жақсы сипаттамалары бар асфальт-бетон қоспаларын жобалаудың америкалық технологиясын енгізу. Компания қызметкерлері Қазақстанға бейімделген осы технологияны енгізу автомобиль жолдарының сапасын жақсартуға мүмкіндік береді деп санайды.
«Superpave технологиясы сапаны, қызмет ету мерзімін арттыруға мүмкіндік береді және заманауи зертханалық жабдықты қолдана отырып, асфальт-бетон қоспаларының ұтымды таңдалған құрамының арқасында жұмыс істейді. Бұл жобалау жүйесі Еуропа мемлекеттерінде, сондай-ақ АҚШ, Канада, Қытай және Сауд Арабиясында сынақтан өтті», - деп түсіндіреді Нұржан Досаев.
Superpave әдісі шұңқыр, жолда жырықтардың пайда болуы, төмен температура кезіндегі жырықтардың қалыптасуы, жол төсемінің қалған деформацияларына төзімді деп сипатталады. Мысалы, асфальт нақты табиғи-климаттық жағдайларға, яғни елдің ыстық аймақтарында - жоғары температураға төзімді, суық аймақтарында – жарықшақтанудың төмен температурасына таңдалады.
«Биыл Superpave әдісін енгізуге тікелей дайындық жұмыстарына кірісіп кеттік. Жол картасының жобасы да бар. Жабдықпен жұмыс істеу үшін егжей-тегжейлі нұсқаулық әзірленіп жатыр. Логикасы мен әдісті кезең-кезеңмен енгізу жолдары түзілді», - дейді Нұржан Досаев.
Назарбаев университетінің профессорлары Superpave технологиясымен етене таныс әрі Ұлттық жол активтері сапасы орталығына айтарлықтай қолдау көрсетіп отыр. Мәселен, профессор Чан Сон Шон Техас штатында көптеген жыл бойы жұмыс істеп, осы технологиямен тікелей айналысқан.
«Superpave әдісінің артықшылығы тұтқыр заттың қасиеттеріне және оны қолданудың температуралық диапазонына негізделіп, арнайы әзірленген PG Grade шкаласы бойынша битумды тұтылғыш материалдың маркасын дәл таңдау арқылы қол жеткізіледі. Бұл тәсіл жолдардың қызмет ету мерзімін барынша ұзартуға мүмкіндік береді», - деп түсіндіреді Чан Сон Шон.
Назарбаев Университетінің оқытушы, ғылыми қызметкері Айжан Қисамбинова бұл технология асфальттың ғана емес, сонымен қатар битумның сапасына қатысты мәселені шешетінін алға тартады. Өйткені, біздегі битум әлі күнге дейін ескірген ГОСТ бойынша өндіріліп келеді. Ал, Superpave заманауи полимерлерді қосу арқылы битумның өнімділігін жақсарта түседі.
«PG Grade шкаласымен битум тұтқыр затты таңдау (Қазақстанның жоғары және төмен температура бойынша картасы) табиғи жағдайлардың ерекшеліктерін, автомобиль қозғалысы кезіндегі жүктемелердің қарқындылығын, соңғы 20 жылдағы жазғы және қысқы температураның ең жоғары көрсеткіштерін қамтитын құрылыс ауданындағы сипаттамаларды талдауға негізделген. Қазіргі уақытта Superpave технологиясын енгізу бағдарламасын әзірлеумен айналысып жатырмыз. Оны енгізу кезіндегі басқа елдердің тәжірибесін зерделейміз. Қазақстанның барлық өңірлерінің температуралық ерекшеліктерін ескеретін битум тұтқыр заттарды іріктеу үшін PG Grade картасын жетілдірумен айналысамыз. Ең сенімді модельді таңдау үшін АҚШ, Корея және Жапонияның есептеу модельдерін қолданамыз. Сондай-ақ, Superpave әдістемесі бойынша AASHTO америкалық стандарттардың негізгі нормативтік ережелерін ескере отырып, стандарттар әзірленетін болады», - деп толықтырады Айжан Қисамбинова.
Сонымен қатар, 2020 жылдың шілдесінде Ұлттық жол активтері сапасы орталығы Назарбаев Университетінің түлектері Әнуар Сәрсембинов және Данияр Амантаевпен бірлесіп, Smart Road Diagnostic System (SRDS) бағдарламасын әзірлеу жұмысын бастады. Олар компанияға жаңа технологияларды енгізу мамандары ретінде жұмысқа қабылданды.
Жол және көпір диагностикасы бөлімінің бастығы Бауыржан Жексенбековтің атап өтуінше, Smart Road Diagnostic System (SRDS) – бұл компьютерлік көру және машиналық оқыту тұжырымдамаларына негізделген жол ақауларын автоматты түрде тану жүйесі (жасанды интеллект). Жүйе автомобиль жолдарының құрылымдық элементтерінің жөндеуаралық мерзімдерін, оның ішінде құрылыстан, қайта жаңартудан, күрделі, орташа және күнделікті жөндеуден кейінгі жол жағдайларын 95 пайыздан астам дәлдікпен тағайындау жөніндегі ұсынымдарға сәйкес ақауларды тануға мүмкіндік береді.
«Бұл бойлық жарықтар, көлденең жарықтар, жарықтар торы, бояу/қабыршақтану, терлеу, ойықтар/шұңқырлар, жиектер», - деп түсіндіреді Бауыржан Жексенбеков.
Жүйе сызықтық камерадан (жол жамылғысын түсіру үшін), жүріп өткен жол датчигінен (жолдағы ақаудың орнын тану үшін), GPS датчигінен (ақаудың GPS координаттарын тану үшін) және компьютерден (жазу және есептеу үшін) тұрады. Сондай-ақ, ақпараттық жүй web-server-ді қамтиды. Онда инженерлер ақауларды тану және басқа жазба жүйелеріне түсірілген жол есептерін қалыптастыру үшін «vdef» форматындағы файлдарды жүктей алады.
Бауыржан Жексенбеков осы жүйе бойынша жұмыс процесі қалай жүргізілетінін де түсіндіріп берді.
Инженер компьютерде бағдарламаны (Srds) ашады. Содан кейін жазуды бастау үшін деректерді енгізіп (жол коды, жол атауы, жазуды бастаудың бастапқы шақырымы, қозғалыс бағыты, жолақ нөмірі, автомобиль жолының санаты, күні), веб-серверде «.vdef» форматында жазылған жол файлына атау береді: жол атауы-бастапқы метр-соңғы метр-жолақ-жол ені-күні. Әрі қарай, ақпараттық жүйе ақауларды шамамен минутына 1 шақырым жылдамдықпен таниды.
«Инженер өңделген ақаулардың суреттерін және жол жамылғысының күйі туралы есепті жүктей алады. Есепте ақау және оның параметрлері (ауданы/ұзындығы, орны, координаттары), сондай-ақ әрбір өңделген шақырымға жалпы ауданы мен ақаулардың ұзындығы бар жол жабындысының жай-күйі туралы тізімдеме көрсетіледі», - деді Бауыржан Жексенбеков.
Айта кетерлігі, бұл жүйе ұзындығы 100 шақырымдық учаске деректерін өңдеуді 4 күннен 4 сағатқа дейін қысқартады. Бағдарламаға авторлық құқық алынған. Ол кәсіпорынның меншігі саналады.