«Қылмыстық атқару заңнамасының қолданысқа енуіне орай, бірқатар проблемаларды шешу талап етіледі. Атап айтқанда, «қамау үйлерін» салу мәселесі өзекті, өйткені жаңа Қылмыстық Кодексте қылмыстық теріс қылық көрсетілген 150 бап бойынша отыз күннен тоқсан күнге дейін қамау жазалары қарастырылады. Мұндай қылмысқа тартылғандардың барлығы арнайы «қамау үйлерінде» ұсталуы тиіс. Алайда жазаның бұл түрін тәжірибеге енгізу бірқатар проблемаларды тудырады. Мәселен, сарапшылардың есебі бойынша жыл сайын осы бапқа жататын қылмыспен қамалатындар саны 17-18 мың адамды қамтуы мүмкін. Сондықтан да елімізде ең аз дегені 29 «қамау үйлерін» салу керек», - деді министр.
Оның айтуынша, «қамау үйлерінде» ұзақ уақыт ұстау бойынша инфрақұрылымдар толық қамтылып, тұтқындар үшін серуендейтін аулалар, кездесу орындары болуы шарт. Сонымен қатар жаңа кодекстегі «қамауға алу» нормасы 2017 жылдан бастап қолданысқа енбек. «Ал қазір министрлік тек үш «қамау үйлерін» салуға қатысты жобалық-сметалық құжаттарға шығыстарды қарастырып отыр. Олар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында. Олардың құрылысы аяқталғанша біз қылмысқа тартылғандарды онсыз да адамдарға лық толы болып тұрған арнайы ұстау орындарына қамауға мәжбүр боламыз», - деді ІІМ басшысы.
Бұл ретте ведомство басшысы ондай қамау орындарының барлығының жағдайы тым нашар екенін, олардың ешқайсысы ұзақ уақыттық ұстаулар үшін қарастырылмағанын жеткізді. Министрдің сөзіне қарағанда, ондай орындардың басым бөлігі жертөлелерде орналасқан, әрі жай-күйлері де нормативтерге сай келмейді.