Еліміздегі «Жасыл экономикаға» бетбұрысты шетелдік сарапшылар ерекше атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада халықаралық X Астана экономикалық форумы өтіп жатыр. Тәуелсіздік сарайында жер жаһанның әр қиырынан келген мамандар, сарапшылар, кәсіпкерлер және Қазақстан Үкіметінің басшылары бас қосып, пікір алмасып жатыр.

Астана экономикалық форумы - жаһандық мәселелерді талқылауға және шешуге арналған іскерлік алаң. Өзінің ауқымы жағынан Еуразия кеңістігінде теңдесі жоқ бұл шара алғаш рет 2008 жылы ұйымдастырылған болатын. Өткен уақыт аралығында форумға 150 елден мыңдаған делегат қатысып, жалпы көлемі миллиардтаған долларды құрайтын маңызды келісімдер жасасты.

Бүкіләлемдік банктің «Қазақстан: елді жүйелі диаг­ностикалау» атты сессиясында сөз сөйлеген Бүкіләлемдік банктің Орталық Азия бойынша бас экономисі Христос Костопулос елді жүйелік диагностикалаудың тұсаукесер есебін жасады. Ол еліміздің өз тәуелсіздігіне ие болғаннан бергі даму жағдайына тәптіштей тоқталып өтті. Онда экономиканың дамуы алғашқы дағдарысты еңсергеннен кейін 10 пайызға дейін көтерілгені, одан 6 пайызға, бертін 1 пайызға дейін түскендігі, соңғы кезде қайта көтеріле бастағандығы, экономика саласында болған құрылымдық өзгерістер, 2007 жылдан бері экономиканы несиелеу көлемінің азая бастағандығы, экономиканы басқаруда мемлекеттің белсенді рөл атқарғаны баяндалды. Бас экономист елде жүргізіліп жатқан жекешелендіру үдерісіне қолдау білдірді. Интеграциялану үдерісін күшейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ, қоғамдағы оқшауланған топ мәселесін айтты. Оның қата­рына үй шаруашылығымен шұ­ғыл­данушыларды, жеке кәсіпкерлерді қосуға болады екен. Ендігі кезекте Үкімет осы топпен жұмыс істеп, олардың ұйымдасқан жұмысын жақсартуы, қоғамға қосар үлесін нығайтуға қол жеткізуі қажет. Басқа да бірқатар ұсыныс көлденең тартылды. 

Мұнан кейін Парламент Мә­жілісінің депутаты, Астана қаласы кәсіпкерлер ассоциациясының же­текшісі Павел Казанцев, Қазақстан салық төлеушілер қауым­дас­ты­ғының басқарма төрайымы Жанат Ертілесова сөз алып, өз ойларын ортаға салды. Басқосу соңы залдан түскен сұрақтарға жауап беруге, өзара пікір алмасуларға ұласты.

Жекешелендіру - даму драйвері Астана экономикалық фору­мы­ның аясында «Самұрық-Қазы­на» қорын жекешелендіру бағдарламасының өркендеуі және оның ел экономикасындағы рөлі» атты сессия өтті. Оны «Самұ­рық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма­сының төрағасы Өмірзақ Шөкеев ашып, құттықтау сөз сөйледі.

«Қа­зақстанда көлемі бойынша теңдесі жоқ жекешелендіру бағдарламасы іс жүзіне асырылғалы отыр. Оның басты мақсаты - ел экономикасында мемлекеттің қатысу үлесін 15 пайызға дейін төмендету. Бұл же­кешелендіру бағдарламасы бары­сындағы біздің басты мақсатымыз - экономикаға барынша мол инвестиция тарту. Ел экономикасын дамытуды жаңа сапалық дең­гейге көтеру», деді ол сөзінде.

Қазақстанда бұл жекешелендіру тізіміне 800-ге тарта компания кіріп отыр. Оның ішінде негізгі 215 компания «Самұрық-Қазына» қорының активтері болып табылады.  Осы сессияға қатысушы отан­дық және шет ел инвестициялық компаниялары өкілдерінің алдын­да «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ активі болып табылатын мем­лекеттік компанияларды жеке­ше­лендірудің ауқымы мен тәртібі туралы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ активтерін оңтайландыру бо­йынша басқарушы директоры Берік Бисенғалиев баяндама жасады. Оның айтуынша Қордың жекешелендіру нысандары Ас­тана мен Алматы қалаларында, Қазақстанның 14 өңірінде және 19 шет мемлекетте орналасқан. Қор елі­міздің ең ірі 6 ұлттық компаниясының акцияларын жариялы түрде сатылымға шығарады. Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз» ҰК», «Қа­зақстан темір жолы» ҰК», «Эйр Ас­тана», «Қазақтелеком», «Қаз­атом­өнеркәсіп» ҰАК», «Қазпош­та» акционерлік қоғамы кіреді.

Сессия отырыстарында жасыл қаржыны енгізудің әлемдік тәжірибелері талқыланып, Париж келісімін іске асыруды қолдау үшін Қазақстанның қаржы секторының әлеуетіне шолу жасалды.  Сарапшылардың пікірінше, жаһанды жаппай жасыл экономикаға көшіру оңай шаруа емес. Оған қажет қаржының да көлемі аз емес екен. Мысалы, 2030 жылға дейін бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін 19 трлн доллар қар­жы керек. Бұл анықталған нақты 103 бағыт бойынша жұмыстарды жүзеге асыруға жұмсалмақ. Ал Қазақ­станда қазіргі күні жасыл эконо­микаға айрықша бетбұрыс бай­қалады. Мұны пікірсайысқа қатысқан шетелдік қонақтар да ай­рықша атап өтті. Оның бір сарасы әлем көз тіккен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар дер едік. Инвестицияға икемді ел Астана экономикалық форумы аясында Қазақстанның ин­вес­тициялық саясаты егжей-тегжейлі ортаға салынып, «инвес­ти­циялық саясатқа екінші шолу» бағ­дарламасы таныстырылды.