Премьер-Министр өз сөзінде еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының қуаттарын арттыру мен қайта құру жұмыстары сөзсіз 2016 жылы аяқталуы тиіс екенін атап өтті. «Яғни біздің мұнай өңдеу зауыттары сапалы өнім шығарумен қатар, мұнай өнімдерінің көлемін арттыруы керек»,- деді С. Ахметов
Үкімет басшысы дегенмен де еліміз жыл сайын көрші Ресеймен жағармай жеткізу бойынша келісім бекітілетінін еске салып өтті. «Желтоқсанда ашық түсті мұнай өнімдерін жеткізу тұрғысында Ресеймен келсімді бекіттік, әрине, ерекше талаптар бойынша. Биылғы жылдың келісімі тарихи маңызға ие. Себебі, алғаш рет Кедендік одақ аясындағы серіктестерімізбен мұнай өнімдерінің жеткізілімдері үшін өтемақы болмайтындығы жайында келістік», - деді Премьер-Министр.
Оның сөзіне қарағанда, 2 миллионға жуық мұнай өнімдері сырттан жеткізіледі.
«Мемлекет басшысы алғашқы кезекте Үкіметке бірінші тоқсан барысында тағы бір мұнай өңдеу зауытының құрылысы бойынша мәселені қарастыруды тапсырды. Сондықтан да біз осы мәселені талқылаудамыз», - деді Үкімет басшысы.