Елімізде заңсыз ойынханалар әлі жұмыс істеуде - қаржы полициясы

АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 2008 жылы еліміз бойынша жасырын түрде жұмыс істеп келген 36 ойын мекемесінің жұмысы тоқтатылды.

Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, осы мәселеге байланысты 24 фактіде әкімшілік шара қолданылып, 12 дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сондай-ақ 9 қылмыстық іс сотқа жіберіліп, 6 адам сотталған. «Аталған іс барысында алынған 53,5 миллион теңге мемлекеттің иелігіне берілді. Осы орайда айта кететін мәселе, көпшілікке мәлім елімізде «Ойын бизнесі туралы» заң бойынша ойын автоматтары мен казинолар, тек Алматы облысындағы Қапшағай және Ақмола облысының Шортанды қалаларында ғана жұмыс істей алады. Ал бұдан өзге аймақтағы ойынханалардың барлығының жұмысы заңсыз деп табылады. Бұл мәселе Елбасының және Қауіпсіздік кеңесінің назарында», - деді ресми өкіл. Оның сөзіне қарағанда, елімізде қабылданып жатқан әкімшілік және заңнамалық шараларға қарамастан ойынханалар республиканың рұқсат етілмеген аймақтарында да қызметтерін жалғастыруда. Құзырлы органдар тек биылғы жылдың өзінде ойын бизнесі саласындағы заңсыз кәсіпкерлік бойынша 9 деректі анықтап, 6 әкімшілік құжат толтырған. Оның ішінде 3 факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, 2 іс сот органдарына жолданған.