- Талапбек Мұратұлы, медицина саласында студенттерге тәлім беру үдерісіне тікелей қатысып жүрсіз. Осы орайда жас мамандарды оқытуда қандай проблемалар бар?
- Бұрынғыға қарағанда қазіргі кезде студенттерді оқыту әдістемесі өзгертілді. Себебі, бұрын 6 жыл оқитын болса, бүгінде 5 жыл оқып, одан кейін ары қарай таңдаған бағыты бойынша білімін жалғастырады. Жалпы медицина аясында дәрігерлер даярланады және содан кейін өздерінің нақты мамандықтары бойынша оқытылады. Жалпы оқу үдерісі 9-10 жылды қамтиды. Одан кейін олар маман болады.
Бірақ, бір кемшін тұсы - қазір балалар дәрігерлерінің педиатр факультеті жоқ. Олар жалпы медицина аясында даярланады. Менің ойымша, педиатрлар бөлек оқытылғаны дұрыс. Өйткені, балалардың ағзасы ересектерге қарағанда бөлек. Яғни, ересектердегі аурулар балаларда өзгеше жүреді. Дәрі-дәрмектерді тағайындау да басқаша болады. Осы орайда студент бірінші курстан бастап осы бағытта оқытылып, үйретілуі керек. Бұл тұрғыда бұрынғы осы әдіс дұрыс деп санаймын.
Халықаралық үдеріске сай қазіргі әдіс бойынша жалпы медицина бойынша оқытылады. Негізі дәрігер өзі ізденіп, оқуына айрықша мән беруі керек. Жоғары оқу орнын бітіргендердің барлығы дәрігер болып шыға бермейді.
- Жалақы мәселесі туралы не айтасыз?
- Енді жоғары дәрежедегі жалақы алу үшін дәрігерлердің өзі білімін жоғарылатуға қызығушылық болады. Осы орайда жоғары жалақыға орай еш дәрігер өз ісіне немқұрайды қарамайды. Қазіргі кезде дәрігерлердің жұмысын ынталандыру тетіктерін қолдауға ие.
- Шетелде тағылымдамадан өтіп, біліктілікті жетілдіру нәтижесі туралы пікіріңізді білсек?
- Шетелде тәжірибе алмасу өте дұрыс. Өзім де бірнеше елде болып, олардың тәжірибесін көрдім. Шетелде бұрыннан қалыптасқан өзіндік әдістер мен тәжірибе бар. Біз бұған енді көшіп жатырмыз. Медицина саласындағы жаңа құралдар мен жабдықтар оларда пайда болады. Мәселен Астана мен Алматыда бұндай жабдықтар болса да, еліміздегі жергілікті жерлерде енді ғана кеңінен таралып жатыр. Дамыған шет мемлекеттерде бұл жағынан өте жоғары деңгейде қамтылған. Сондықтан оларға барып, тәжірибе алмасып, білімді шыңдаған дұрыс қадам. Біріншіден, тілді меңгеріп алу керек. Дәрігер шеттен оқып келгеннен кейін, Қазақстанда да сондай аппараттар болуы керек және тиісті жағдайды қалыптастырған абзал. Сонымен қатар көмекші медбикенің де біліміне ерекше назар аударған жөн. Мысалы операциялық бригада деген бар. Осы орайда оқытқан кезде оның құрамындағы анестезиологты, хирургты, медбикені барлығын бірге жіберу керек. Бұл команда келгеннен соң бірлесе, жақсы жұмыс істейтін болады.
Тағы бір маңызды мәселе, жақсы клиникадағы дәрігерлерді өзімізге шеберлік-сыныптарын жүргізуге шақырту қажет. Әсіресе, жергілікті жерлерге жаңадан жеткізілген жаңа аппаратуралармен іс жүзінде жұмыс істей алатын мамандарды шақыртып, оның жұмыс тәжірибесін еліміздегі дәрігерлерге көрсету маңызды.
-Сіздің ойыңызша, қай елдің тәжірибесіне ерекше мән беру керек?
- Израильде, Оңтүстік Кореяда, Германияда, Польшада болып, олардың мүмкіндіктерімен таныстым. Осы орайда Еуропаның тәжірибесі, клиникалары қатты ұнады. Соңғы кезде Корея Республикасының медицинасы ұнап жүр. Сала да өте жақсы дамып кеткен. Аппаратурасы өте жақсы деңгейде. Сондықтан науқастарға жоғары деңгейде қызмет көрсетеді. Сонымен қатар бұл елдің үйретуі де жақсы, барлығы ашық әрі қолжетімді.
- Сіздің салаңызда мамандар тапшылығы қатты сезіле ме?
