«Елімізде үйленбегендер жыл санап артып келеді. Неге?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 22 сәуір, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Егемен Қазақстан» басылымы «Жарияланбайтын жайдың жай-жапсары немесе судьялардың төрт құбыласы түгел ме?» атты мақалада еліміздегі судьялардың жағдайына назар аудартады.

«Қит етсе, адамдар сотқа жүгіреді, жүгінеді. Бұл сот құқымды қорғап береді деген үкілі сенімнің үлкені шығар. Әрине, солай ғой. Сот мені қорғайды, нақақ жаладан арашалап алады, әділдікті орнатады деген сенімнің әр жүректің түкпірінде ұялап жатқанының өзі неткен ғанибет! Бірақ сол біз сот дейтін судьялардың да тап өзіміз секілді адам екендігін онша ойлана бермейтін секілдіміз бе, қалай? Олардың тіршілігі, жұмыс салмағы, айлық жалақысы қандай? Басында бас­панасы, бос уақыты, араласатын ортасы бар ма? Судья деген кім, біреуді соттап, біреуді ақтап, біреуді қаралап, біреуді жақтап үкім шығаратын адам ғана ма?», - деп сауал тастайды еліміздің бас газеті.

«Енді Конституциялық заңға сәйкес, судьялардың мәртебесіне орай олардың жалақысы да өсуі тиіс қой. Бірақ осы мәселе, неге екені белгісіз ескерусіз қалып тұр. Мәселен, қазір учаскелік полиция қызметкерінің жалақысы 200 мың теңге көлемінде екен. Ал аудандық соттың жаңадан келген судьясының жалақысы 170-180 мың теңгені құрайды. Ал 200 мың теңгеден асатын айлық алатын судьялар осы қызметте 10-15 жыл­дық өтілі барлар. Демек, ойлап қарасаңыз, жаңадан қызметке келген судья 200 мыңнан аса жалақыға қол жеткізу үшін кемінде он жыл үзбей еңбек етуі керек, әйтпесе, оның айлығы сол 170-180 мың теңге шамасында қала бермек. Ал қалалық, облыстық соттар судьяларының, байқасаңыз, кез келгенінің өтілі 20 жылдан да асып кеткендері басымырақ келеді. Әлбетте, соған орай олардың айлығына үстеме қосылады. Бірақ соның өзінде сот саласында анау-мынау емес, табаны күректей 20 жыл еңбек еткен билердің алатыны, жасырмай-ақ айтайық, сол 300 мың теңгенің о жақ, бұ жағы ғана», - делінген аталмыш мақалада.

Маңғыстау облыстық коммуникациялар қызметі алаңында облыс әкімі Алик Айдарбаев өңірде «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асырудың аралық қорытындылары туралы баяндама жасады. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымы «Тынысы терең түбек» атты мақаласында хабарлап отыр.

«Маңғыстау облысында инвестициялық тартымдылықты және инвестиция тартудағы заңдылықтарды қорғауға, кәсіпкерлікке тартымды сипат беріп, даулы мәселелер туындай қалған жағдайда инвесторлардың қазақстандық сот жүйесіне деген сенімін арттыру үшін жеке сот жүргізу орталығы құрылмақ. Сондай-ақ, биыл облыстың барлық аудан, қалаларында құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қадағалау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметтерін негізгі міндеті еткен жергілікті полиция қызметі құрылды. Бұл сапта қазіргі таңда 1000-нан астам қызметкер еңбек етуде», - делінеді мақалада.

А.Айдарбаев 35-84-ші қадамдарды қамтитын «Индустрияландыру және экономикалық өсім» атты үшінші реформа аясында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.

Өңірде ауылшаруашылық жерлерін жекеменшікке беру үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп, пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылық жерлеріне түгендеу жүргізілген. Құрылыс саласына көңіл бөлініп, архитектуралық-жоспарлау және эскиздік жобалау мерзімдері қысқартылмақ. Өңірде мүлікті жариялау жұмыстары қарқынды жүруде. 2016 жылдың 1 сәуіріне дейін Маңғыстау облысының тұрғындарынан 635 өтініш түскен.

