Елорданың ПИК басшылары қатысқан алқалы жиын барысында көппәтерлі үйлерде жылу сақтау мүмкіндігі, үйлерді жөндеуді қаржыландырудың халықаралық тәжірибесі қаралып, Қарағанды қаласындағы тұрғын үйді жөндеуді қаржылай қолдау ілкі жобасы турасында сөз болды.
«Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Талап Рахмановтың атап өтуінше, мемлекет көппәтерлі үйлердегі күрделі жөндеу жұмыстарын төмен пайызбен қаржыландыратын шағын несие ұйымдарын құрмақ. «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласын жаңғырту мемлекеттік бағдарламасы автоматтандырылған жылу бекеттерін орнату, сонымен қатар үйдің шатырын, қасбетін жөндеу, есік-терезесін ауыстыру сынды мәселелерді қарастырады», - деді ол.
Компания ілкі жоба әзірлеп, оны Қарағанды қаласында жүзеге асыра бастаған. Бұл орайда, жобаға сәйкес мемлекет әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй көмегін ұсынады. Ал жөндеу жұмыстарына жетпеген қаржыны арнайы құрылған шағын несие ұйымы жылына 4,5 пайызбен 20 жылға несие ретінде береді.
Бұл мемлекет үшін де, тұрғындар үшін де өте тиімді екендігін тілге тиек еткен Т.Рахмановтың атап өтуінше, қазіргі уақытта елімізде күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін шамамен 21 мың көппәтерлі тұрғын үй бар. Оларды жөндеуге шамамен 642 млрд. теңге қажет.