- Әрине, мамандар тапшылығы бар. ЛОР- дәрігерлер жетіспейді. Осы бағыттағы дәрігерлер үлкен қалаларда, облыс орталықтарында бар, ал ауылды айтпағанда, аудан орталықтарында көбіне ЛОР-дәрігерлер тапшы. Олардың қызметін көбіне терапевтер, хирургтер атқарып жүр. Атап айтқанда, жас мамандардың көбі мүмкіндігінше қалада қалғысы келеді. Сонымен қатар операцияларды хирургтер жасай береді, ал жоспарлы операциялар бойынша науқастарды облыс орталықтарына, Астана мен Алматыға жіберіп жатады.
Қуантарлығы, бүгінде мектепті «Алтын белгімен» тәмамдағандар медициналық оқу орнына жиі түсуде. Менің ойымша, дәрігерлердің жағдайы жақсара бастағандықтан, жастар осы салаға назар аудара бастады. Жалақы да көтерілуде.
- Ұсыныс болып жатса, облыс немесе аудан орталығындағы ауруханаға барып, қызмет етуге дайынсыз ба?
- Әрине, баруға болады. Дәл қазіргі жағдайда мен саланың маманы ретінде осы жерде жастарды даярлап, оларды өңірлерге бағыттағанымыз тиімдірек. Мәселен, өңірге қызметке барсам, ол жерде бүгінде мен жұмыс істеп отырған аппаратуралар болмауы мүмкін және олардың бұл жабдықтарды алып беруге жағдайы көтермеуі ықтимал. Ал Астанада ең қажетті құралдардың барлығы бар. Сондықтан дәрігерлер осында келіп үйренгені жақсы. Кейін жас мамандар осы біліктілігін жетілдіргеннен соң, жергілікті жерлерде жоспарлы түрде соңғы буынды технологияларды бас дәрігерге алғызуға ықпал етуі керек. Шәкіртімді даярлап, оны Маңғыстау облысына жібердік. Қазіргі кезде оның жұмысына клиника да риза, сонымен қатар дәрігердің өзі де жасалған жағдайға қуанышты.
- Сіздің салада қай елдің аппаратураларын жиі пайдаланасыздар?
- Өзіміздің мамандық бойынша айтатын болсам, немістердің, жапондардың технологиялары жақсы. Ал Ресейдің аппаратураларын соңынан қолданамыз. Еуропалық құралдар қымбат, бірақ көп жылдар бойы қызмет жасай алады. Бірақ осы жабдықтар миллиондаған қаржыға бағаланғандықтан, оларды ауруханалардың бюджеті көбіне көтере алмай жатады. Бұндай жабдықтар жеке клиникаларда көптеп пайда болуда.
- Жекеменшік клиникаларға көзқарасыңыз қандай?
- Науқастардың барлығы уақыттарының тығыздығына байланысты мемлекеттік клиникаларға келе алмайды. Порталға тіркелу (мемлекеттік емдеу мекемелеріне) үшін екі айға дейін уақыттары кетіп қалады. Кейбір науқастардың жағдай жақсы. Жұмысы мен жалақысы жақсы болғандықтан, олар жеке клиникалардың қызметіне жүгінеді. Мәселен, Германияда, Израильде дәрігерлер күндіз мемлекеттік ауруханада, ал түстен кейін жеке клиникаларда жұмыс істейді. Сондықтан осындай емдеу мекемелері қажет деп ойлаймын.
- Ем қабылдауға келетін адамдардың көбісі қай жас аралығында жиі кездеседі?
-Біздің мамандық бойынша жастар мен орта жастағы адамдар көбіне мұрынның тыныс алмауы, құлақтан ірің ағуы, яғни бала кезінен дұрыс күтінбегендіктен туындайтын, жүре пайда болатын індеттермен келеді. Бізде туабіткен аурулар көп емес. Ата-аналар балаларының кішкентай кезіндегі аурулардың белгілеріне назар аудара бермейді. Кейіннен ол дерттері ушығады, осының салдарынан жастар әскерге жарамай қалып жатады. Жүре пайда болатын аурулар жастарда жиі кездесіп жатады. Байқағаным, еуропалық елдерде егде жастағы адамдар көбіне осындай ауруларға шалдығып жатады. Осы елдерде жастар спортқа, салауатты өмір салтына айрықша мән береді, себебі, олар өмірдің ырғағынан, жұмыстан қалуға болмайды деген қағиданы ұстанады. Денсаулығын дер кезінде тексертіп отырады. Сондықтан біздің де жастар осыған мән беруі керек.
- Әңгімеңізге рахмет!