«Он үште отау иесі» деген қазақтың сөзі бүгінде мәнін жоғалтқан тәрізді. Бүгінгінің жігіті отбасын құруға, қызы тұрмысқа шығуға асықпайды, деп жазады «Түркістан» бүгінгі санында жарияланған «Елімізде үйленбегендер жыл санап артып келеді. Неге?» атты тақырыппен берілген мақалада.

Жастардың отбасын құруына түрлі жағдайлар мен себептердің кедергі келтіретіні жасырын емес. Әрине, шаңырақ көтеру - әркімнің жеке шаруасы. Ал мыңдаған жігіттердің «сүрбойдақ», мыңдаған бойжеткеннің «кәрі қыз» атануы қоғам болып алаңдайтын мәселе.

«Қазақстан статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, 2009 жылғы ұлттық санақ кезінде Қазақстанда 30 жастан асқан 798 мың адам отбасын құрмағаны анықталған. Ал 1999 жылғы санақ кезінде үйленбеген 368 мың адам тіркелген. 2009 жылғы санақ бойынша 50-ден асқан ер адамдардың 70 мыңы, осы жастағы әйелдердің 110 мыңы отбасын құрмаса, 1999 жылғы санақта елдегі 50 жастан асқан ерлердің 19 мыңы, сол жастағы әйелдердің 34 мыңы ешқашан үйленбегендерін айтқан. Қазақстандағы 14 пен 29 жас аралығындағы қыз-жігіттердің саны 4 миллион 616 мың екен. Олардың 2 миллион 337 мыңы - ер балалар болса, 2 миллион 279 мыңы - қыздар. Ал 2012 жылғы деректерге жүгінсек, елімізде жасы 25-тен асқан бойдақтар саны - 3 миллион. Әлгі 3 млн адамның 28,2 пайызы - нәзік жандылар болса, 39,6 пайызы - ер азаматтар. Әлбетте, бұл деректерге қарасақ, ел-жұрттың кәрі қыздар мен сүрбойдақтардың көбейгеніне алаңдауына негіз бар. Оның үстіне, 2012 жылы тіркелген бұл көрсеткіштер бүгінге дейін көбеймесе, азайған жоқ. Статистика бойынша Қазақстанда 18 бен 35 жас аралығындағы күйеуге шықпаған 700 мың қыз бен 300 мың жігіт бар екен. Ал шетелдік еркектердің етегінен ұстап кететіндердің көрсеткіші 10 пайызға жеткен. Жалпы, елімізде қыздар орта есеппен 24 жасында тұрмысқа шықса, жігіттер 27-28 жасында шаңырақ көтереді», - деген мәліметтер келтіреді басылым.

Соңғы кездері көптеген елдердерде әлеуметтік кәсіпкерлік қанат жая бастады, деп жазады «Экспресс К».

Батыста бұл сала экономиканың бір бөлшегіне айналып, ЖІӨ-ге едәуір үлес қоса бастаған. Мәселен, Франция мен Ұлыбританияда оның ЖІӨ-дегі үлесі 10 пайызға дейін жеткен. Жаңа тренд біздің елді де айналып өтпеді. Бүгінде Қазақстанда шамамен 120 әлеуметтік кәсіпкер бар. Сарапшылардың пікірінше, олар дағдарыс кезінде елдің тіреуі бола алады.

«Біздің мемлекетте әлеуметтік кәсіпкерлердің едәуір бөлігі Алматы, Астана, Шымкент, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарына келеді. Осы саланың алғашқы қарлығаштарының бірі - Sport Concept қоғамдық қорының басшысы, тілші Анна Шелепова. Бірнеше жылдар бұрын ол бұл істі өз ауласын спорт алаңын абаттандырудан бастаған», - деп жазады газет.

«Бүгінде біздің қор Алматы, Қарағанды және Павлодарда 16 ауланы абаттандырды», - дейді ол. - Қазіргі уақытта жазғы мезгілде өтетін жеті, қыста өтетін үш спорт секциясы ұйымдастырылды. Спорттық шеберлік сыныптарымен 3 мыңға тарта бала қамтылды, 700 мың теңгеден астам салық төленді және ондаған жұмыс орындарын аштық».

Толығырақ, «Дела сердечные» атты мақаладан оқи аласыздар.