Еліміздегі сайлау учаскелерінің барлығы кезектен тыс Президент сайлауына сақадай сай– ОСК мүшесі Т.Охлопкова

АНА. 29 наурыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 3 сәуірге тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауының өтуіне санаулы күндер қалды. Кеше ҚР Орталық сайлау комиссиясы сайлауды бақылайтын халықаралық ұйымдардың және шет мемлекеттердің байқаушыларын тіркеуді аяқтады.

Осы орайда сайлауалды науқанының қалай жүріп жатқандығы және байқаушыларды тіркеу жұмысының қалай болғандығы туралы ОСК мүшесі Татьяна Охлопковамен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

- Татьяна Виталиевна, кеше ОСК кезектен тыс Президент сайлауын бақылайтын шетелдік байқаушыларды және халықаралық ұйымдардың байқаушыларын тіркеуді аяқтағаны белгілі. Байқаушыларды тіркеу қалай жүргізілді? Сол жайында айтып берсеңіз.

- Иә, кеше ҚР Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс Президент сайлауын бақылау мақсатында елімізге ұзақ мерзімге және қысқа мерзімге келген байқаушылардың барлығын тіркеуді аяқтады. Олардың барлығы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы негізінде тіркелді. Осылайшалдағы сайлауды ұзын-саны - 1059 байқаушы бақылайтын болады. Олардың 357-сі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтасты ұйымының Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы миссиясынан, 426-сы Тәуелсіз мемлекеттер достастығы миссиясынан, 13-і Шанхай ынтымақтастық ұйымының миссиясынан, 100-і төрт халықаралық ұйымдардан, сондай-ақ 25 шет мемлекеттен 163 байқаушы тіркелді.

Осы ретте айта кетерлігі, кезектен тыс Президент сайлауын тек байқаушылар ғана емес, олармен тең дәрежеде еліміздің Сыртқы істер министрлігінде тіркелген шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де бақылай алады. Қазіргі таңда Сыртқы істер министрлігінде уақытша және тұрақты тіркелген шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының саны - 212-ні құрап отыр. Орталық сайлау комиссиясы шетелдік және халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тіркеуді аяқтады. Ал Сыртқы істер министрлігі ақпарат құралдарының өкілдерін 3 сәуірге, яғни сайлау өтетін күнге дейін, тіпті сол күні де тіркей береді. Байқаушылардың құзырына келетін болсақ, біздің «Сайлау туралы» конституциялық заңымызда оған арналған тұтастай бір бап бар. Басқаша айтқанда байқаушылардың мүмкіндіктері өте зор. Халықаралық және шетелдік байқаушылардың құқықтық мүмкіндіктері еліміздің байқаушыларымен бірдей десе де болады.

Қазақстандық байқаушыларға келетін болсақ, 3 сәуірге тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауында саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің, Президентікке кандидаттардың сенімді өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері байқаушы бола алады. Ол үшін қазақстандық байқаушыларда өзі өкілдік ететін ұйымның куәлігі болуы керек. Куәлікте азаматтың сайлауды бақылауға құқы бар екендігі және оның аты-жөні көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ құжатты берген ұйымның мөртаңбасы мен оның жетекшісінің қолы болуы қажет. Ал сайлауды бақылайтын бұқаралық ақпарат құралы өкілінің редакция берген қызметтік куәлігі және редакцияның тапсырмасы екендігін растайтын қағазы болса жеткілікті. Осы құжаттардың барлығын растайтын байқаушының өзінің жеке куәлігі болуы керек. Орайы келгенде айта кетейін, біздің тәжірибемізде телеоператорды сайлау учаскесіне кіргізбей қойған кездер болды. Себебі оның аты-жөні редакцияның тапсырмасын орындаушылардың тізімінде болмаған. Осы тұрғыдан келгенде сайлау учаскесі өкілінің операторды сайлауға жібермей қойғандығы дұрыс шешім болып шықты. Бұл журналистер қауымының қаперінде болуы тиіс мәселе деп ойлаймын.

- Бұрынғы сайлауларда сайлау учаскелерінде болуы тиіс байқаушылардың санына шектеу қойылған жағдайлардың болғандығын білеміз. Бұл туралы не айтар едіңіз?

- Мұндай шектеулер шетелдік байқаушылар үшін емес, қазақстандық байқаушылар үшін қойылған. Жалпы сайлау туралы заңнамаға сәйкес, сайлау болатын күні сайлау учаскелерінде әр кандидаттың 1 сенімді өкілі мен 1 саяси партияның немесе қоғамдық бірлестіктің өкілдері болуы керек. Қазір еліміз бойынша 9 мың 725 учаскелік сайлау комиссиялары бар. Сондықтан сайлауды байқаушылар жеткілікті болады деген ойдамын. Сенімді өкілдерді аумақтық сайлау учаскелері тіркейді. Сондықтан кандидаттардың сенімді өкілдеріне аумақтық сайлау уачскелеріне хабарласып, сайлау өтетін күнге дейін, яғни 3 сәуірге дейін тиісті құжат алуларына болады. Президентікке кандидат сенімді өкілін өзі анықтайды және кандидат өзінің сенімді өкілінен бас тартуға немесе оларды сайлау күні басқа сенімді өкілдерімен алмастыруға құқылы.

- Сайлау учаскелерінің сайлауға дайындық барысы қалай?

