Еліміздегі Исламдық қаржыландыруды дамыту үшін орталықтандырылған шариғат кеңесін құру керек- Е. Бахмутова

АЛМАТЫ. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Еліміздегі Исламдық қаржыландыруды дамыту үшін орталықтандырылған шариғат кеңесін құру керек.

Бұл туралы бүгін Алматыда ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің 2010 жылғы жұмыстарының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында аталмыш ведомствоның төрайымы Елена Бахмутова айтты.

«Қазір елімізде исламдық қаржыландыру туралы көп айтылатын болды. Бұл нарықты дамытуға Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығы ықпал етуде. Оған біз де көмектесіп жатырмыз. Бізде шешілмеген бір міндет бар. Исламдық қаржы құралдары толыққанды даму үшін орталықтандырылған шариғат кеңесі құрылуы керек», - дейді Е. Бахмутова.

Оның айтуынша, қазір бұл жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірқатар өнімдер стандартталды. Жалпы, бүкіл қаржы жүйесінде реттеу шаралары бірдей болмақ. Тек өзіндік ерекшеліктері ғана ескерілмек. Өйткені әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс реттелмейтін субъектілерді құру дағдарысқа апаратын жол екенін көрсетіп берді.