- Жоғарыда атап өткенімдей, елімізде 9 мың 725 учаскелік сайлау комиссиялары бар. Олардың барлығы кезектен тыс Президент сайлауына дайындық жұмыстарымен айналысады. Олардың әрқайсысының 7 мүшесі бар. Қазір учаскелік сайлау комиссиялары сайлаушылардың тізімдерін нақтылау жұмыстарына кірісіп кетті. 18 наурыздан бастап, сайлаушылар тізімі танысу үшін қалың көпшіліктің назарына ұсынылды. Еліміздің әрбір азаматы өзінің тіркелген жері бойынша учаскелік сайлау комиссиясына келіп, өзінің сайлаушылар тізімінде бар-жоғын тексере алады. Егер сайлаушы 3 сәуір күні өзі тіркелген жерінен дауыс бере алмайтын болса, учаскелік сайлау комиссиясынан шығару куәлігін ала алады. Ол куәлік 2 сәуірге дейін беріледі. Осы куәлік арқылы еліміздің кез-келген жерінен дауыс беруге болады. Ал сайлаушы денсаулық жағдайының нашарлығына байланысты дауыс беруге келе алмайтын болса немесе ауру азаматты күтіп қарап отырған адам сайлауға келе алмаса, учаскелік сайлау комиссиясына өтініш беріп, сайлау күні дауыс беретін бюллетеньдер салынатын жәшікті үйіне алдырта алады. Бұл мәселе бойынша өтініштер сәуірдің 3 -і күні сағат 12-00-ге дейін қабылданады.

Мен осы сұхбатты пайдалана отырып, еліміздегі 9 миллионнан астам сайлаушыларға өтініш жасағым келіп отыр. Еліміздің азаматтары өздерінің азаматтық белсенділіктерін танытып, сайлаушылар тізімімен алдын ала танысқандары абзал болады. Себебі, қазір сайлау учаскелері өте қауырт жағдайда жұмыс істеп жатыр. Қазақстандықтар осы мәселеге түсіністікпен қарап, менің сөзімді назарға алады деген үміттемін. Еліміздің азаматтарын 3 сәуір күні сайлау учаскесіне келіп, өздері таңдаған кандидатқа дауыс берулерін сұраймын.

- Алматы мен Астана еліміздің өзге аймақтарындағы қалаларға қарағанда ерекше қарқынмен дамып отыр. Осы қалаларда сайлау учаскелерінің саны бұрынғысынша ма, жоқ әлде көбейді ме?

- Өзіңіз айтып өткендей, Астана мен Алматы еліміздің басты қалалары. Бұл қалаларға келіп-кетушілер де, тұрақтап қалушылар да жетерлік. Басқаша айтқанда, бұл қалалардағы миграция саласымен байланысты жағдай күнде өзгеріп отырады. Тиісінше аталған қалалардағы учаскелік сайлау комиссияларының саны да бұған дейінгі сайлаулар кезіндегіден көбірек. Сайлау учаскелері сайлауға дайын. Онда дауыс беруге арналған кабиналар да орналастырып, дауыс беретін үй-жай талапқа сай безендірілген. Жалпы біз Орталық сайлау комиссиясының мәжілістерінің бірін Астанадағы сайлау учаскелерінің дауыс беру күніне дайындығына арнаған болатынбыз. Онда көп ұсыныс, пікірлер, айтылды. Олардың барлығынан қалың көпшілік хабардар. Осы айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы учаскелік және аумақтық сайлау комиссияларына жолданды.

- Сайлауалды науқаны барысында үгіт-насихат құралдарын орналастыру мәселесі бойынша кандидаттар тарапынан ешқандай наразылық туындаған жоқ па?

- Кандидаттар тарапынан бұл мәселе бойынша ешқандай наразылық болған жоқ. Бұл ретте менің ОСК мүшесі емес, Қазақстан азаматшасы ретіндегі айтарым, бізге қазір өзге кандидаттардың емес, Мемлекет басшысының үгіт-насихат жұмыстарына күш салу қажет сияқты. Себебі өзге кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары өте жақсы жүріп жатыр. Олар туралы материалдар ақпарат құралдарынан күндіз-түні көрсетілуде. Ал Елбасы үгіт жұмыстарын жүргізуден бас тартты.

- Сайлауалды науқанына байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстарға шағымданған азаматтар бар ма ?

- Азаматтардан бас-аяғы 300-ден астам арыз-шағымдар түсті. Тек Астананың өзінен ғана 160 шағым түсті. Олардың басым көпшілігі Орталық сайлау комиссиясының құзырына мүлдем жатпайтын мәселелер. Бізге тіпті үлескерлер де шағымдануда. Біз, әрине, олардың мұң-мұқтаждарын түсінеміз, оларға жанымыз да ашиды. Бірақ бұл біздің құзырымыздағы мәселе емес. Сондықтан біз шағымданушы азаматтарға тек түсіндіру жұмыстарын жүргізумен ғана шектелуге мәжбүрміз. Оның үстіне, кейбір азаматтардың «мәселемізді шешіп бермесеңдер, кезектен тыс Президент сайлауында дауыс бермейміз» деген мазмұндағы мәлімдемелері қынжылтады. Себебі біз олардың мәселелерін шеше алмаймыз. Екіншіден, осындай қадамға барып отырған азаматтар өздерінің конституциялық ең маңызды құқықтарын шектеп отыр. Әрбір азаматтың басында өзіндік проблемалары бар. Ал елдің келешегі үшін аса маңызды осындай науқанды пайдаланып, қарақан басының проблемасын шешіп қалуға тырысу абырой әкелмейтін іс деп бағалаймын.